#Қазақстан

#Түркістан

#Мәдениет

#Тәуелсіздік30

#Руханижаңғыру

#Shymkent

#Covid-19

Редакция таңдауы

Самал ЕСЛЯМОВА, актриса: «Аналық сезімнің құдіреттілігі соншалық – ол бәрінен күшті болып шықты»

Бүгінде безбүйрек «аналар», өз баласына бұрылмайтын «әкелер» қаншама?!

Тіршілікті «бес күн жалған дүние» дейміз. Режиссер сол бес күн жалған дүниедегі ананың бес күндік қана ауыр тағдырын суреттеген. Соның өзі көрерменнің жүрегін тілім-тілім етті. Ал басты рөлді сомдаған Самал Еслямова – өте сәтті таңдалған актриса. Оның кескін-келбетін, қарапайымдылығын, жанының нәзіктігін, әр қимылын, актерлік шеберлігін айтып жеткізу мүмкін емес. Қысқасы, жүзінің өзі – өмір! Бал-бұл жанған көзі көп нәрсені суреттейді. Оқиға желісі бойынша жаңадан ғана босанып, қақаған суықта қалжыраған, жан-жағына жалтақтаған дәрменсіз ананың кейпін дәл көрсеткен. Көрермен Айкамен бірге алаңдап отырады.

Айтып отырғанымыз – Шымкент қаласының тумасы, атақты ресейлік режиссер Сергей Дворцевойдың «Айка» фильмі жайлы. Аталған туынды әлемдік кино сыншыларының көңілінен шығып, ТМД елдерінің ішінен ең алғаш рет Канн фестивалінің «Үздік әйел рөлі» номинациясын жеңіп алды. Ол қазақ қызы – Самал Еслямова. Тамаша! Бойыңды ерекше қуаныш сезімі билейді.

Кино өмірдің өзінен алынып, онда қоғамды түзегісі, ащы тұстарын ашқысы келетін ой жатады. Біз әңгімемізге арқау етіп отырған фильм де дәл солай. Бүгінде безбүйрек «аналар», өз баласына бұрылмайтын «әкелер» қаншама?! Айка – қырғыз ұлтының қызы. Ол Ресейдің алып шаһарына келіп, өзі армандаған бизнес жолын жүргізгісі келеді. Бірақ бәрі де басқаша болып шықты. Өзге елде тыныс алған бейкүнә қыздың тағдыры озбырлыққа ұшырады. Ал соңында Айка тіршіліктің тауқіметін тартып, азап кешіп, мұз құрсанып, мәселенің шешімі – баланы айырбастау деп түсінген сәтте жағдай мүлде өзгеріп шыға келді. Анасының ақ сүтін бес тәуліктен бері шырылдап күткен сәбиді емізіп еді – жүрегі елжіреп, көзінен жас парлады. Тоқтаусыз қан кетіп, өмірі қыл үстінде жүрсе де жыламаған көз баланы емізгенде пора-порасы шықты. Осымен кино бітті. Бірақ фильмнің нағыз айтар ойы дәл осы жерден басталады. Ол – ана махаббатын сезінген жан. Тоғыз ай бірге соққан қос жүректің қайта табысқанын көріп, ары қарай оқиғаның қалай аяқталарын ойланғың да келмейді.

Иә, киноның әр секунтында азап шеккен адамның рөлін сомдаған Самал түсірілім барысында нендей күй кешті екен?.. Күллі әлемді өз өнерімен тәнті еткен қазақ қызының жалпы болмысы қандай? Осы салаға қалай келді? Бұл сұрақтар көпшілікті қызықтырары сөзсіз. Біздің де көкейімізде сан сауал сайрап тұр. Сол себепті орайы келген тұста Самал Ілиясқызын әңгімеге тарттық.

