Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстандағы дәрігерлердің жалақысы 2023 жылға дейін 2,5 есе өсетінін айтты, — деп хабарлайды ADYM.KZ Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.
Қасым-Жомарт Тоқаев Nur Otan партиясының бағдарламасындағы екінші басымдық — дені сау интеллектуал ұлтты қалыптастыру екенін және жаңа жаһандық сын-қатерлерді ескере отырып, білім, ғылым, денсаулық сақтау, мәдениет пен спортқа шығындар ұлғаятынын айтты.
«Бұл адами капиталға, еліміздің болашағына салынатын стратегиялық инвестиция. Денсаулық сақтау саласын қаржыландыру көлемі ЖІӨ-нің кемінде 5 пайыз болады. Ықтимал жаңа эпидемияға дайын болуымыз керек. Бірыңғай ұлттық жүйені, оның ішінде цифрландыру, телемедицина, биологиялық қауіпсіздік инфрақұрылымын құру аяқталады. Нұр-Сұлтан мен Алматыда екі ғылыми-инновациялық көпсалалы клиника салынады. Еліміздің барлық облысында аймақтық медицинаны дамыту үшін 20 заманауи медициналық орталық саламыз. Облыстық ауруханалар мен перзентханаларды, ауылдық медициналық мекемелерді барлық қажетті құрал-жабдықпен қамтамасыз етеміз. Дәрігерлердің жалақысы 2023 жылға қарай 2,5 есеге өседі», — деді Мемлекет басшысы партияның съезінде.
«Салауатты өмір салтын насихаттау және бұқаралық спортты дамыту маңызды. Сондықтан балалар мен жасөспірімдер клубтарын шағын және орта қалаларда ғана емес, барлық ауылда ашу керек. Жаттықтырушы-мұғалімдердің жалақысын да өсіру қажет. Әр ауылдық округте спорт бойынша нұсқаушы лауазымы енгізілсін», — деді Тоқаев.