Қарағанды облысында әскери ғимарат құрылысына бөлінген қаражатты жымқыру күдігімен басқарма өкілдері ұсталды.
Бұл туралы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі 1-ші департаментінің аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі Данияр Бигайдаров айтып берді.
«Қарағанды облысындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет ҚР Қорғаныс министрлігі ҚР Қарулы күштерінің әскерді пәтерге орналастыру бас басқармасы капиталды құрылыс басқармасының лауазымды тұлғаларына қатысты сотқа дейінгі тергеуді бастады. Олар іс жүзінде орындалмаған жұмыс ауқымы үшін орындалған жұмыс актісіне қол қою арқылы «Жезқазған қаласының жеке радиолокациялық ротасының кешенді ғимараты» нысанының құрылысына бөлінген 92 млн теңгені жымқыруда күдікті болды», — деді Д. Бигайдаров Facebook желісінде өткен онлайн брифингте.
Спикердің айтуынша, сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр. ҚР ҚПК 201-бабы 1 бөлігіне сәйкес тергеу мүддесі үшін өзге ақпарат жарияланбайды.