«Ауылдық жерге тұрмысқа шықсам, сиыр сауамын»

– Самал Ілиясқызы, әңгімемізді әріден бастасақ. Халық сізді «Айка» немесе «Қызғалдақ» фильміндегі атақты актриса ретінде таниды. Бірақ бұл жетістіктерге жету жолындағы қадамдарыңызды, жалпы, Самал жайында біле бермейді. Алдымен, өзіңіз жайлы қысқаша айта кетсеңіз…

– Мен Солтүстік Қазақстан облысы, Аққайың ауданы, Аралағаш ауылында дүниеге келгенмін. Нағыз қазақ ауылы. Сондықтан үйдің де, даланың да жұмысын істеп өстім. Сиыр сауу, атқа міну маған таңсық емес. Әпкем – сырнайшы. Оның саусақтары нәзік. Өз кәсібіне көп дайындық жасайды. Сол себепті даланың қара жұмысы менің мойнымда еді. Таңертең ірі қара малды өріске айдап, жылқыны жайылымға жіберіп, кешке үйге қайтарып келетінмін. Арада құрбыларым келсе, «сәл күте тұрыңдар» деп, малдарға шөп салып, кейін ойынға кірісетінбіз. Ауылда ата-анамызға көмектесіп, болмысымыз осылай қалыптасты.

– Қазір сиыр сауа аласыз ба?

– Мен мектеп бітіріп, әпкем тұрмысқа шығып, содан қалаға көштік. Одан бері қаншама уақыт өтті. Осыдан бірнеше жыл бұрын сауып көрейін деп ем, қолым талды. Ал қазір білмеймін. Мүмкін сауа алатын шығармын.

– Егер ауылдық жерге тұрмысқа шықсаңыз, қайтер едіңіз?

– Алдағы уақытта дәл солай болып жатса, сауамын. Күнделікті істеп жүрмегендіктен, қолың шығып қалады ғой. Әйтпесе кезінде сиыр сауудан бөлек, атты да жеге алатынмын.

– Сіздегі болмыс ерекше. Мұндай көркем мінезді тәрбиелеген отбасы жайында білгіміз келеді…

– Қарапайым отбасынан шыққанмын. Нағашы атам арабша хат таныған. Құран аяттарын жатқа білген. Ұлы Отан соғысына қатысқан. Содан ол кісіге: «Молда бол», – деген ғой, сөйтсе атам: «Соғысқа барып қару ұстағам, қалай молда болмақпын?..» – деген екен. Сондай сауатты кісі. Нағашы апам да ақылды кісі еді. Өз атама келер болсам, ауылда тұрған. Әкем қара шаңырақта еді. Атамды қолынан ұстап, тамаққа жетектеп келген сәттерім еміс-еміс есімде. Ал әжем әкемнің алты жасында өмірден өтіпті. Әкем домбыра шертеді, терме айтады. Кезінде агроном болған. Анам ауылда поштада істеген. Әпкем – сырнайшы, сондай-ақ қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.
Үйдің қағидасы – «адал еңбегіңмен табыс тап, ешкімді ренжітпе!» деген ұстаным еді. Сол себепті өмір жолында әрқашан адалдыққа мойын бұрып, ал оқуды өз күшімізбен оқыдық.

– Оқу демекші, мектеп бітірген соң, қандай оқу орнына түстіңіз?

– Негізі мен журналист болғым келді. Бала арманым осындай еді. Бірақ әкем аса қолдай қоймады. Өзі – өнердің адамы. Жоғарыда анасынан ерте айырылғанын атап өттім ғой. Яғни, өнерге келудің реті болмаған… Ағасы Көкшетаудағы өнер техникумына түсіремін деп жүргенде, ауырып қалған. Мүмкін, сол себепті өнер жолын таңдағанымды қалаған шығар. Әпкемнің де сырнайшы болуы әкемнің қалауы еді.
Мен мектеп бітіретін жылы Сәбит Мұқанов атындағы қазақ театры ашылды. Оған дейін орыс театры бар-тұғын. Ең алғаш қазақ балалары өнер колледжімен бірігіп, курс ашқанын естіген әкем «соған барып көрсеңші», – деді. Сөйтіп 2001 жылы аталған театрға оқуға түстім. Театр Солтүстік Қазақстанда ашылғанымен, ондағы өнерпаздар – алматылық түлектер. Олар еліміздің әр өңірінен екен. Ал көркемдік жетекшіміз Оразалы Ақжарқын-Сәрсенбек – Түркістан облысы, Шаян ауылының тумасы. Бізге келгенге дейін Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында сабақ берген. Дәл қазір де аталған академияда дәріс береді. Сондай-ақ «Қуыршақ» театрының көркемдік жетекшісі. Менің алғашқы ұстазым – сол кісі.

