Большевизмнің қас дұшпаны ретінде билікпен ымыраға келмей шетел асқан Алаш арысына таңылған айыптар бұл кезеңде негізінен Түркістан легионы төңірегінде өрбитін еді. Бұл жайында тіпті, «социалистік реализмнің» аясында көркем шығармалар жазылып, қаралау науқанына түрлі бәйгелер беріліп жатты.
Еліміз егемендік алып, тарихтың ақтаңдақ беттері біршама ашылып, Алаштың ардақты ұлдары ақталып жатқан тұста Мұстафа Шоқайға қатысты ойлар да басқаша өрбіп, жаңа деректермен толысқан тарих көздері ақиқат сырларын аша түсті. Дегенмен, Мұстафа Шоқайға және оның мұрасына сын көзбен қарайтындар, тіпті сыңаржақ идеологияның әсерімен әлі күнге қаралайтындар да жоқ емес. Сондықтан, Алаштың ардақты ұлы жайында ақиқатты білу үшін дәйекті дерекке жүгінгеніміз абзал.
Мұстафа Шоқайдың фашистік билікпен байланысы бар ма еді? Оның фашизмге, ал, әсіреұлтшылдардың Шоқайға деген көзқарасы қандай еді?
Ең баста айта кетерлік жайт, Мұстафа Шоқайдың және большевиктерден теперіш көріп шетел асқан эмиграциядағы түрлі ұлт жетекшілерінің ұйытқы болуымен құрылған «Промете» қозғалысы фашизмге әу бастан күмәнмен қарап, соғыс өртінің тұтанып кетуіне әрдайым алаңдаушылық білдіретін еді. Расында, 1939 жылы қыркүйек айында фашистік Алманияның Польшаға басып кіруімен бірге, осы «Промете» қозғалысы ең маңызды қолдаушысынан айрылды. Өйткені кеңестік жүйеге қарсы күресіп жүрген ұлт өкілдері маршал Пильсудский кезеңінен бастап Польша үкіметіне арқа сүйейтін еді. Ал 1940 жылы неміс әскерлерінің Парижге басып кіруімен бірге қозғалыс мүшелері мүлде қорғансыз қалып, ресми басылымдары да жабылып қалды. Польшаның басып алынуы және оның Алмания мен Кеңестер Одағы тарапынан бөліске түсуі, оның үстіне, Алман-Кеңес басқыншылық келісімі «прометейшілдердің» арманын көкке ұшырды. Осы кезеңде: «Гитлер де, Сталин де – залым. Бірі әсіреұлтшыл, ал екіншісі интернационалист болып көрінгеніне қарамастан, екеуінің де саясаты мен залымдығы тең дәрежеде», –деп жазған Мұстафа Шоқай өзінің пікірлес достары, украиндық А.Шульгин, кавказдық Мир Якуб Мехтиев және грузиндердің көсемі Ное Жорданиямен бірге шет елдердегі барлық отандастарын Герман-Совет коалициясына қарсы бірігіп, қарсы тұруға шақырды.
Сонымен қатар Мұстафа Шоқай белсенді автор болған «Промете» журналының 1940 жылы сәуір айында шыққан соңғы саны финдердің кеңес әскерлеріне қарсы қаһарманша табандылық танытуынан қанаттанып, оқырмандарын «оба мен тырысқақ» арасында таңдау жасамауға үндеді. Мұндағы адамзатқа апат әкелетін індет аурулардың аттары екі империяға қаратылып айтылып тұрғаны белгілі болса керек. Осылайша Мұстафа Шоқай ұлт шындығын жоққа шығарғысы келетін большевиктік билікке қаншалықты қарсы болса, әлемде тек бір ғана ұлттың үстемдігін қалайтын фашизмге де соншалықты қарсы екенін қаймықпай, ресми түрде мәлімдеді. Өйткені жұбайының жазбаларына сенсек, нашар ұлттар емес, жаман адамдар болатынын айтатын ол, барлық ұлттардың терезесі тең дәрежеде өмір сүруін қалайтын еді. Сонымен қатар ұлы тұлғаға лайықты жар бола білген Мария Шоқайдың естеліктерінде Мұстафаның мейлінше мейірімді және соғыс атаулыға қарсы екені сипатталып жазылған. Тұтқындар лагерінде Мұстафа Шоқайдың жәрдемі арқасында ғана аман қалған әйгілі тарихшы Баймырза Хайт, Ыстамбұлда бір кездескенімізде Мария ханымның осы сөздерін айна қатесіз қайталап еді.
