Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына қатысушы мемлекеттердің Сыртқы істер министрлері кеңесінің 27-ші отырысы алғаш рет бейнеконференция форматында өтті, деп хабарлайды Egemen.kz басылымына сілтеме жасап.
Отырыстың маңызды мәселелерінің бірі ЕҚЫҰ жаңа басшыларын – Бас хатшыны, ДИАҚБ басшысын, Аз ұлттар істері жөніндегі Жоғарғы комиссарды және БАҚ мәселелері жөніндегі өкілді сайлау болды. Министр М.Тілеуберді өз сөзінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалары туралы хабардар етіп, елдегі 2021 жылғы 10 қаңтарда өтетін Парламент Мәжілісінің сайлауына дайындық туралы әңгімеледі.
Қазақстанның Сыртқы істер министрі ЕҚЫҰ Астана Саммитінің 10 жылдығын атап өтіп, ортақ еуразиялық және еуроатлантикалық қауіпсіздік кеңістігін қалыптастыру үшін күш-жігерді жұмылдыруға шақырды. Отырыста Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастың ұйымының соңғы 6 айға созылған институционалдық дағдарысы аяқталғаны хабарланды. Ағымдағы жылдың шілде айында ұйымның барлық 4 басшысының – Бас хатшының, ДИАҚБ басшысының, Аз ұлттар істері жөніндегі Жоғарғы комиссардың және БАҚ бостандығы жөніндегі өкілдің мандаттары тоқтатылған-ды.
Ұзақ іріктеу және келісу процесінің қорытындылары бойынша қатысушылар ортақ шешімге келіп, онлайн режімде шара барысында жаңа басшыларды сайлады. Сайлау процесінің басынан бастап негізгі лауазымдардың біріне – ЕҚЫҰ Аз ұлттар істері жөніндегі Жоғарғы комиссары лауазымына (ЕҚЫҰ АҰЖК) – Қазақстан өзінің Швециядағы Елшісі Қайрат Әбдірахмановтың кандидатурасын ұсынды. Елші Қ.Әбдірахмановтың кандидатурасын ЕҚЫҰ-ға қатысушы елдер де қолдады. Осылайша ашық конкурста қазақстандық дипломат жаңа лауазымға сайланды. Қайрат Әбдірахмановтың Сыртқы істер министрі, БҰҰ жанындағы және ЕҚЫҰ жанындағы Тұрақты өкілі лауазымында айтарлықтай дипломатиялық жұмыс тәжірибесі бар.
Бұған дейін ТМД және Орталық Азияны қоса алғанда, «Венадан Шығысқа» қарай орналасқан елдердің өкілдері ешқашан ЕҚЫҰ басшылығының құрамында болмағанын атап өту керек. Қазақстанның көпұлтты және көпконфессиялы қоғамдағы бейбітшілік пен келісімді қолдау жөніндегі тәжірибесі нақ осы қазақстандық кандидатты таңдауға ықпал еткені сөзсіз.
Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді биылғы жылдың ұйым үшін оңай болмағанын мәлімдеді.
«3-4 желтоқсан күндері онлайн форматта Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Сыртқы істер министрлерінің 27-ші отырысы өтті. Ол жиында ұйымға қатысушы елдер оның мандатына қатысты маңызды мәселелерді талқылады. Өздеріңіз білетіндей, 2020 жыл ЕҚЫҰ үшін оңай болған жоқ. Себебі кейінгі жылдары бұл ұйым басшысыз жұмыс істеп келді. Атап айтқанда, шілде айында төрт басшының бәрі бірдей өз мандаттарынан айырылған болатын. Біз бұл кезеңге институционалдық дағдарыс ретінде қарадық. Бүгін бұл мәселе шешімін тауып, консенсус орнап, жаңа басшылар сайланды», деді Мұхтар Тілеуберді.
Оның айтуынша, Қайрат Әбдірахмановтың Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Жоғарғы комиссары лауазымына сайлануы – тарихи оқиға, өйткені ТМД мен Орталық Азиядағы елдердің ішінен бұл ұйымның басшылығына ешкім сайланбаған.
«Бұл тұрғыда Қазақстан Аз ұлттар істері жөніндегі Жоғарғы комиссар лауазымына тәжірибелі қазақстандық дипломат, біздің елдің Швеция мен Даниядағы елшісі Қайрат Құдайбергенұлы Әбдірахмановты ұсыну туралы шешім қабылдады. Қайрат Әбдірахмановтың ұсынылуын ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттер жылы қабылдады. Осылайша Қазақстан біздің кандидатура бойынша үлкен қолдауға ие болды», деп атап өтті министр.
Халықаралық ұйымың басшысына айналған дипломат енді ұйымның жарғысына сәйкес, өз еліндегі бүкіл ұлттық лауазымдардан босатылып, өз қызметінде тәуелсіз әрі объективті болуы керек.