…Ақырын басып болпылдап,
Көн етігі қолқылдап.
Оқудың кеткен қиюы,
Тянь-Шанның диюы –
Еркінім қайда жүр екен?!
(Жақан Сыздықов, 50-жылдары жазылған «Жазушылар шілдесі» толғауынан).
Ақын Еркін Ібітанов! Біз ауыл балалары бұл есімді өте ерте естідік. Шығармашылығына да кішкентай күнімізден тәнті болып өстік. Өйткені, сонау 50-жылдардың аяғынан бастап ол кісімен бір ауылда тұрған едік. Әлі есімде, мектебіміздің жанында колхоз клубы бар-тын. Міне, соған қарай апта аралатып, ұзын бойлы, кең иықты жігіт кетіп бара жататын. Сөйтсек, сонда жергілікті халық театры құрылып жатқан екен ғой. Ұстаздарымыздың сабақ арасындағы сөздеріне қарағанда, жаңағы ағай бір жағынан аудандық газетте жұмыс істеп, екінші жағынан аяғын енді ғана апыл-тапыл басқан жас өнер ұжымына жөн-жоба көрсетіп жүрген жан болып шықты.
Сондай күндердің бірінде мектеп ауласындағы тақтаға хабарландыру ілінгені бар. Онда: «Бүгін сабақтан соң ақын Еркін Ібітановпен кездесу болады. Оған осы білім ұясы ұжымындағы мұғалімдер мен 4-8 сынып аралығындағы оқушылардың қатысуы міндетті», – деп жазылған еді. Айтылған уақытта жиналыс та басталған. Әдебиет пәнінің оқытушысы Бәтімхан Жазылбекова апайдың таныстыру сөзінен кейін сахнаға бойшаң келген ер адам көтерілді. Қараймыз – таныс бейне. Мектеп жанынан жиі өтіп жүрген баяғы ағай. Даусы қарлығыңқы шыққанымен, өте зор екен. Сол екпінді үнімен жиналғандарға өткен жылы Алматыдан жас ақындардың «Көктем тынысы» атты ұжымдық жинағы шыққанын айтты. Оған өзінің де 4-5 өлеңі кірген екен. Бірақ аталмыш кітап ауылға келмей, бір дәрігер досы қаладан тауып алып келгенін, сөйтіп ол таяуда ғана қолына тигенін сөз етті. «Сол жинақ, міне!» – деді сахнада тұрған ақын оны елге көрсетіп. Зал дүр ете түсті. Өйтпегенде ше?! Бәріміз де оқулықтағы суреттері мен туындылары жансыз күйдегі емес, өлең жазатын тірі ақынды және кітабындағы төл топтамасын өзі ұстап тұрған қалам иесін тұңғыш көріп отырмыз ғой. Содан не керек, бұл әсерлі жиынның соңы Еркін ағаның шабыттанып тұрып табиғат жайлы өлең оқуына ұласты. Жұртты өзіне ұйытқан ол шумақтардың алғашқысы: «Оралып күн сапарынан кешегі, Кең төскейге мол сәулесін төседі. Тау басында үлбіреген ақша бұлт, Бір шоқыдан, бір шоқыға көшеді», – деп басталды. Ал одан кейін: «Шық моншағын жылтыратып ырғала, Жарқабақта жалғыз қурай тұр дара. Кілегей мұз тоңазыпты жағалай, Түн ызғары аунап кеткен жылғаға», – дегенге ұласып, аяғы былай бітті. «Мамық тұман толтырып боп ылдиды, Өрге қарай жер бауырлап жылжиды. Су алған қыз сылдырлатса шелегін, Арғы бетте елік үркіп ырғиды…»
…Міне, осыдан кейін біздер, мектеп оқушылары Еркін ағаның кім екенін білдік. Білгеннен кейін көшеде көрсек сәлем беріп, аудандық газетте шыққан дүниелерін оқып жүретін болдық. Ең бастысы ол кісіге деген сол кездегі ел сүйіспеншілігі болатын. Оған негіз де жоқ емес еді. Неге десеңіз, жоғарыдағы, яғни, 1959 жылғы қанатқақты топтамадан кейін, 1961 жылы ағамыз ақындардың «Жырға сапар» деп аталатын ұжымдық жинағына кірсе, 1963 жылы «Қойшылар» өлеңдер жинағы жеке кітап боп шықты. Ал 1965 жылы біздің ұлттық төл әдебиетіміз өмірінде үлкен оқиға болды. Ол – «Қазақ кеңес ақындарының антологиясы» атты қос томдық еңбектің алғаш рет өмірге келуі еді. Міне, сонда, осы жыр жауһарлары жинағына Еркін Ібітанов та кіріп, оның екінші томы ортасынан ойып тұрып орын алған-ды.
