Атыраудан Мақтааралдағы су тасқынынан зардап шеккендерге гуманитарлық көмектер келді. Алып жүк керуені 2 күн бойы жол жүріп келген.
Атыраудан 160 тонна азық-түлік, киім-кешек пен гигиеналық заттар тиелген гуманитарлық көмекті жеткізу үшін 6 жүк көлігі, 20 «Газель» мен 2 жеңіл көліктен құралған керуен сапар шеккен.
«Екі тәулік шамасында атыраулық ағайынның аманатын Мақтааралға жеткіздік. Сонымен қатар, Атырау қаласы халқынан бөлек, мұнайлы өңірге қарасты 7 ауданның жастары жинаған 15 миллион теңге Мақтарал ауданының халқына беріледі. Талай қиындықты халқымыз бірліктің арқасында жеңген. Бұл сынақты да бірге өткереміз. Біз біргеміз!», — деді керуенді бастап келгендер.
Атырау облысы әкімдігінің қолдауымен Мақтааралға көмек көрсету мақсатында арнайы қорға қаржы жиналған. Сонымен қатар, қажетті тұрмыстық заттар, киім-кешектер, төсек-орын жабдықтары жасақталған. Үлкен бизнесмендерден бастап қарапайым халыққа дейін қолындағы барын әкеліп берген.