«Қар күтумен өткен күндер қызық болып, есте қалды»

– Оразалы Ақжарқын-Сәрсенбектің театрға сізді ең алғаш қабылдап алған сәті есіңізде ме?..
– Театрға түсер алдын көптеген балалар ол жерде біраз уақыттан бері дайындалып жүр екен. Ал мен оқуға аяқ астынан бардым. Ертесіне емтихан. Сонымен не керек, Оразалы ағай сынақта «бестік» баға қойып берді. Мен де ұстаздың сеніміне селкеу түсірмей, сабағымды тиянақты оқыдым. Аңдардың қимылдарын салып көрсетесің, пьесаларды оқисың. Айта берсек, көп. Содан оқу аяқталар жылы Оразалы ағайымның жетекшілігінде дипломдық қойылымды дайындап жатқан кезде «Қызғалдақ» («Тюльпан») киносына кастинг басталды. Мұның бәрі әлі есімде.

– Кино әлеміне осы тұстан бастап кіріп кеттіңіз ғой…

– Алғашқы кастинг өтті. Екі-үш айдан соң, Алматыға шақырды. Соңғы іріктеу өтіп жатыр екен. Сонымен, бұл киноның басты рөлі маған бұйырды. Түсірілім үш жылға созылды. Ал мен университетке түсуім керек деп ойладым. Себебі Петропавлдағы оқуым орта білім еді. Алматыдағы Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясына оқуға түсейін десем, ол жақтың білімін Оразалы ағайдан алып қойғанмын. Сөйтіп, Мәскеудегі ГИТИС-ке оқуға түстім. Үш жыл білім алып, төртінші жылы түрлі жанрдағы спектакльдер қойдық. Жалпы, он үш-он төрт қойылым ойнадық. Оқуды бітірген соң, тағы бір-екі жылдай спектакльде жүрдім. Бітірер жылы спектакльдерді ойнап жатқан кезде театр өкілдері келіп тамашалайды. Оларға актерлік шеберлігің ұнаса, саған ұсыныс тастайды. Осылай екі жыл ішінде екі спектакльде бірі – мектеп туралы заманауи қойылымда мұғалімнің рөлі, ал екіншісі – бидің спектаклі. Дәл осы аралықта «Айканың» жұмысы басталып кетті. Қар күтіп жүргенбіз. Күткен қарымыз да жауды. Сол күні спектакль болуы тиіс еді. Бірін таңдауым керек. Оған дейін жаздың күнінде («Айканың» съемкасы аз кезі) Алматыға келіп, Қарасай батыр туралы кинода ананың рөлін сомдағанмын. Түсірілім үш күнге созылды. Қысқасы, «Айка» фильміне толық өтуім керек болды. Басты кейіпкер болған соң, спектакль мен өзге жұмыстарды қатар алып жүру мүмкін болмады. Нәтижесінде кино әлеміне біржола мойын бұрдым.

– Негізгі тақырыпқа да келіп жеткен секілдіміз. «Айка» фильмінде бес күндік қана тағдыр суреттелді. Бірақ оны көрермен назарына әкелу үшін, олардың жүрегіне орнату үшін алты жыл уақыт кетті. Осы артта қалған алты жылды қалай еске аласыз?

– Ол кәдімгі жұмыс қой. Біреулер бір жерде отыз жыл, қырық жыл жұмыс істейді. Сол сияқты ол да – менің күнделікті тірлігім. Мәскеуге күз мезгілінде барып, мамырдың соңына дейін съемка түсіреміз. Ал жазда демаламыз. Бұл – қалыпты норма. Алайда басында біз бұлай көп уақыт түсіреміз деп ойламадық. Алғашқы үш жылда жарытып қар жаумады. Ал бізге керек эпизодтың бәрі осында. Яғни, қар күтумен өткен күндер қызық болып, есте қалды.