Осының бәрі жеті-сегіз жыл мұғдарындағы оқиғалар-тын. Сол аз ғана уақытта арындап шығып, айналасын өзіне жалт қаратқан адуынды ақынға кім таңданбасын?! Таңырқамасын?! Бәрі де қызыққан. Қуанған. Талантына табынып, риза болған. Сол кезде ғой халық ақыны Қалқа Жапсарбаевтың академиядағы алқалы жиында бата беріп, Жазушылар одағындағы көркемдік кеңес додасында Тайыр Жароковтың оның жаңа қолжазбасын жарыққа шығару үшін тақымға баса тартып алып шығатыны. Ал осымен бір мезетте ақын шығармашылығына талдамалы мақалалар жазып, поэмаларына радиоинсцинировка жасаған және эпиграф алған руханият өкілдері қаншама?! Сөзіміз жалаң болмас үшін бұған Әбіш аға Кекілбаевтан бір мысал келтірсек, соның өзі жеткілікті ғой деп ойлаймыз. 1968 жылы Әбекеңнің атақты «Дала балладалары» кітабы жарыққа шықты. Онда «Ханша дария хикаясы» атты туынды бар. Оның шекесіне автор: «Бұл өзі әлде шындық, әлде өтірік, Ақиқатын білетін адамдарды, Уақыт өзі жіберген көрге тығып», – деген өлең жолдарын эпиграф етіп қойған. Ол ақын Еркін Ібітанов шығармаларының бірінен алынған шумақ еді. Осының өзі көп жайды аңғартпай ма?!
***
…Жоғарыдағы жәйттер, құрметті оқырман, біздің бала кездегі ауылда көріп, білгендеріміз еді. Кейін ержетіп, мектеп бітірдік. Қалаға кетіп, КазГУ-дің студенті атандық. Сондағы журфакта жылына бір рет келетін өндірістік практика бар-тын. Сол тәжірибе жинақтауды өзіміздің аудандық газетке келіп өтеп жүрдік. Онда Еркін ағаның бөлім меңгерушісі кезі. Ол кісімен таныстығымыз және пікірлесіп сөйлесуіміз міне, сол кезден басталды деуге болады. Ақынмен арадағы әңгімелер одан кейін де үзілген емес. Бұл сыр-сұхбаттар түрлі тақырыптарға ұласып, күні кешеге дейін жалғасып келді. Қазір ойлап отырсам, солардың ішіндегі 4-5 оқиға оқырмандарға өзіміз сөз етіп отырған кейіпкеріміз өмірінің беймәлім беттерінен мол мағлұмат беретін сияқты.
Мысалы сонау 40-жылдардағы өзінің балалық шағы туралы ағамыз кезінде аудандық газетте жарық көрген «Ол да бір дәурен еді» эссесінде жақсы айтқан. Бірақ бұл кісінің одан кейінгі бозбала, жігіт шағындағы деректер өте аз. Тіпті, жоқтың қасы деуге болады. Ал ол уақыт Ерекеңнің КазГУ-ге оқуға түскен, Алматыдағы әдеби ортаны көріп, өнер және мәдениет өкілдерімен араласа бастаған тұс. Бірде ақыннан осыны, яғни, 50-60-жылдар аралығындағы өмірі жөнінде сұрай бастағанымда:
– Білесің бе? – деді. – Мен ауылда туғаныммен, мектепті Алматыда оқыдым. Академик Кеңес Нұрпейісов бар емес пе? Міне, сол ағаң екеуміз 8-сыныпта бір партада отырғанбыз.
– Қалай?
– Әкем Жұмаділдің Масғұт Беласаров деген немере ағасы болды. Ертеректе оқу іздеп ауылдан Алматыға барып, сонда тұрып қалған ғой. КазГУ-де сабақ беріп, академияда жұмыс істейтін ол кісі өте мейірімді-тін. Жазда елге демалуға келгенде: «Қала мұғалімдерінің білімі терең. Балаңыз сонда оқысын. Басқа жер, бөтен ортаға түскеннен кейін ізденбеске, алға ұмтылмасқа әддісі қалмайды», – деп мені Алматыға алып кеткен. Масғұт ағайдың айтқаны рас болып шықты. Мұнда оқыған кезімде ширап, өзіме деген жеке жауапкершілігім артты. Соның арқасында бірден КазГУ-ге түсіп кеттім. Курстастарым кілең ауыздығымен алысып, жер тарпыған жүйріктер. «Олар кімдер еді?» – дейсің бе? Тұманбай Молдағалиев, Қадыр Мырза-Әлі, Нұрғожа Оразов, тағы басқалар.
Кейіпкеріміздің мына сөзін естігенде ойыма ақын Қадыр Мырза-Әлі айтқан бір әңгіме оралды. 1992 жылдың қыркүйек айы еді. Әдебиет пен өнер өкілдерінен құралған отыз шақты адам Маңғыстауда жүргенбіз. Жұмысымыз – сол жылы Жоғарғы Кеңесте қабылданатын «Мәдениет туралы» заң жобасына байланысты Үстірттегі ежелгі ескерткіштердің жай-күйін білу. Біз мінетін автобуста Қадыкең де бар екен. Атақ-абыройы асқар таудай ағамызбен бірге жүру – мәртебе. Алдынан қия өтпейміз. Әдеп сақтап, айтқан әңгімесін үнсіз тыңдаймыз.