Ал сонда соғыс атаулыға, қан төгуге және адамзатқа төніп келе жатқан алапат ауру – фашизмге қарсы болған Мұстафа Шоқай, расында, легион құруға ат салысып, қару кезенген бе еді? Мұстафа Шоқайдың легионның ресми құрушысы Уәли Қаюмға деген көзқарасы қандай еді?
Фашистер жаулап алғанда Парижде болған Мұстафа Шоқайға сол кездері Берлинде тұратын, гестапоға жұмыс істейтін Уәли Қаюм келіп, әңгімелеседі. Алайда шақырылмаған қонақты жақтырмай, әңгімеден мейлінше тартыншақтаған Шоқай, Қаюмды, тіпті шайға да шақырмастан шығарып салады. Бұл – Мұстафа Шоқай мен Уәли Қаюмның алғашқы кездесуі еді. Өйткені бір хат жазғаны болмаса, Уәли Қаюм Берлинде тұрғанына қарамастан осы қалада шығатын «Яш Түркістан» журналымен, оның бас редакторы Шоқаймен және өзге де түркістандық шәкірттермен араласпайтын еді. Осы оқиғадан екі аптадан кейін, яғни 1940 жылы сәуір айында тағы келген Уәли Қаюм бұл жолы Шоқайды Берлинге шақырады. Бұл жолы да қонағына ыңғай бермеген Шоқай, тек ықтият үшін әйгілі түрколог, профессор Герхард фон Мендемен хат алысқаннан кейін ғана ықтиярсыз болғандықтан, Берлинге баруға бел байлайды. Берлинде Кеңестер Одағы, оның әскери қуаты сияқты сұрақтар қойған қызметкерлерге өзінің тек Түркістан аймағының жай-күйімен ғана таныс екенін, өзге жайттардан хабары жоқ екенін айтып, жауап береді. Осылайша ол бір аптаның ішінде Парижге қайтып кетеді. Қағаз бетіне түскен бұл деректерден М.Шоқайдың фашистік билікке бүйрегі бұрмайтынын, онымен байланысқысы келмейтінін және арада жүрген Уәли Қаюмды жақтырмайтынын айқын аңғаруға болады.
ІІ дүниежүзілік соғыс басталған күні Мұстафа Шоқай қатты дегбірі қашып, мазасызданады. Оны сол күні фашистер Ножандағы үйінен тұтқындап әкетеді. Тұтқындар лагерінде үш апта болған соң, үйіне екі күн рұқсат берген немістер оны Берлинге қайта алып кетеді. Өмір ағымының ыңғайында кете барған Мұстафа, Берлинде тіпті, есірік фашист офицері тарапынан көше ортасында соққыға да жығылады.