– Қар демекші, сол кездегі қызықтарыңызды айта отырыңызшы…

– Күнделікті жоспар түзу кезінде ертеңгі ауа-райын қараймыз. Үш-төрт күн бұрын «қар болады» деп айтады. Ал бір күн қалғанда «жетпіс пайыз қар болады» деп ескертеді. Сол күні біз сағат таңғы бесте оянамыз. Сәл кеш шықсаң, кептелісте қаласың. Одан бөлек, ұйқың келеді. Режиссер: «Ұйықтама!» – дейді. Съемкаға түгел дайын болуың керек. Ұйқысырап тұрсаң түрің оянғанымен, психофизикаң дұрыс істемейді. Сол себепті ерте оянып, арнайы дайындығың керек. Бәріне дайын болған соң, түсірілім алаңында көлік ішінде отырамыз. Бірі ауа-райын бақылып тұрады. Қоюшы-оператор қазір қар жауады дегендей аспанға қарайды. Жалпы, қардағы эпизодтарды үш жылдай түсірдік. Ең көп съемканы былтыр істедік.

«Образға жүрегіңмен кірмейінше, ол шынайы болып шықпайды»

– Айка рөлінде алты жыл жүрдіңіз. Қай эпизодынан арыла алмай жатырсыз?

– Барлық эпизод бір жіпке тізген маржан тәрізді. Бұның бәрі – съемкаға арналған үлкен өмір. Қазір көбісі: «Сол жақты сағындық, қар жауған кезде барғымыз келеді», – дейді. Мен олай барғым келеді дей алмаймын. Ойланбауға тырысамын. Мүмкін ойлансам, менің де барғым келер. Кино – шынайы өмір. Ал сол киноны сомдауымыз – біздің де өміріміздің бөлшегі. Күнде съемка, дайындық. Фильм Мәскеудің солтүстік жағында түсірілді. Өткенде жұмыстарыммен сол жаққа барғанмын. Жаныма ерекше ыстық болып тұрды. Бірақ барлық эпизодтан арылғанмын.

– Осы ретте білгім келгені – режиссер неге дәл ветериналдық клиниканы таңдады? Бұл жөнінде сізге айтып па еді? Мәселен, фильмде мигранттардың қиын тағдыры, оларға жергілікті ұлттың қарым-қатынасы қандай екені сюжеттерде суреттелген. Ал қолдарындағы ит-мысығын қатты қадірлейді…

– Бұл сұрағыңызды режиссерден сұрауыңыз керек еді. Негізі Айкаға анасын емірене еміп жатқан күшіктерді көрсеткісі келді. Ол күшіктердің де анасы жаралы… Бірақ сіз ойлаған дүниені де айтқысы келуі мүмкін.

– Иә, күшіктердің жаралы анасын еміреніп еміп жатқан эпизод… Қимылсыз қалған жүрегіңді орнынан қозғап жібереді. Ал фильм соңында Айканың сәбиін емізіп, егіліп жылағаны ше?! Бұл көрініс – баланың қасында біз жанталасқан өмірдің құнсыз ғана бір дүние екенін көрсеткендей…

– Сіз өміріңізді қанша жоспарласаңыз да, табиғат өте қатал, құдіретті. Себебі Айка баласын қажет етпеді. Бірақ аналық сезімнің құдіреттілігі соншалық – ол бәрінен күшті болып шықты.

– Сол емізген эпизод жайлы айтсаңыз…

– Образдың ешбірі оңайға түскен жоқ. Бірақ дәл сол жері ауыр болып, кешенді түсірілім жасадық. Екі бөпені алып келіп, аналарына менің киімімді кигізіп, сәбилердің емгенін түсіріп алды. Осы уақытта сол бөлшекке қимылыммен дұрыс кіруім керек. Бұл техникалық тұрғыдағы қиындық қой. Ал жылау, ол сезімді сезіну – бөлек әңгіме. Оның өміріне жүрегіңмен кірмейінше, ешқашан шынайы болып шықпайды.