«Еркін ағаң қалай? – деді менің Нарынқолдан екенімді білген ол кісі бір күні. –Ібітановты айтамын да». «Аман. Ауылда жүріп жатыр», – деп жауап бердім сауал иесіне. «Екеуміз курстаспыз. КазГу-дің филология факультетіне қатар түскенбіз, – деді де. – Алғашқы оқу жылының жазғы, яғни, екінші семестрі еді, – деп бір әңгіме бастады. – Емтихандарын тапсырып біткен қыз-жігіттер үйлеріне кетіп жатты. Ал менің ауылым болса алыста. Оның үстіне қалтам да жұқа. Барып келуге жағдай көтермейді. «Не істесем екен?» – деп жүргенімде, Еркіннің: «Біздің елге барайық», – дегені. Ол уақытта Алматы облысының аудандарына автобус жүрмейді. Жол да қиын еді. Соған қарамай таң атар атпастан қаладағы көкбазар шетіне барып, Шелек, Кеген, Текеске қарай жүретін жүк машиналарын күттік. Әрең дегенде біреуіне ілігіп, түн ортасында Қарасазға жеттік. Әкесі Жұмаділ Шалкөде жайлауында қойшы екен. Еркін мені сонда әкеліп тастады да өзі жоқ болды. Содан қайтарға дейін оны көрмедім. Сөйтсем, мен барған күні оның мектепте оқыған досы көрші ауылдан қыз алып қашыпты. Еркін соларға ілесіп, милициялардың дауы мен құдалардың қуғыншы тобын бітістірумен әуре боп жүрген ғой. Маған оның сонысының өзі рахат болды. Жеке дара Шалкөденің саф ауасын құшырлана жұтып, тау өзенінің мөлдір суы сылдырын тыңдап, керемет демалдым. Жұмаділ әкеміз (оның әкесі менің де әкем ғой) баласының жоғалып кеткеніне ұялады. Көңілімді аулау үшін ат ерттеп беріп, Айғайтасты көрсетеді. Кінәлі ұлының өтеуі ретінде: «Қонақ бала, бұл саған арналған», – деп екі күнде бір қозы сояды. «Іш, қарағым! Бойыңа қуат береді» – дейді де мес толы қымызды жаныма қояды. Сөйтіп тамағым тоқ, көйлегім көк болып студент кезімде Шалкөдеде жарты ай жүргенім бар.
Қоян жылғы бұл оқиғаны қозғап отырғаным, інішек, мынаған байланысты. Қазір білмеймін, Еркін жас кезінде көпшіл еді. Жаны нәзік, ақкөңіл де аңғал-тын. Ардың-гүрдің мінезі бар, жүріс-тұрысы ебедейсіздеу, кейбір сөзі түйеден түскендей тік оның бойына құдай жоғарыдағы айтқан ғажап қасиеттерді қалай қабыстырып бергеніне таңғаламын. Таудың аңғал-саңғал сайы сияқты тумысынан кең, мол жаратылған оның сол дархан көңілі ғой, жатақханада жалғыз қалған мені аяп, ауылына ертіп апарып жүргені. Кездессең сәлем айт, жарай ма?! Аман-сау жүруіне тілектеспін, әманда».
…Газет-журналдардағы жарты ғасырға жуық өмірімде мен әдебиеттегі аға ұрпақ өкілдері арасынан Еркін Ібітановты көрген, білген Қадыр Мырза-Әлі секілді тұлғалармен көп кездестім. Сондағы бәрінің айтатыны: жақсы сөздер мен жылы лебіздер. Оларды басқа мақалаға арқау етуге уәде бере отырып, құрметті оқырман, енді ақын өмірбаянының сол 50-60-жылдардағы тағы бір белгісіз тұстарына қайта оралайық. Бұл бағытта ертеректе ол кісіден екі нәрсені білгенім бар. Оның біріншісі: «Атақты тарихшы Ермұқан Бекмаханов 1952 жылы қудаланып, Алматыдан алыстағы Нарынқол ауданына жай мұғалім болып барады. Ол кезде сіз оң мен солыңызды біліп, ес тоқтатқан 17 жастағы жеткіншексіз. Ендеше, ғалымның сол уақыттағы сіз бен біздің ауылда өткізген өмірінен не білесіз?», – деген сауал-тын. Ал екіншісі: «Тұңғыш кітабыңыздың алғаш жарық көргенін және не туралы екенін біз жақсы білеміз. Себебі, ол кезде әріп танып, әжетке жарап қалған мектеп оқушысымыз. Ал, республикалық баспасөз бетінде шыққан алғашқы өлеңіңіз жөнінде олай дей алмаймыз. Өйткені, ол уақытта мына ініңіз балабақшаға енді барып жүрген бүлдіршін болуы бек мүмкін. Сонымен… Айтыңызшы, сіздің республикалық деңгейдегі басылымдарға шыққан тұңғыш өлеңіңіз… Ол қашан, қалай жарық көрген еді?» – деген сұрақ болатын.
«Масғұт Беласаров деген туысымның Алматыда тұрып, КазГУ-де жұмыс істегенін бұдан бұрынғы бір әңгімеде айтып едім ғой, – деп бастаған болатын жоғарыдағы сауалдардың алғашқысына Ерекең.
