САРЫАҒАШТАҒЫ ЗОРЛАНДЫ ДЕЛІНГЕН 7 ЖАСАР БАЛАНЫҢ ӘЖЕСІ АҚЖАҒАЛЫЛАРҒА АЛҒЫС АЙТТЫ (Видео)

Adym.kz: Естеріңізге салар болсақ, Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев Сарыағаш ауданы, Абай ауылындағы мектептердегі орын алған келеңсіз жағдайға байланысты жауапты лауазым иелеріне шара көрген болатын. Осыған орай, зардап шеккен 7 жасар баланың әжесі ақжағалыларға алғысын айтты.
Жиында әкім аталған оқиға дер кезінде назарға алынып, тиісті жұмыстар атқарылмағандықтан, бұқаралық ақпарат құралдары мен қоғам арасында дау туғанын айтты. Осы мәселеге қатысты жауапты азаматтар тәртіптік жазаға тартылатынын жеткізді. Тергеу объективті және жан-жақты жүргізілуін қамтамасыз ету үшін тергеу амалдары аяқталғанға дейін осы оқиғаға қатысты барлық лауазымды тұлғалар мен жауапты қызметкерлер өз қызметтерінен уақытша шеттетілді.  Облыс әкімінің орынбасары Ұласбек Сәдібековке қатаң ескерту берілді.
«Аудандағы жағдайды дер кезінде назарға алып, тиісті шара қабылдамаған аудан әкімі Қайрат Әбдуәлиевке қатаң сөгіс жариялаймын. Бұдан бөлек, сол салаға жауапты аудан әкімінің орынбасары Құдірет Қыстаубаевқа шара қолдануды және Сарыағаш аудандық білім бөлімінің басшысы Бауыржан Майрихов пен №73, №74 жалпы орта мектеп  директорларын тергеу амалдары аяқталғанша жұмыстан шеттетуді тапсырамын», – деді Жансейіт Түймебаев.
Сондай-ақ, өңір басшысы облыстық білім басқармасының басшысы И.Сағындықовқа сөгіс түрінде шара көрілетінін атап өтті.
Мұнан басқа әкім аталған мәселе бойынша эксперттік комиссиямен ауданда және облыста екі рет медициналық тексерулер жүргізіліп, қорытындысы бойынша баланың зорланғандығы расталмағанын мәлімдеді.
Жиын барысында өңір басшысы облысымызға бала жөніндегі уәкіл Зағипа Балиеваның арнайы келіп, «жоғары сынып оқушылары тарапынан зорлық көрді» делінген баланың жай-күйімен танысқанын және оны Астана қаласындағы арнайы мамандардың қатысуымен кешенді сот-медициналық сараптамасына өткізу үшін алып кеткенін жеткізді. Ендігі уақытта бұл мәселе қатаң бақылауға алынып, өңірдегі барлық білім ұяларында профилактикалық жұмыстар жүргізілетін болады.