– Канн фестивалінің сарапшылары «Айка» фильмінің түсірілімі аяқталмай жатып үміткерлер тізіміне қабылдапты. Тіпті екі жарым сағаттық киноның бар-жоғы қырық минутын ғана көрген. Бітпеген фильмді бұлай қабылдауларының себебі неде деп ойлайсыз?

– Ол кісілер киноның сапасын білді. Біз сапаға және шынайылыққа қатты мән бердік. Режиссерге: «Түсіріп бітіре аласың ба?» – деді. Сергей Дворцевой: «Иә, – деп еді, олар: «Онда аламыз», – деді. Бұл сәуір айының басы болатын. Байқау қорытындысына ұзағымен бір жарым ай ғана қалған еді. Содан бір ай ұйықтамай, мамырдың он үшіне дейін жұмыс істедік. Ал марапаттау рәсімі 19 мамыр күні өтті.

«Сценарий жүрекке жақын болуы керек…»

– Аталған фестивальде «Үздік әйел рөлі» номинациясын жеңіп алдыңыз. Көрген түстей болған шығар. Мұны қаншалықты бақыт деп есептейсіз?

– ТМД елдерінің ішінен алғашқы номинация. Яғни, мұндай жүлделерді күнде алмайсың. Тіпті әлемге атақты актер болсаң да, саған мүлде бұйырмауы да мүмкін. Сол себепті шыны керек, қатты қуандым. Бұл – өнер. Өнерде тек еңбек қана емес, сәттілік те қажет. Яғни, мен үшін Алланың берген зор бақыты! Дегенмен аталған жеңіске жалғыз жеткенім жоқ. Ұжымның жетістігі дер едім. Тобымызда он бес-ақ адам болдық. Ал көркем фильмге жетпіс, кемі қырық-елу адам болуы керек. Бізде әрқайсысы екі-үш жұмыстан істеді. Олар – көп еңбек ететін, киноны қатты қадірлейтін жандар.

– Марапат рәсімінде ұлттық киіммен шықтыңыз. Оны тіктіріп қалай үлгердіңіз? Өзіңіз Мәскеудесіз. Оған қоса, киноны аз-ақ күн қалған кезде өткіздіңіздер…

– «Конкурсқа аламыз» деген соң, баратынымыз белгілі болды ғой. Түсірілім аяқталар тұста продюссеріме қоңырау шалып, «киімдерді әкелсеңіз, съемкадан жібермейді. Қазақстанға баратын уақытым жоқ», – дедім. Сол кісі бірнеше нұсқасын әкелді. Соның ішінен бірін таңдап, киіп шықтым.

– Айтыңызшы, қырғыз тілін қанша уақытта меңгердіңіз?

– Меңгердім деп айта алмаймын. Сонау «2000 жылы біздің өңір Алматыдан бір курс әкеліп, театр болды» деп айтып едім ғой. Сол кезде әртістердің құрамында Батырбек ағай және Аида апай болды. Олар – Қырғызстанның азаматтары. Сол елден келіп, Оразалы ағайдың курсында оқыған екен. Содан ұстазымыз оларды Петропавлға өзімен бірге шақырған. Таныстығымыз осылай басталып, достығымыз артқан.
Киноға түсер кезімде Аида Супатаеваға: «Апай, менің қырғызша үйренуім керек» – деп айттым. Ол: «Ата-анама бала-шағаммен қонаққа барам, бірге барайық», – деді. Бірге бардық. Өте керемет адамдар! Ыстық көлдің жағалауында тұрады. Күнде бала-шағаларымен көлге барып, демалып жүріп қырғыз тілін үйрендім. Аиданың бір ұлы қазақ балабақшасына барады. Сондықтан болар өте пысық. Маған қазақша ертегі айтып береді (күлді). Мен оған: «Тоқтай тұр. Бұл ертегіңді Қазақстанда айтарсың. Мен қырғызша үйреніп алайын» деп ауызекі сөйлесіп үйрендім. Одан бөлек, Мәскеуде де қырғыздармен жұмыс істедік. Яғни, кино түсіру барысында да үйреніп жүрдім.

