Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында Үкімет пен Ұлттық банкке жағдай ушыққан жағдайдағы халық пен салаларды қолдаудың қосымша шаралар пакетін әзірлеуді тапсырды.
– Біз бизнестің де міндеттемесін бақылауымыз керек. Бірінші кезекте, жұмыс орындары мен айлықтың сақталуына назар аударылуы тиіс. Үкімет пен «Атамекен» бизнес міндеттемесінің цифрлық тұрғыда бақылануы бойынша жұмысты 2 айдың ішінде аяқтауы керек, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
«Сондай-ақ мемлекеттік қолдау барынша тиімділікке жұмсалуы тиіс. Біз бюджеттік циклда тұрмыз. Қаржылық басымдықтарды айқындайтын мүмкіндік бар. Бастысы – экономика мен жұмыс орындары», — деді ол.
Айта кетейік, видеобайланыс арқылы өтіп жатқан жиында Үкімет 2020 жылдың алғашқы жарты жылдығындағы еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы туралы есеп берді. Сондай-ақ коронавирусқа қарсы күреске қатысты қабылданған шаралар, Мемлекет басшысының Үкіметтің алдағы уақытта атқаратын жұмысының негізгі бағыттары бойынша берген тапсырмалары мен міндеттері қарастырылды.