#Қазақстан

#Түркістан

#Мәдениет

#Тәуелсіздік30

#Руханижаңғыру

#Shymkent

#Covid-19

Редакция таңдауы

Түркістанда онлайн форматта «Мәңгілік даңқ» акциясы өтті

Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде онлайн режимде Жеңістің 75 жылдығына арналған ерекше форматтағы акция тікелей эфирде өткізілді.

Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде онлайн режимде Жеңістің 75 жылдығына арналған ерекше форматтағы акция тікелей эфирде өткізілді. Жеңістің тарихи мәнін кейінгі ұрпаққа ұғындыру, соғыс пен тыл ардагерлерінің ерліктеріне тағзым және үлгі алуға бағытталған шара 3 сағатқа созылды. Акция мемлекеттік Әнұранмен ашылып, университет ректоры Болатбек Абдрасилов пен профессор Досай Кенжетайдың жүргізуімен ғылыми, әлеуметтік, қоғамдық сипатта жалғасты.

Өз сөзінде университет ректоры көрермендерді Жеңіс күнімен құттықтап, бұл атаулы оқиғаның тарихи маңыздылығын атап өтті. Отанымыз — Қазақстан Республикасының сенімді қадамдармен жандануы мен қарқындап дамуына, бүгінгі тәуелсіздік тұғырының берік болуына 1945 жылғы 9 мамырдағы Жеңістің әсерінің мол екенін айтты. Түркістандықтардың да Ұлы Жеңіске қосқан үлесі туралы сөз қозғап, Кеңес Одағының батырлары болған ағаларымыздың аттарын атап өтті. Ардагерлеріміз жас ұрпағымыз үшін ерлік, елдік, батырлықтың нағыз үлгісі. Кемел келешегіміз бен жарқын болашағымыз үшін білімді жастары мен білікті мамандары бар Қожа Ахмет Ясауи университеті атынан бас иіп, құрмет көрсететінін жеткізді. Сонымен қатар, соғысқа қатысқан жақын туғандары туралы, соғыста хабарсыз кеткен ағаларын қалай іздегенін және іздеу барысында атасымен бірге 43 қазақ жауынгерінің Украинаның Зеньков қаласын азат ету шайқасында қаза болғаны туралы дерекке қол жеткізгенін тілге тиек етті. Түркістан өңірінен сол шайқасқа қатысып, қаза тапқан жауынгер — жерлестердің туысқандарына іздеу салғанын, Жеңіс күнінің қазіргі жас ұрпақты тәрбиелеудегі  маңыздылығын айтып өтті.

  Түркістан қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Ж.Құлбайымбетов,  Ясауи университеті Ардагерлер кеңесінің төрағасы Б.Нахипов, Желтоқсан көтерілісінің ардагері, университеттің доценті Б.Сердалымен болған сұқбаттардың да берері мол. Тарих ғылымдарының докторы, профессор Ж. Артықбаев тікелей эфирден Ахмет Ясауи университетінің бұл игі іс- шарасына жоғары баға беріп, Жеңістің Тәуелсіз Қазақстан үшін қай тұрғыдан бағалы екенін, тарихи сипатын атап өтті. Қан майданда қаза тапқан бабаларымыздың ерлігі ұрпақ үшін үлгі. Бұл соғыста Кеңес Одағының Батырлары ең көп қазақ халқынан шықты. Ұсынылып, ол атақты ала алмағандар да қазақтың ер жүрек азаматтарынан болуы — тарихымыз үшін үлкен баға. Бұл жағдайларды жастарға түсіндірудің ғылыми, педогогикалық негіздеріне тоқталды.

   Эфир барысында университет оқытушылары мен қызметкерлерінің ата-әжелерінің, аға-апаларының соғыс, тыл шебіндегі ерліктері мен еңбектері туралы деректер, фотосуреттер түріндегі естеліктер көрсетілді.

  Сонымен қатар, Zoom платформасы арқылы Қырғызстан, Өзбекстаннан ғалымдар, Аида Эгамбердиева, Мээрим Кулбаева, Баходир Каримов сияқты филология, тарих ғылымдарының докторлары эфирге арнайы қосылып, Жеңіс күніне арналған пікірлері мен құттықтауларын жеткізді. Семей, Екібастұз, Алматы қалаларынан қосылған жас ғалым, университет докторанты Арай Қанапияқызы, Жасұлан Омаров секілді әлеуметтік желі белсенділері іс-шараны тікелей эфирден тамашалап, алғыстарын айтты. Сонымен қатар, университет ғалымдары Жеңіс күніне арналған онлайн режимдегі бұл іс-шарадан алған әсерлерімен бөлісті.

  Акцияны тікелей эфирден жүргізген ғалым Досай Кенжетай соғыссыз өмірдің мағынасын ғылыми деректер мен тарихи дәйектер арқылы тарқатып жеткізді. Университет студенттері жолдаған патриоттық топтық әндері де эфирде көрініс тапты. Акция соңында тікелей эфирге қосылған студенттер мен қонақтар қосылып, «Жеңіс күні» , «Атамекен» әндерін бірлесе шырқады.

Қ.А. Ясауи атындағы ХҚТУ-да ұйымдастырылған «Мәңгілік данқ» атты акцияны көрермендер онлайн режимінде оқу ордамыздың әлеуметтік желілердегі парақшалары мен Yassawi TV Youtube каналынан тамашалады.

Соңғы жаңалықтар