– Міне, сол кісінң де 1952 жылғы Ермұқан Бекмахановтың монографиясына байланысты өрбіген дау-дамайда басы бәлеге қалды. Айыбы – академияда өткен жиында атақты ғалымды жақтап сөз сөйлегені. Содан отырса опақ, тұрса сопақ болған ол кісі қудаланып, Павлодарға кететін болды. Мұны естіген ауылдағы әкемнің зәресі зәр түбіне жетті. Өйткені, 1937 жылы үш ағасы «халық жауы» атанып, репрессияның 1948 жылғы екінші толқынында өзі де партиядан шығарылып, мұғалімдіктен қой бағуға кеткен ол кісі қорықпағанда кім қорықсын… Сондықтан қаладағы маған: «Оқуың құрысын. Ауылға қайт. Алматыдағы айғай-шу басылғанша қасымда бол. Сабағыңды кейін көре жатарсың», – деп құлағымды сарсытумен болды. Содан не керек, түрлі «Одиссей оқиғасын» бастан кешіре жүріп, оқуымнан «отсрочка» алдым да Қарасазға аттандым. Тілін алып, үйге келгеніме әкем мәз. Бірақ учаскелік милиционер маза бермейді. «Бұл шекаралы аудан. Әке-шешең осында болғанымен, құжатың қаланыкі. Сондықтан аудандық ішкі істер бөліміне барып тіркелуің керек», – дейді дікіңдеп. Сөйтіп жүріп бір аптадан кейін мені және Герхард есімді неміс кісіні колхоздың Сарыжазға бара жатқан шанасына салды да жіберді. Қасымдағы адамды білемін, бұл соғыс жылдарында отбасымен Еділ бойынан айдалып келген адам. Тәртіп бойынша ай сайын Нарынқолдағы әскери комендатураға барып белгіленіп тұрады екен.
Түс ауа Сарыжазға жетіп, аудан орталығы жаққа баратын көлік аялдамасына бет алдық. Бізге дейін мұнда бір адам тұр екен. Қараймыз, бұл жердікі емес. Киім киісі мен жүріс-тұрысы және өзін-өзі ұстауы ерекше. Қолындағы шағын шабаданы да өзгеше. Бәрі де оның жолға әбден әзірленіп шыққан жан екенін аңғартқандай.
– Машина қазір келеді, – деді біздің сәлемімізді ықыластана алған әлгі ағай. – Мен Алматыдан соған отырып келе жатырмын.
– Шамасы асханаға тамақтануға кеткен ғой…
– Жоқ. Ол өзі үстіне ауыл дүкендеріне қажет тауарларды тиеген көлік екен. Жүргізуші соларды жол бойындағы әр елді мекенге түсіріп келеді. Мені: «Қоймаға кіруге болмайды. Сіз осында тоса тұрыңыз», – деп қалдырып кетті. Қазір кеп қалар.
Сөйткенше «Сельпоның» ауласынан шыққан абажадай «ЗИС» те жанымызға ыңырана келіп тоқтады. Бейтаныс ағай кабинаға кірді де біз Герхард екеуміз кузов қорабына шығып, жүктердің қалқасына ықтай отырдық. Содан Төтенің белі мен Қайнарды басып өтіп, Текеске жеткенімізде жүргізуші үшеумізді тағы да түсіріп тастап, қоймаға бет алды. Осы кезде жаңағы жолаушы маған жақындап келіп: «Нарынқолға қанша қалды, інішек?» – деді. «15 шақырым», – деп жауап бердім мен. «Сондағы Қонаевтардың отбасын білесің бе? Отағасыны танымаймын. Қаладағы жолдастарым сол үйге барып түс. Атымызды айтсаң, дұрыс қарсы алады деп еді маған», – деді. «Білемін, аға!» – деп жауап бердім мен. – Баласы Бодан – құрдасым. Абыржымаңыз. Сұраған кісіңіздің үйіне өзім ертіп апарамын».
…Жә, сөзімді осы жерден үзейін де, енді әлгі жұмбақ жолаушының кім екенін айтайын. Ол жер ауып келе жатқан тарихшы Ермұқан Бекмаханов болып шықты. Бұрын көрмегендіктен қайдан білейін… Тағдырлы тұлғамен Сарыжаздан Нарынқолға барар жолда бұлай кездесемін деп… Ол енді үш ұйықтасам түсіме кірмеген жәйт. Кейін көктем шыға құрдасым Боданға жолығып қап сұрасам: «Ой, несін айтасың!.. Әкейдің айтуынша ол қонақ сондай үлкен, құрметті адам екен. Екі айдай біздің үйде тұрып, орта мектепте сабақ берді. Сол жерде Бердібек Соқпақбаев ағай да мұғалім ғой. Екеуі шұрқырасып табысыпты. Содан олар жұп жазбай жүргенде, ғалымды орган қызметкерлері Алматыға қайтадан алып кетті», – деді.
