Осыдан тура екі жыл бұрын Елбасы – «Nur Otan» партиясының төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тарихи Жарлығымен Шымкент қаласына республикалық қала статусы берілгені баршаға белгілі. Еліміздегі үшінші мегаполис атанған Шымкент осылайша дамудың жаңа сатысына қадам басқан болатын.
Арада өткен екі жылда Шымқаланы көркейту мен дамыту жолында ауқымды жұмыстар атиқарылды.
Адамзат дамуының ядросы – ірі қалалар, заманауи мегаполистер десек, біздің сүйікті қаламыз күн өткен сайын сол атқа лайықты болып келеді. Ол «ақылды», «жасыл» әрі қауіпсіз қала атанады.
Соңғы жылдар бедерінде Шымкентте заманауи инфрақұрылым қалыптасып, жаңа шағынаудандар, көрікті ғимараттар, зәулім тұрғын үйлер, мәдениет, спорт және әлеуметтік нысандардың қатары көбейіп келеді.
Алдымызда асқақ мақсаттар тұр. Келешек 5 жылда Шымкентте 3 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі. Бұл 47 мыңнан астам отбасы қоныс тойын тойлайды деген сөз.
Мұнан бөлек жаңадан 5 емхана мен 5 аурухана және 28 мектеп салынады. Қосымша 19 мектепте қосалқы ғимараттар бой көтермек. 2025 жылға қарай қалада газдандыру мен ауыз сумен қамту мәселелері толық шешімін табады.
Жаңадан екі бірдей индустриалды аймақ ашылып, көптеген инвестициялық жобалар жүзеге асады. Нәтижесінде қаламызда 80 мың жаңа жұмыс орны құрылады.
Қадірлі шымкенттіктер!
Қаламыздың көркеюінде әрбір тұрғынның үлесі бар. Осынау еселі еңбектеріңіз үшін Сіздерге алғысымды білдіремін!
Біз осынау асқақ мақсаттар мен биік белестерді ырысты ынтымақ пен берекелі бірліктің арқасында бағындырамыз!
Баршаңызды Қала күні мерекесімен тағы да құттықтаймын! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болып, әрбір шаңырақтан қуаныш пен бақ-береке кетпесін!
Күн нұрына бөленген шырайлы қаламыздың әрбір таңы арайлы болғай!
Бахадыр Нарымбетов,
«Nur Otan» партиясы Шымкент қалалық
филиалы төрағасының бірінші орынбасары.