Теміртауда полиция қызметкері күдікті болған жол көлік оқиғасы бойынша тергеу жұмыстары аяқталды. Материалдар сотқа жолданды, — деп хабарлайды ADYM.KZ Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.
Қарағанды облысы полиция департаменті бастығы Ерлан Файзуллин онлайн-режимде өткен халыққа есеп беру кездесуінде полиция сержантына қатысты сотқа дейінгі тергеудің аяқталғанын хабарлады.
«Полицей абайсызда жаяу жүргіншіні қағып кеткен. Қылмыстық істі тергеу аяқталды. Материалдар сотқа жолданды», — деді Ерлан Файзуллин.
Қарағанды облысы ПД баспасөз қызметі сержант оқиғаға дейін алкогольді өнімдерді қолданбағанын хабарлады. Ол сол кезде қалада тұман болуына байланысты жолдағы адамды көрмей қалған деп болжанды.