Ермұқан Бекмахановтың Нарынқолдағы күндері туралы білетінім осы, айналайын. Ал: «Республикалық баспасөз бетінде жарық көрген тұңғыш өлеңіңіз. Ол қай басылымға қашан шыққан еді?» – деген сұрағыңа келетін болсам, – деді сөз арасында сәл үзіліс жасаған Еркін аға. – 1954 жылы КазГУ-дің 2-курс студенттері біздер ауыл шаруашылығындағы күзгі жиын-терінге қатысу үшін Павлодар облысының Бесқарағай ауданына бардық. Бидай екі бастан ғой, мұнда одан өзге тары, қарақұмық қаулап тұрып өседі екен. Сол жылы қырман осы дақылдардан қозғала алмай қалды. Ол уақытта тың игерудің дабылы жер-көкті жарып тұрған кез. Сол ұранның және егін алқаптарындағы соғыстан кейін болып көрмеген мол өнім қуанышының әсерімен «Тың туралы толғау» атты өлең жаздым. Оқырманға айтқан ондағы ойым: «Мен өкіметтің тың игеру жөніндегі бастамасын сөз емес, нақты істерден көрдім. Оның айқын дәлелі бұрынғы тусырап жатқан даладағы жайқалып өскен ғажап егін. Ұран мен үгіт-насихаттың өмірде жүзеге асқанын осыдан байқадым», – деген идея еді. Міне, сол өлеңді «Лениншіл жас» газеті айғайлатып тұрып басты дейсің. Бұл 1954 жылдың қазан айы болатын. Содан біраз уақыт өткен соң табиғат туралы жазған өлеңдерімді «Әдебиет және искусство» (қазіргі «Жұлдыз») журналына апарғаным бар. Ол «Тянь-Шань эскиздері» деген атпен 1956 жылы ақпанда жарық көрді. Бар-жоғы 4 өлеңнен тұратын топтамам оқырмандарды өзіне жалт қаратқаны!.. Ақындар Қуандық Шаңғытбаев пен Тәкен Әлімқұлов қатты қуанып, «Қазақ әдебиетінде» жылы лебіздерін білдіргені бар.
***
…Осы әңгімеден соң Ерекеңмен біразға дейін кездесудің сәті түспеді. 2005 жылы ғана Райымбек батырдың Қарасазда өткен 300 жылдығы тойында жүздесіп қалдық. Жиын аяқталған соң Нарынқолға бірге қайттық. Сонда жолшыбай ойымда жүрген тағы бір-екі сауалға жауап алу үшін сөзге тартқанымда: «Мұның біріншісін Әбіштен сұра. Кекілбаевты айтып тұрмын. Авторларың ғой. Айтуы тиіс, – деді. – Ал, одан кейінгі сұраққа келсек… Мархабат, оған қазір-ақ жауап берейін. Ретіне қарай көрерсің…
«Егеменнің» редакциясына бір келгенінде Әбекеңе Еркін ағаның жоғарыдағы сәлемін жеткізгенім бар. Сонда: «Ә, ол рас, – деді. – Академиядағы 1960 жылғы халық ақындарының айтысы ғой. Иә, Еркін оған қатысқан. Оны айтпас бұрын алдымен мен бұл ағаңды тұңғыш рет қалай көргенімді баяндайын.
1959 жылдың қысы. Алматыдағы орталық кітапхана. Қаптаған қалың оқырманның арасында емтиханға дайындалып отырмын. Бір мезетте үлкенді-кішілі ақын-жаузышлардың сау етіп кіріп келгені. Кездесуге шақырылған екен. Араларында кімдер жоқ дейсің. Сәбең, Сәбит Мұқановтан бастап, Тайыр, Ғали, Дихан ақындар мен ғалымдар Қажым Жұмалиев және Есмағамбет Ысмайылов, бәрі-бәрі бар. Қонақтар қарсы алдымызға жайғасып бола бергенде, кітапхана директоры таныстыру рәсімін жасады. Сөйтті де Сәбеңе сөз берді. Ол кісі таяуда шетелге барып келген екен. Сол сапарын айтып, одан алған әсерін баяндады. Содан соң барып жанындағы Ғали Ормановқа: «Бастай бер», – дегендей иек қақты.
Осыны күтіп тұрғандай-ақ Ғалекең: «Әй, әлгі бала қайда?» – деп есік жаққа көз тікті. Сол сәтте ентелей басып, алдыға асыға адымдаған жас жігіт көрінді. Залдағы құжынап отырған көп кісіге көзі түсіп, шын пейілін білдіргендей тісін ақсита күліп қойды. «Е, міне, келді! – деп қуанды Ғали аға: – Көп ұзамай автобусы жолға шығады екен. Ауылына бара жатыр. Асығыс. Алдымен осы жас періге кезек берейік! Қане, Еркін! Ортаға шық. Оқы!»