– Қанша тіл білесіз?

– Өз Ана тілімізді және орыс тілін білемін. Ағылшын тілін әлі жақсы меңгермедім. Негізі, міндетті түрде үйрену керек.

– Сізге көбінесе қандай рөл ұнайды?

– Оңай сұрақ сияқты, бірақ күрделі. Рөлдер өте көп. Мәселен, көлік жүргізушінің рөлін сомдағым келмейді. Ал маған осындай сценарий келді. Кәсібі жүргізуші болса да, бірақ оқиға желісі жақсы. Айтайын дегенім – сценарий жүрекке жақын болуы керек.

«Өмірдің мәні – бала»

– Бойыңыздағы шынайылық пен қарапайымдылыққа, көрерменді баурап алатын ерекше мейірімді көзқарасқа, табиғи талантыңызға қызығатын режиссерлер көп шығар. Алдағы жоспарыңызбен бөліссеңіз…

– Көктемде өзімнің Мәскеудегі мұғалімім Наталья Назаровамен бір көркем фильмге түсемін. Ол – режиссер. Режиссерлік, актерлік шеберліктен сабақ берген. Содан кейін жазда қытай продюссерлерімен жұмыс істеймін. Олар үлкен коммерциялық жобаға шақырып жатыр.

– Яғни, киноға түсуді жалғастыра бермекшісіз ғой?..

– Иә, ол – менің кәсібім. Сөзіңіздің төркінін түсіндім. Отбасы да керек. Бірақ баланың анасы үйінде отыру керек. Анамыз бір жерге жол жүріп кеткенде, сағынатынбыз. Ал менде бұған дейін ұзақ түсірілімдегі киноға түсу мүмкіндігі болды. Егер тұрмыс құрып, балалы болып жатсам, көп жылға созылатын киноға түспеймін.

– Көрермендермен кездесу барысында бір сөзіңізде жолдасым Шымкенттен болып жатса, қанекей дегендей болыпсыз…

– Дәл солай айта қойғам жоқ (күлді). Дегенмен бұл өңір маған қатты ұнайды. Ауа-райы да жылы, өздері де жаны жайдарлы кісілер. Кино әлеміндегі өнер жолым осында басталған. «Қызғалдақ» киносы Түркістан облысында түсіріліп еді. Ал сұрағыңызға нақты жауап берсем, еліміздің қай өңірінен болса да, таңдамас едім. Бастысы адамгершілігі мол, көңілімнен шықса, болғаны.

– Оңтүстік өңірі жайлы айтып отырмыз ғой. Бұл жақ «Айканы» қалай қабылдады? Өз деңгейінде түсініп жатырмыз ба?..

– Бұл – өнер. Мәселен сізге бір ән ұнаса, маған ұнамауы мүмкін. Өнер бәріне бірдей жаға бермейді. Егер бәріне бірдей ұнаса, оның қадірі болмас еді. Сол себепті біз барлық реакцияға дайын жүреміз. Өз кезегінде қаншама құттықтау хаттар келіп жатыр. Жақсы қабылдады деп ойлаймын. Әйткенмен бағасын біз емес, халық береді. Көрерменнің біреуінің жүрегіне әсер етсек, сол бізге – үлкен жетістік.
Бұл өңірді қимай кетіп барамын. Көңіл күйім керемет! Осы ретте өз рақметімді айтқым келеді!

– Сізге де көп рақмет! Сұхбат соңында сұрағым келгені – өмірдің мәні не деп ойлайсыз?

– Өмірдің мәні – бала. Біз сондай тәрбиеде өстік. Ата-анамыз бен ата-әжелеріміздің өмірінің мағынасы бізде болатын. «Айка» фильмі де бала бақыты бөлек екендігін көрсеткісі келді…

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан – Әділхан АБАЙҰЛЫ

Соңғы жаңалықтар