Тұрғындардың арыз-шағымына байланысты құрамында Сайрам ауданы әкімінің орынбасары, аудандық полиция басқармасының басшысы, ветеринариялық инспекция, санитарлық қадағалау мекемесі басшылығы және Абай, Мукуми көшесінің белсенді тұрғындары бар жұмысшы топ құрылды.
Аудан әкімі Уласбек Садибековтің төрағалығымен өткен жұмысшы топтың отырысында жеке кәсіпкер У.Халжалиловтың мал шығындарын қайта өндеу орны туралы мәселе жан-жақты талқыға түсті.
Әуелі аудандық ветеринария инспекциясы басшысының міндетін атқарушы С.Белтаев, сосын Сайрам ауданы бойынша тұтынушылар құқығын қорғау басқармасының басшысы Б.Атаходжаев мәселенің мән-жайын баяндады.
Жиын соңында жергілікті тұрғындарға төтенше жағдай режимін бұзып, азаматтардың бір орынға жиналуына байланысты қатаң ескерту жасалды.
– Арыз жазыңыздар. Бірақ бір адам әр үйге кіріп, қол қойдырып, оны маған немесе орынбасарым Б.Олжаевқа тапсырыңыздар. Қазір – карантин! Көшеде жиналып, 10-20 адам топтасып жүруіне мүлде болмайды! Дүкеннің өзіне нан алу үшін үш адамнан артық кіруге рұқсат жоқ, түсініңіздерші?! Ертең біреу ауырып қалса, бұл жағымсыз иіс жайына қалады. Қазір бүкіл әлем жан бағып отыр. Бүкіл білім беру мекемелерінің жұмысы тоқтады. Бұл – жеңіл желпі қарайтын мәселе емес. Игере алмай қаламыз, түсініңіздер, – деді аудан әкімі.
Өз кезегінде Сайрам аудандық полиция басқармасының бастығы Б.Зиятаев ескерту жұмыстары жүргізілгенін алға тартып, алдағы уақытта төтенше жағдай режимін сақтамағандарға шара көрілетінін мәлімдеді.
Еске салсақ, аталған аумақта жер телімі нысаналы мақсатына сай пайдаланылмағаны туралы сот қарауына ағымдағы жылдың 16 наурызында арыз түскен болатын. Алайда, төтенше жағдай жариялануына байланысты сот ісі қазір уақытша тоқтатылған.
Дегенмен, аудан басшысы сала басшыларына өз құзіреті шеңберінде жұмыс істеуді міндеттеді. Сондай-ақ, төтенше жағдай кезінде аталған нысанның жұмысын уақытша тоқтатуды тапсырды.
Алдағы уақытта ЖК У.Халжалиловқа тиісті кәсіпорынның санитарлық-гигиеналық талаптарға сай немесе сай еместігі анықталмақ. Сонымен бірге, ол жұмыс орнының кәріз жүйелеріне зерттеу, құжаттарының заңдылығына мониторинг жұмыстары жүргізілетін болады.