Бұдан кейінгі өмірі аумалы-төкпелі жағдайда өткен М.Шоқай тұтқындар лагеріне жіберіледі. Отандастарының қасіретті тағдырына қабырғасы қайысқан қайсар ер, оларды тұтқыннан босатуға, тым болмағанда өлімнен арашалап қалуға ұмтылады. Бұл кездегі оның көңіл күйін жазған хаттары мен күнделіктерінен айқын байқауға болады. Мәселен, жұбайына жазған бір хатында Мұстафа Шоқай тұтқындардың қорқынышты әрі үрейлі жағдайларын айту үшін тиісті мекемелерге мәлімдеме жасағанын, мұнда: «Сіздер – фашистер, өздеріңізді Еуропадағы ең мәдениетті адамдардың қатарына жатқызасыздар. Егер сіздердің мәдениеттеріңіз мен көріп жүргендей болса, онда мен сендерге де тұтқындардың шеккен азабын көрулеріңізді тілеймін. Сіздер ХХ ғасырда өмір сүре отырып, ХІІІ ғасырдағы Шыңғыс ханның жасаған зұлымдығынан асырып жібердіңіздер. Мәдениетті халық екеніңізді айтуға тіпті де хақыларыңыз жоқ» деп жазғанын, бұл қорқынышты жағдайлардан кейін мұндай «мәдениетті» қоғамда тіпті өмір сүргісі келмейтінін, шынында да ұйқысы қашып, еш нәрсеге тәбетінің жоқ екенін хабарлаған. Ол жұбайына жолдаған басқа хатында фашистердің хайуаннан да бетер екенін айта отырып, өзінің бұл жағдайға бұдан әрі төзе алмайтынын, өлгісі келетінін жазған.
Осы орайда айта кетерлік жайт, сонау бір жылдары Мұстафа Шоқайдың Гитлермен кездескені жайында неше түрлі аңыз-әпсаналар айтылып, фашистік формамен суретке түскен бір бейтаныс бейнені Шоқайға телу белең алған болатын. Мұстафа Шоқай туралы айтылған мұндай ақпараттардың сталиндік саясаттан туған жала екенін бірден ашып айту керек. Шоқай өмірінде Гитлермен кездескен емес.
Фашистердің түпкі пиғылын білген Мұстафа олармен қызметтесуге құлықсыз болды. Тұтқындар лагерін аралаған кезде де оның бар арман-мұраты – баудай түсіп, қырылып жатқан тұтқындағы түркістандық бейкүнә бауырларын ажал аузынан аман алып қалу болды. Мыңдап қырылған туғандарына қорған болу үшін тиісті мекемелерден шырылдап араша сұраған, бірақ лайықты жауап ала алмаған ол, алға қойған мақсатын белгілі бір дәрежеде атқарып, Парижге қайтуды ойлады. Фашистік билікпен ымыраға келе алмаған, олардың айтқанына көніп, дегеніне жүре қоймаған Мұстафа Шоқай соңғы хатында былай деп жазды: «Мұндағы байланыстарым бітті. Мен Парижге қайтамын деп шештім… Тезірек карантинға жауып тастамай тұрғанда, құтылып шығуым керек».
Есіл ердің жүрегі бір сұмдықты сезгендей екен. Алайда тағдыр оған Парижге жетуді жазбапты. Карантинде бірнеше күн болып, тексеруден өткеннен кейін Берлинге қайтар жолда тұтас Түркістанның қайраткер ұлы жұмбақ жағдайда бұл жалғаннан аттанып кете барды. Оның жұмбақ өлімінен соң әртүрлі сөздер тарай бастады. Әрине бұл сөздер негізсіз емес-тұғын. Өйткені Шоқай жеңіске жететіндеріне әбден сенген, Мәскеудің іргесінде тұрған фашистік билікке керек болмай қалған еді. Оның үстіне «әйелі орыс, өзі демократ әрі фашизмге қарсы» Шоқайдан дереу бас тарту жөнінде арыз ұйымдастырған Алимжан Идриси сынды легионды жақтаушылардың Мұстафа өлімінің құрметіне тост айтып, бокал көтергені де тарихи шындық. Келе жатқан 1942 жылды ерекше қуанышпен қарсы алғандардың бірі де кейіннен фашистер тарапынан «хан», «ата», «президент» атағы берілген Уәли Қаюм болатын. Бұл кезде «Түркістан легионы» әлі құрылмаған да еді.
Дархан ҚЫДЫРӘЛІ
Egemen Qazaqstan