#Қазақстан

#Түркістан

#Мәдениет

#Тәуелсіздік30

#Руханижаңғыру

#Shymkent

#Covid-19

Редакция таңдауы

Елорда: Тарих және бүгін

Бүгін елімізде мерейлі мереке ел ордасы Нұр-Сұлтан қаласына 22 жыл.

Бүгін елімізде мерейлі мереке ел ордасы Нұр-Сұлтан қаласына 22 жыл. Ел жүрегі болған алып қаланың тарихында орын алған қызықты деректер мен қаланың көрікті жерлері жөнінде 22 мәліметті өздеріңізге ұсынамыз.

1. Қазіргі Нұр-Сұлтан қаласының аумағында көптеген ұлттар мен ұлыстар топтанған қала болғаны туралы деректер бар. 1998 жылы елордадан 5 шақырым қашықта археологтар орта ғасырлық Бозоқ қалашығын ашқан. Дәл осы Астананың аумағы жерінен Сібір – Орта Азия керуен жолы XVI ғасырда жүрген. Бозоқ Қыпшақ хандығының астанасы болған.

2. V-VII ғасырларда қазіргі Ақмола облысының аумағында негізі қарлұқ, қыпшақ және қимақ атты түрік тайпалар өкілдерінен құрылған Түрік қағанаты мен Батыс Түрік қағанаты қуатты тайпалық бірлестіктер дәйекті түрмен қалыптасқан.

3. Мұндағы ең көрнекті тарихи нысандардың бірі – орта ғасырлардан бастап (VII-VIII ғғ) Қазақ Хандығы дәуіріне дейінгі (XV-XVI ғғ) аралықта сайын даланың төрінде салтанат құрған Бозақ қаласының ежелгі орны.

4. 1820 жылы «Сибирский вестник» атты Императорлық Ресей журналында Иван Шангин орыс тау-кен инженерінің күнделігі жарияланған. Бұл күнделіктің беттерінде Шангин 1816 жылы бас штабтың тапсырмасымен Есіл мен Нұра өзендерінің аңғарын зерттеу кезеңінде, көне қаланың қираған жұртын тапқандығы туралы жазбалар бар.

5. 1832 жылы көркем Қараөткел шатқалында орналасқан ауыл Ақмола қалалық қорғанға айналған. Санкт-Петербург қаласында 1863 жылы басылып шыққан «Ресей империясының географиялық-статистика сөздік» беттерінде Орталық Қазақстанның жаңа қаласы туралы былай айтылған: «Ақмола – Есіл өзенінде орналасқан сібір қырғыздардың аймағындағы Ақмола өңірінің басты қалашығы. Бүкіл облыстың орналасқан жері жағынан орталық пункт бекеттік жолдармен шығыстағы Қарғалы қаласымен, оңтүстікте – Ақтау бекінісімен, батыста – Атбасар станицасымен, сол арқылы – Көкшетаумен байланысқан».

6. Қазақ халқының соңғы ханы Кенесары Қасымұлының әрі белсенді, әрі жігерлі әскери әрекеттері 1838 жылының көктемінде осы Ақмола бекінісінің қоршауымен басталған.

7. Польша ұлт-азаттық көтерілісіне қатысушы, поляк революционері Адольф Янушкевич 1843-1848 жылдары Қазақ даласында айдауда болды. 1846 жылы шекаралық бастық генерал Вишневский басқарған экспедиция құрамына еніп, Омбыдан қазақ даласына келеді. Теріскейін күнгейге дейін жүріп өткен ол қазақ даласының кіндік жұрты Қараөткел екенін қапысыз таныды. 1848 жылы 31 мамыр күні інісіне Аягөзден жолдаған хатында ол алдымен Аягөз шаһары туралы айта келіп, «Ақмола, мәселен, бүкіл қазақ даласының болашақ астанасы» деп тұжырымдайды.

8. Ал әйгілі орыс саяхатшысы, этнограф, фольклорист және публицист Григорий Николаевич Потанин (1835-1920) – қазақ халқының үлкен досы. Ұлт тарихы мен мәдениетіне өлшеусіз үлес қосқан Потаниннің атасы Илия Абылай ханмен хат алысып тұрған ірі мал саудагері болатын. Ал әкесі Николай географияны, әскери тарих пен ішкі саясатты ерекше білетін сауатты адам болған. Ол Шыңғыс Уәлихановпен тамыр болса, Григорий мен Шоқанның достығы аңызға айналды. «Қазақты аутономиа қылсақ, Қараөткел Алаштың ортасы, сонда университет салып, қазақтың ұлын, қызын оқытсақ, «Қозы-Көрпеш – Байанды» шығарған, Шоқан, Абай, Ақымет, Міржақыпты тапқан қазақтың кім екенін еуропа сонда білер-ау» дейтін Г. Потанинді Алаш арыстары қатты құрметтеген.

9. Қала өмірінің жаңа кезеңі өткен ғасырдың 60-ыншы жылдары басталды. 1960 жылдың желтоқсан айында қала Қазақстан солтүстігінің ірі орталығына айналып, 1961 жылы шаһар Целиноград атала бастады.

10. 1961 жылы Акмолинск қаласы Целиноград деген атау алып республиканың бірнеше ірі облыс кіретін тың жердің кіндігі деген атаққа ие болды. Сол уақытта Никита Хрущев бастаған Одақ басшылығы Қазақстанның астанасын Целиноградқа көшу мүмкіндігін шындап талқылаған.

