БАС ПРОКУРАТУРА САРЫАҒАШТАҒЫ «ЗОРЛАНДЫ» ДЕЛІНГЕН 7 ЖАСАР БАЛАҒА ҚАТЫСТЫ ТЕРГЕУ ЖҰМЫСЫН АБАЙ АУЫЛЫНДА ЖҮРГІЗЕДІ

Adym.kz: «Үй» қайырымдылық қорының директоры Аружан Саин Оңтүстік Қазақстан облысында тұратын жеті жастағы баланың қазіргі жағдайын айтты, деп хабарлайды Today.kz.
Қоғам қайраткері Facebook желісіндегі парақшасына ақпараттық хабарлама қалдырды.
«Бас прокуратура Абай ауылында тергеу жұмыстарын жүргізеді. Бала сол жағдай болған орындарды көрсетуі керек», – деді Аружан Саин.
23 наурызда бала анасымен бірге Абай ауылына шыққан.
«Тергеу әрекетінің қанша уақытқа созылатыны белгісіз болғандықтан және пойыз не ұшақта жүру мүмкін болмағандықтан, көлікпен жүру шешімі қабылданды. Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының, «Үй» қорының қызметкерлерімен бірге бала анасымен бірге қайырымды жандар арқасында кешкісін Абайға аттанды. Баланың адвокаты Бауыржан Азанов Астанадан Шымкентке ұшты», – деді ол.
Аружан Саин баланың анасының өтініші бойынша, сараптамаға шетелдік мамандарды тартуға тырысады.
Естеріңізге салайық, ОҚО, Абай ауылының тұрғыны жеті жастағы немересінің бірнеше ай бойы зорланып келгенін айтып, дабыл қаққан болатын. Баланың туысқандары құқық қорғау органдарының әрекетсіз отырғанын айтқан болатын.