Құлағым елең ете түсті. «Ібітанов… Еркін Ібітанов! – дедім ішімнен. – «Әдебиет және искусство» журналында жарық көрген «Тянь-Шань эскиздері» топтамасының авторы». Осылай күбірлеген күйі мінбедегі оған ынтыға көз тіктім. Даусы зор, өлең оқығандағы екпіні алапат. Жұрт аң-таң. Өйткені, оның жыр жолдарындағы: «…Кей бастың қалқасында, Кей бастар таса қалған. Кей бастың «арқасында», Кей бастың шашы ағарған… Қорашы, қоңдысы бар, Осалы, оңдысы бар. Байқаңыз кей бастардың, Ішінде бомбасы бар…» – деген ойлар сол уақыттағы өлшеммен алып қарағанда тың. Тосын. Ақынның соғыс жайлы келесі кезектегі: «Сағым боп кеткен, сансырап кеткен сан арман, Тағдырлар бопты-ау алапат өрттен жаралған. Туған жерінен бұйырмаса да топырақ, Туған жеріне тас болып қайта оралған. Тегіне теліп артында қалған тұяқты, Өлгеннен кейін өмірден өлмес сый апты. Жетімдер мен жесірлердің көз жасы, Сұп-сұр тас болып қашалып қалған сияқты. Гүлдерге бөлеп, айқындап басқан әр ізді, Қанменен өтеп, ардақтап ақ сүт парызды. Апайтөстерін апатқа тосқан боздақтар, Тастүйін тұрып тіріліп кетер тәрізді…» – деп келетін өлең жолдарына жұрт тіпті таң-тамаша қалған еді. Себебі мұндағы әр сөйлемнің күш-қуат экспрессиясы ерекше. Қара өлеңге шабуыл жасалып жатқан сол кездегі жағдаймен бағамдағанда поэзиялық ырғақ та өзгеше. Ал, одан кейінгі оқыған өлеңдері ше? Олардағы сөз қандай?! Әр теңеуі кісіні есеңгіреткендей. Сол сөздерінде жатқан мән қандай?! Бейқамдыққа бой алдырып бара жатқан жандарды ұйқысынан оятып, дүр сілкіндіргендей.
Ол өлеңдерін оқып бола бергенде, кітапхананың оқу залы ішін сатырлаған шапалақ үні көміп кетті. Жігіт бұл қошеметке асқан да жоқ, тасқан да жоқ. Елге бір жымиып күліп, басын изеген күйі есікке қарай бет алды. Содан бастап адуын да албырт ақын есімнен шықпай қойды. Көз алдымда кітапханадағы бізге кешегі «Тянь-Шань эскиздерін» жазған жас талап иесі емес, кесек ойлы, кең құлашты шоң ақын келіп кеткендей болды.
– Сөйтіп жүргенде, – деді Әбекең осы арада ойын жинақтағандай болып. – Алматыда халық ақындарының айтысы өтетін болды. Бұл 1960 жыл. Онда біз 3-курстамыз. Республика академиясы қолға алған бұл шараны ел елеңдей қарсы алды. Өйткені, айтыс соңғы рет 1943 жылы өтіпті де одан кейін тоқтап қалған екен. Мына қадам Үкіметтің сол олқылық орнын толтыруға арналған игі ісі сияқты.
Міне, республикамыздың түпкір-түпкірінен 30-ға жуық ақын келген сол сөз сайысына жұрт көп дәме артты. Ол кезде Жамбыл тобындағы ақиықтардың бірен-саран көздері әлі бар еді. Соның куәсіндей болып халық ақыны Қалқа Жапсарбаев қазылар мүшесі болып Мұхтар Әуезовпен төрде қатар отырды. Сол күндері бір топ әдебиетші жастарға, оның ішінде студент мен де бармын, ақындардың айтысын кезек-кезек қағазға түсіріп отыру тапсырылған-ды. Дода ә деп басталғанда жұрттың назары Семейден келген, орта жастағы көзі зағип жанға бірден ауды. Ғажап талант иесі екен! Елді керемет риза етті. Бірақ содан кейінгі жұптардың екпіні бәсеңси бастады. Оны Мұхаң да байқаған сыңайлы. Өңі қарақошқылданып, барған сайын түнере түсті.
Бір уақытта сахнаға Алматы мен Талдықорғаннан ақындар Еркін Ібітанов және Тұсынзада Есімжановтың шығатыны хабарланды. Екеуі де жазба поэзияның өкілдері. Баспасөзде жарияланып жүрген танымал есімдер. Мұхаң: «Бұл қалай болады?» – деді ғой деймін, Есмағамбет Ысмайыловқа бірдеңе деп жатты. Сол кезде жұрт алдына жайраңдап қос ақын шыға келді. Ел дуылдата шапалақ ұрды. Ет қызуымен екі жас пері бір-біріне сөзбен шот салып жатыр. Аянар емес, біресе Талдықорған, енді бірде Алматы басым түседі. Айтыс барған сайын қыза берді. Екі ақынның екеуінің де азу тістері қайраулы тұрған балтадай. Қарш-қарш етеді. Уақыт таяп қалды. Кім жеңері әлі белгісіз. Бір кезде бусанып, арқасы әбден қызып алған Еркін мал қыстатудағы кемшіліктерді қазбалап кеткен Тұрсынзадаға: «Мұз қатып, аяз қысқан ала қыста, Шөп сұрап келмей-ақ қой, пожалуйста!» – деп қолын бір сілтеп, ұшып тұра келгенде, риза болған жұрт қиқуласып өре түрегелді. Залда ес жоқ. Шапалақты аямай ұрып жатыр. Ұрып жатыр!
Үзіліс жарияланды. Біздің желкеміздегі үлкен бөлмеге самауыр қойылыпты. Сыйлы қонақтарға әзірлеген шай-ау, шамасы. Соған қарай өтіп бара жатқан Мұхтар Әуезов жүзі жадырап, қасындағыларға: «Соңғы екі жігіт жарады. Баяғы айтыстарда осылай айтысқан ғой. Былайғылар үйден дайындап әкелген бірдеңелерін айтқандай болады. Бір шатысып кетсе, қайтып үйірге қосыла алмай, бос сандалады. Бұл бетімен жібере берсек, бір кездегі даңқы асқан айтыстың өзін де таба алмай қалуымыз мүмкін-ау. Бізге соңғы жұптағы жаңағы екі жігіт сияқты ақындар керек. Айтысты жандандыру солардың қолында енді», – деді.
