Нұр-Сұлтанда әйел адам ер адам болып киініп, туыстарының үйіне кіріп, әшекей бұйымдарын ұрлап кеткен, — деп хабарлайды ADYM.KZ Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.
Полицейлердің мәліметінше, 39 жастағы әйел адам туыстары отбасымен үйде болмайтынын алдын ала білген. Сөйтіп үйдің кілтінің тағы біреуін жасап алған.
«Пәтерге кірер алдында бақылау камерасына түсіп қалмауды ойластырған. Оны ешкім танымауы үшін әйел адам ер адам болып киініп, жүрісін өзгерткен.
Туыстары қонаққа кетіп қалған кезде әйел адам ер адамның күртешесі мен бас киімін киіп, басқа киімдерін пакетке салып алған. Ер адам секілді жүріп, үйге қосымша кілт арқылы кірген. Әйел адам жалпы сомасы бір миллион теңге болатын әшекей бұйымдарды алып кеткен», — дейді полиция өкілдері.
«Жедел-тергеу шарасы кезінде күдікті ұсталып, әйел адам істеген әрекетін мойындады. Сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Алтын бұйымдар тәркіленді», — деді ПД өкілдері.