«Елімізде жарияланған төтенше жағдайға байланысты қазір біздің қалыпты өмір сүру қағидаларымызға бірнеше шектеулер қойылды. Соның ең үлкені әрі қоғам үшін, өзіміз үшін аса маңыздысы – үйде болу.
Әрине, тіршілігін қоршаған ортамен байланыстырған біз үшін бұл оңайға соғып жатқан жоқ. Әсіресе, үйдегі кішкентай ұл-қыздарымызға қиын соғуда. Алайда бұл біздің болашағымыз бен жақындарымыздың қауіпсіздігі үшін жасалып отырған жағдай.
Осындай кезеңде үй ішінде, ұл-қыздарымыздың ортасында отырып, өзіміздің және перзенттеріміздің қабілеттерін дамытып, оны көпшілікке үлгі ретінде көрсетуге үлкен мүмкіндік туып отыр.
Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы үйде отырған ата-аналар арасында ерекше байқау жарияламақ.
Ол үшін сіз өз үйіңізде ұл-қыздарыңызбен бірге бос уақытты тиімді пайдалану үшін көпшілікке үй жағдайында жасауға болатын лайфактар ұсынуыңыз қажет.
Отбасыңызбен бірге жаттығулар жасап немесе бірге өнер көрсетіп оны 1-3 минуттық видеоға түсіріп, өз әлеуметтік желі парақшаларыңызға #Balalarmen_birge, #Түркістаноблысықоғамдықдамубасқармасы, #Biz_birgemiz хэштегі арқылы жариялауыңыз керек.
Видеоның мазмұнын өзіңіздің және ұл-қыздарыңыздың қабілеттеріне қарай қалаған форматтарыңызда түсіруге болады.
Ең бастысы, осы кезеңде үйде отырған ұл-қыздарымыздың уақытын тиімді пайдаланып, салауатты өмір салтын ұстануға үндеуге, олардың тәрбиесіне көп көңіл бөлуге шақырса болғаны.
Ең үздік видео иелері Қоғамдық даму басқармасының тарапынан естелік дипломдар мен қаржылай сыйлықпен марапатталатын болады. Байқау ағымдағы жылдың 24 сәуір- 14 мамыр аралағында өтеді. Ендеше, барша ата-аналарды аталмыш байқауға қатысуға шақырамын! Біз біргеміз!», делінген облыстық басқарма таратқан хабарламада.