…Еркін ағаның: «Оны Әбіш айтсын. Себебі ол мұны жақсы біледі», – дегені жоғарыдағы оқиға еді, құрметті оқырман. Енді ақынның: «Ал екінші сауалыңа келсек…Мархабат, оған қазір-ақ жауап берейін», – деп басталатын сөзін баяндайық. Бұл: «Атақты жерлесіңіз Мұқаң, Мұқағали Мақатаев туралы осы күнге дейін ұмытылып жүрген не бар? Әңгіме өзіңіз білетін жәйттер туралы, әрине», – деген сауалдан өрбіген ой еді.
«1964 жылы мен аудандық мәдениет үйінде қызмет істеп жүрдім, – деп бастады бұл туралы әңгімесін ақын аға. – Ол Кеген мен Нарынқолдың қосылып, бір аудан болып тұрған кезі еді. Ұмытпасам мамыр айы болуы керек, жұмыс орныма мені іздеп Мұқағали келді. Амандық-саулық сұрасқаннан кейінгі ұққаным, ақынды елге облыстық «Жетісу» газеті жіберіпті. Редакцияның Мұқаңа берген тапсырмасы өте қызық тақырып болып шықты. Ол атақты жыр дүлдүлі Ілияс Жансүгіровтің сол жазда аталып өтілетін 70 жылдық тойы қарсаңында тұғыры биік тұлғаның 1927 жылы Қарқараға келіп, «Жетісу суреттері» атты өлеңдер циклын жазатын сапарына байланысты екен. Алдағы уақытта газетке шығуға тиіс ол материалда: «Ілекең сонда кімдермен кездесіп, қай жерлерді аралаған? Сонда ақынға кімдер жол көрсетіп, қандай ақыл-кеңес берген? Ол адамдар қазір бар ма? Бар болса Ілияс Жансүгіров туралы естерінде не қалды екен?» – деген мәселелер қамтылуы тиіс болып шықты. Мұқаң іссапардағы осы талаптарды айта келіп: «Берілген тапсырманы екеуміз бірігіп орындасақ қайтеді?» – деді маған салмақ сала. «Жарайды», – дедім мен. Содан іске кірісіп кеттік. Бір апта бойы Кегеннің батысындағы Жалаңаш, Саты, Бөлексазды аралап, одан Қарқарадағы қарттармен кездестік. Мыңжылқы, Лабасы, Шөладыр да қағыс қалған жоқ. Соның өзінде деректер аздау ма, қалай? Ойымызда әйтеуір бір нәрсе жетіспей тұрған сияқты. Осылай келе жатып аудан орталығындағы поштаға соққанымызда, алдымыздан Сұраншы Сауранбаев ақсақалдың кездесіп қалғаны!.. Ескіше оқыған кісі. Шежіре жинаушы жан. Райымбек баба өмірін зерттеуші адам. Кеңес өкіметінің елең-алаң шағында ағарту саласына араласып, ауылда мектеп ашқан азамат. Жергілікті жерлерде артельдік бірлестіктер құрған басшы. «Халық жауы» боп келгеннен кейін біржолата ұстаздық кәсіпке бет бұрып, зейнетке шыққан қария.
Міне, осы ақсақал біздің іссапарымыздың жай-күйін білгеннен кейін Сарыжаздағы үйіне ертіп апарды. Қонақ етіп отырып, Ілекең жөніндегі әңгімелерін ағыл-тегіл ағытты дейсің. Білсек, 1927 жылы ақынға жолбасшы болған үш адамның біреуі осы Сұраншы аға екен. «Жетісу суреттері» циклында «Жер түгі» атты тарау бар, – деді сөз арасында үй иесі. – Сонда Лекеңнің осы өңірде өсетін 30 түрлі ағаш пен 60-қа жуық шөп, қурайдың, барлығы 90 түрлі өсімдік атауын келтірген. Солардың бәрін ақын біз ертіп апарған көнекөздерден ерінбей-жалықпай сұрап, дәптеріне жазып алып отырды ғой».
Содан не керек, бір апта бойы өзіміздің ел аралап жинағанымыз бар, Сұраншы қарияның майын тамызып отырып айтқаны бар, солардың бәрін Мұқаң екеуміз ретке келтіріп жазуға отырдық. Мақала біткеннен кейін оны «Жетісуға» поштамен салып жібердік. Сөйттік те Қарасазға демалуға кеттік. Сол материал 1964 жылдың жазында аталмыш басылымда «Жыр жортқан жолдармен» деген тақырыппен жарияланды. Мұндағы айтайын дегенім, Мұқағали Мақатаев пен менің фамилиям тұрған әлгі жолсапар жазбада Ілияс Жансүгіровтің Қарқарадағы күндері туралы тың деректер бар. Сол ұмытылмаса, сендердің естеріңде жүрсе деген ой.
