#Қазақстан

#Түркістан

#Мәдениет

#Тәуелсіздік30

#Руханижаңғыру

#Shymkent

#Covid-19

Редакция таңдауы

Ел шетіндегі ауылдың ертеңі не болмақ?!

Биыл мамыр айы Мақтааралдықтардың жадында ұзаққа дейін сақталары анық.

Биыл мамыр айы Мақтааралдықтардың жадында ұзаққа дейін сақталары анық. Тосыннан үй-жайды тастай қашып, жан сауғалауға мәжбүр болғандар қорқынышының сейіле қоюы қиын. Бір сәтте 6000-нан аса тұрғын алай-дүлей келген тасқынмен беттесті. 845 шаңырақ су астында қалып, 5 елдімекенің халқы үдере көшті. Бұған диқандардың маңдай тері сіңген егістік алқаптарын қосыңыз. Нәпақасын жер анадан айырып отырған жергілікті халық осыған дейін керісінше, ағын судың тапшылығын сезініп, егіні бітік шықпай әбігерленсе, енді су астында қалып қиналды. Өкініштісі қос елдің арасындағы тиімді келіссөздің жоқтығын шаруалар талай рет шырылдап жеткізгенді. Осы өңірдің тізгініне келген талай басшының тісі батпаған проблеманың бірі де осы еді. Тек шешім ұсынып, әрекетке көшу кейінге шегерілумен келгенді. Міне, салдары – төтенше жағдайға ұласты.

Жоғарыда айтқан әрекетіміз төтенше жағдайдан «соң» басталды. Дабыл қағылған соң шекарадағы Мақтааралға шен мен шекпен кигендер шұғыл жетті, артынша техникалық күш жұмылдырылды, қажетті шаралар қабылданып қос елдің арасындағы келіссөзге қадамдар жасалды. Тәулік бойы эвакуациялық пунктерді паналаған халыққа – халық көмекке келді. Ұл-қызының ертеңі үшін, -деп тиынан-тиын құрап отырған тұрғындар барынан айырылып, енді не болады? Қалай күн көреміз? Бала-шағаммен қайда барам деген сынды сауалдардың ортасында қалды. Ересектер тіршіліктің қамын жеп түңілгенде, балалар туған жерім, ыстық ұям енді жоқ,-деп іштей тығылды. Сөзімнің айғағы әлеуметтік желіде тараған «Асыл арнаның» кезекті құнды дүниесіндегі кішкентай періштенің әжесі мен туған ауылына деген махаббатын жеткізген бірер минуттық құнды дүниесі. Бұл көп ішіндегі бір ғана мысал. Осы толғанысты санмыңдаған балғын бастан кешіргенін жоққа шығара алмаймыз. Әрине көз алдында өткені, балалық шағының куәсі болған шаңырағы жоқ болғаны…. өте ауыр.

Бір жұма ішінде нақты әрекеттерден нәтиже шыға бастады. Қауіпті індетпен қатар күрес жүріп жатқанда орын алған төтенше жағдайға қарамастан, көмекке ұмытылғандар көп болды. Азық-түлік, киім-кешек, төсек-орын, тұрмысқа қажетті заттардың қоры жинақталды. Іштей өзі сайлап, еліміздің ертеңі үшін деп сенім артқан тұлғаның жанынан табылуын қалаған халықтың көңіліне «біз біргеміз» деп өзгелердің ниет білдіргені де демеу болды. Енді жалпы көзқарастан нақты істің көрінісіне шолу жасасақ. Сонымен, ендігі халыққа нақты қандай көмек берілмек?

Ең әуелі, ауылын су басқан 6127 адамға 100 мың теңгеден беріледі. Мұнда қазіргі есеп бойынша 845 отбасы бар.

Екінші, мемлекет әрбірі 100 шаршы метрді құрайтын 1030 үйді жаңадан тұрғызып береді. Бұдан бөлек орташа бүлінген баспаналарға жөндеу жүргізеді. Ескі үйлері тұрған жер телімдері тұрғындардың өздеріне қалады.

Үшінші, бүгінгі есеп бойынша 7,7 мың гектар алқапта егістік бүлінген. Онда егілген бақшалықтың түрлері мен шығындары есептеліп, ол да толық төленеді.

Төртінші, суда қалып өлген мал түгелденделіп, оның да құны нарық бағасына сай өтелмек.

Бесінші гуманитарлық көмектер толығымен көрсетіледі.

Алтыншы, А. Усмановтың қоры аудан бойынша эвакуацияға ұшыраған тұрғындар үшін 5,2 млн $ аударды. Бұл 2,3 млрд теңге 30 420 адамды құрайтын 5202 отбасының әрқайсына 1000 АҚШ долларынан үлестіріледі. Сондай-ақ Болат Өтемұратов 150 үй салу үшін 6 миллион доллар қаржы бергені тағы бар.

Сонымен, төтенше жағдайдың салдарымен күрес қарқынды жүріп жатыр. Бірақ, халықтың көкейіндегі келешекте қауіп жоқ па?-деген сауал жауапсыз қалып отыр. Бұл жағдайдың қайталанбасына кім кепіл? Қауіптілігіне қарамастан 2010 жылы «Сардоба» су қоймасының құрылысы басталғанда есептеспеген ала тақиялы ағайынмен тағы да «абырой – ортақ, мүдде – бір, сыйластық мәңгі» деп бітімгерлікке келіп, проблеманы жылы жауып, болашақ ұрпақтың өмірін қауіпке тікпейміз бе?

Су бетінде қалқыған қара қазанның мына көрінісі еріксіз ойға шомылдырады. «Қазаның оттан түспесін», «Қазаның толы болсын» деп ырыс-берекенің бастауын қара қазанмен байланыстырған халқымызда қазаннан айрылу құт-берекеден айрылумен тең саналған. Кешегі Махамбет ақынның да «Қара қазан, сары бала қамы үшін қылыш сермегені», Түркістандағы Тайқазанның құнды жәдігер саналғаны тектен-тек еместі. Ел аузында тараған әңгімелерде де үйдегі қайғылы оқиғадан хабар беру үшін қазанды төңкеріп койған деседі. Не десек те бір қарағаннан көп жайтты аңғартқан бейнеге себепкер болған апаттың ел жүрегінен ұмытыла қоймасы анық.

Айтпақшы осы мақаланы жариялаймыз деп біраз әбігерлендік. Себебі білдей аудан орталығы Мырзакентте ғаламтор нашар. Расында бүлдіршіндердің ғашықтықтан оқуға мәжбүр екендіктерін көріп, ана тілінде емес өзбек тілінде теледидар қарап жүрген жерлестеріміздің тағдыры біраз ойлантты. Сапалы бәсекелестікке қабілетті ұрпақты осылай тәрбиелеп отырғанымыз өкінішті. Біздің мақсатты шеттен тұрып сынау деп емес, болашақтың қамы үшін тер төгуге шақыру деп ұққан жөн. Жоғарыда айтылған мәселеге алып қосарыңыз, өз нұсқаңыз болса ой қалдырыңыз.

Фото авторлары: М.Шағырбаев, С.Мырзалиев

Соңғы жаңалықтар