11. 1997 жылғы қазанның 20-сында «Қазақстан Республикасының астанасы Ақмола қаласы деп жариялау» туралы жарлық шыққан. Ол жарлық 1997 жылы желтоқсанның 10-нан бастап Ақмола қаласы Қазақстан Республикасының астанасы болатынын жариялап, ал 1998 жылдың 10 маусымында ажаңа астананың ресми презентациясы болатынын мәлімдеді.

12. 1998 жылы ЮНЕСКО шешімі Нұр-Сұлтан қаласын «Бейбітшілік қаласы» деген атауға сай деп танып, медальмен марапаттады. Бразилияда өткен дүниежүзілік байқауда әлем бойынша 12 жас қаланың ішінен Астана жоғары атақты иеленді.

13. 1999 жылы Астана ЮНЕСКО шешімімен «Әлем қаласы» атағын алды.

14. 2019 жыл 20 наурыз күні Қазақтан Республикасының Президенті Қасым- Жомарт Тоқаев Астана қаласын Нұр-Сұлтан деп атауын ұсынды.

15. Нұр-Сұлтан – Азия елдерінің ішіндегі солтүстікте орналасқан қала. Нұр-Сұлтан – әлемдегі суық астаналардың қатарында. Ұлан-Батор қаласынан жылырақ, ал Оттавадан суық. Әлемдегі екі елдің астанасы Солтүстік Мұзды мұхит бассейнінде орналасқан. Моңғолия астанасы Ұлан-Батор қаласы Енисей, ал Нұр-Сұлтан Есіл өзенінде орналасқан. Қала жобасымен атақты жапон сәулетшісі Кисе Курокава айналысты.

16. «Астана-Бәйтерек» кешенінің биіктігі — 97 метр. Металл, әйнек және бетоннан тұрғызылған «бәйтерек ағашының» жалпы биіктігі 105 метр, салмағы 1000 тоннадан асады. Кешеннің үстіңгі жағында орналасқан алып шар диаметрі — 22 метр, салмағы — 300 тонна. Алып шар «хамелеон» әйнектерінен жасалған. Күн сәулесінің түсуіне байланысты шар түсі ауысып тұрады. Жоба сәулетшісі — Норман Фостер.

17. «Атамекен – Қазақстан картасы» этно-мемориалды кешені. Ашық аспан астындағы «Атамекен – Қазақстан картасы» этно-мемориалды кешенінде қазақ жерінің сұлу табиғаты бейнеленген. Картада 14 облыс және Нұр-Сұлтан мен Алматы қалалары орналасқан. Қазақ жерінің табиғи-климаттық аймақтары, ландшафт, сәулетті көркем ғимараттары мен көлік жолдарын көруге болады.

18. «Қазақ елі»мемориалды кешені. Мәрмәр монумент — кең-байтақ Қазақ жері мен оның халқының бірлігін, болашақта көркейіп, дамуының белгісі. Биіктігі 91 метрге жететін монумент Қазақ елінің 1991 жылы егемендік алғанын бейнелейді. Монумент шыңында алып құс Самұрық, төрт жағында «Алғашқы Президент пен Қазақ халқы», «Қаһарман», «Болашақ» және «Жасампаздық»қола барельефтері қашалған.

19. «Хан-шатыр» сауда және ойын-сауық орталығы. Танымал британ сәулетшісі Норман Фостердің жобасымен салынған. Қала орталығында бой көтерген бұл орталық салмағы 2300 тонна болатын металл қондырғылардан тұрғызылған. Шатыр биіктігі 150 метрге дейін жетеді, сыртқы жағы тұтас әйнектермен қапталған.

20. Думан ойын-сауық орталығы. 2003 жылы мамыр айында жұмысын бастаған бұл кешенде мұхитаралы, 5D-кинотеатр, үлкен күмбезді кеңістік, сауда нүктелері мен тамақтану орындары бар. Бұл ТМД-дағы алғашқы мұхитаралы бар үлкен кешен. Су қоры 3 миллион литрге жететін мұхитаралда теңіз жәндіктерінің 100-ден астам түрі мекен етеді.

21. «Отан Ана» кешені. Жоңғар шапқыншылығы мен Ұлы Отан Соғысы кезінде ерлікпен қаза тапқан жандардың құрметіне салынған. Ұзындығы 24 метрді құрайтын мемориал ортасында граниттен тұрғызылған таста алтын шара ұстаған әйел бейнеленген. Қолындағы шара тыныштық пен гүлденудің белгісі. Барельефтің оң жағында кеңес әскерлері, ал сол жағында жоңғар шапқыншылығында қаһармандық танытқан қазақ батырлары бейнеленген. Төменгі жақта мәңгілік алау орналасқан.

22. Қаладағы декоративті мүсіндер жөнінде айтар болсақ Нұр-Сұлтан қаласының басшылығы суретшілер, дизайнерлер және сәулетшілердің арасында үлкен байқау ұйымдастырды. Шарт бойынша байқауға қала көркін ашатын жобаларды ұсыну керек еді. Байқау аяқталған соң, үздік деп танылған жобалар Астана көшелерінде орын алды. Қоладан тұрғызылған мүсіндер әр қилы болғанымен, оларды барлығы қаланың сәнін кіргізіп, көпшілік қауымның сүйікті демалыс орындарының біріне айналды.

Соңғы жаңалықтар