***
2009 жылдың көктемі еді. Елден: «Еркін аға сырқаттанып жатыр», – деген хабар келді. Жұмыстан шыға алмай, әне барамын, міне барамын деп жүргенде жаз болды. Ақыры маусым айының ортасында Астанадан Нарынқолға жетіп, ақынның көңілін сұрауға бардым. Ауырып жатқан кісінің жағдайы белгілі. Сырқат жанына батса да аңқылдай қарсы алып, хал-жағдайымды сұрап жатыр. Жанында көп отырдым. Жалғызсыраған болуы керек, біраз әңгіме айтып, көңілі көтеріліп қалды. Кетерімде ғана қабағы кірбің тартты. Қимайтын сияқты. Жастығының астын сипалап төрт-бес парақ қағазды қолына алды. «Тұманбай ағаңа арнап жазылған толғау хат еді, – деді жанары жасаурап. Сөйтті де: «Бұл менің ең соңғы өлеңім болар-ау шамасы», – деп маған оны оқып беруге кірісті. Толғау шағын-шағын төрт бөлімнен тұрады екен. Үнсіз тыңдап отырмын. Туындының соңғы шумақтары ойымда бірден жатталып қалды. Санамда әлі сайрап тұр. Ол: «Ей, Тұмаш! Еркініңнің күйі міне, Қатер бұлты төбеме түйілуде. Көңілдегі көк кептер ұшып кетті, Бір дерт бар… Қадалып тұр бүйіріме… Қысқасы қолың тисе бір келіп кет!.. (Сен мұны «әңгіменің» түйіні де)… Шен таққан шекпеніңді шешіп тастап, Баяғы Тұмашым боп кір, үйіме! Кір үйіме…» деп аяқталды. Ағамыз толғауды оқып болды да: «Әкел, маңдайды!» – деді қайраттанып. Мен төсекке еңкейіп, басымды идім. Сол сәтте шекемнен шөп еткізіп бір сүйді де: «Ал, енді бар. Қарайлама… Қош бол!» – деді. Мына сөзді естігенде енді менің жанарым жасаурап, көңілім алай-дүлей болып кетті. Сол күйі есікке қарай бет алдым…
…Арада алты жыл өтті. Наурыз айы туа Әбекең, Әбіш ағаның ауылдағы әпкесі қайтыс болыпты деп естідік. Ел аяғы сиреген бір-екі аптадан соң көңіл айтуға бардым. «Жасы сексеннен асқан кісі еді. Бала-шағасының алдында, елде бақилыққа аттанды. Келгенің рахмет, қарағым», – деген Әбекең біздің ел-жұрт – Нарынқолды, ондағы Еркін ағаның отбасын сұрады. Мен бұл сауалға қадери-халімше жауап беріп, биыл, яғни, 2015 жылы жазда ақынның 80 жылдығы екенін есіне салдым. «Солай ма? Иә.., иә, Еркін 1935 жылғы еді ғой. Олай болса бір естелік мақала мойнымда. Аруағы риза болсын. Жазайын!» – деді ойланып. Сөйтсем, Әбіш аға 1989 жылы Орталық комитетте сектор меңгерушісі болып жүргенде, қызмет бабымен Нарынқол ауданына барған екен. Ел жақсы қарсы алыпты. Жазушы сонда Хан-Тәңіріні көріп, досы Еркін Ібітановпен армансыз сырласқан. Сөйтіп жақсы әсермен қайтыпты.
Арада үш ай өткенде редакцияға Әбекеңнің айтқан мақаласы да келді. Оны біз «Егемен Қазақстанның» 24 маусымдағы «етжеңді» нөміріне «Хан Тәңірінің баурайында» деген тақырыппен жақсылап тұрып бердік.
Естелікте мынадай жолдар бар: «Нарынқолдан аттанар күндегі шыға берістегі шырғанақ тоғайына тоқтағанымыз әлі есімде. Сонда Еркін біздер бірге болған күндердің ішінде бірінші рет келіншегіне сөз берді. Талдырмаш денелі, әдеміше келген Алтынкүл сәт-сапар тілеп, «Гауһартас» әнін сұңқылдатты. Сонда Еркіннің баяғыда халық театрында жүргенде жүрегін арбаған сиқыр дауыспен алғаш рет таныстым. Небір саңлақтар шырқаған әсем ән қазақ жерінің қиян түпкірінде жатқан шалғай ауылда мұншалықты тұнық шырқалады ғой деп кім ойлаған?! Алтынкүлдің қолынан сипап, Еркіннің мойынынан құшақтадым.
Одан бері де көп жылдар өтті. Сосын қайтып кездескен жоқпыз. Тәңіртаудың арда емген арғымақ ұлы туған жердің төрінде қалды. Топырағың торқа болсын!»
Мақала міне, осылай аяқталады. Содан кейін бес айдан соң Әбекең де дүниеден озды. Бұл Алаш абызының «Егеменде» жарық көрген ең соңғы көлемді дүниесі еді. Осы туындысы арқылы Әбекең замандасы Еркін Ібітановқа үлкен ескерткіш орнатып кетті. Оны біз ұмытпаймыз.
Жанболат АУПБАЕВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.
«Ана тілі» газеті