Әке туралы толғаныс немесе Қасым-Жомарт Тоқаевтың әке туралы бір үзік сыры

«Алматыға табан тіреген сәтімде ата-анам жерленген Кенсай бейітіне міндетті түрде барамын. Аспанға ұзақ көз алмай қараймын, , маған сонау жақта, тым алыста қымбатты ата-анамның да жандары жайлы орын тапқандай көрінеді». Бұл Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың ата-анасына деген сағыныштан туған ойлары.

Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Әке туралы ой-толғау» атты кітабында сонау Кеңес заманында күн кешкен қазақ отбасының өмір жолы, 30-шы жылдардағы аштық тартқызған нәубет, өмірдің сан түрлі сынақтары мен қуаныштарын жазады.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың әкесі Кемел Тоқаев майдангер жазушы, журналист болған. 1923 жылы Алматы облысы Қаратал ауданында дүниеге келген. Сол тұста әр қазақ отбасының басынан кешкен Ұлы Отан соғысының зардабы, қала берді бала кезден иектеп алған жетімдіктің ащы дәмін Кемел Тоқаев та татқан. Ұжымдастыру тұсында Кемел Тоқаевтың отбасына аштықтан бас сауғалау үшін туған мекендерін тәрк етуге тура келеді. «Отбасы аштықтан бас сауғалап, күн кешу үшін Фрунзе (қазіргі Бішкек қаласы,Қырғызстан) қаласына дейін жетіп алу туралы шешімге келеді, аштық әр қазақ отбасының басына түскен нәубет еді. Фрунзеге жетер жол ауыр әрі азапты болды», — деп жазады Қасым-Жомарт Кемелұлы өзінің «Әке туралы ой-толғау» кітабында.
1933 жылы Тоқаевтар әулетіне аса ауыр сынақпен келеді. К.Тоқаевтың пештің жанында ойнап жүрген туған қарындасы отқа түсіп, қаза болады. Қайғылы оқиға Кемелдің анасының көз алдында болған, бала қайғысына шыдамаған анасы да көп ұзамай көз жұмады. Кемел мен оның үлкен ағасы Қасым балаларды жетім деп ойлаған милициялардың нұсқауымен балалар үйіне тапсырылады. Қайғылы оқиғалардан кейін Кемел Тоқаевтың әкесі қайғыға шыдас бермей, із-түссіз жоғалып кеткен деген деректер келтіріледі.
Біраз жылдар өтеді. Кемел Тоқаев Фрузендегі училищені тәмамдап, Сталинград майданының құрамына кіретін әскери бөлімшеден бірақ шығады. Кемел Тоқаев үш ай майданда болды, ауыр жарақат алып, елге оралды. Алайда емханаға төсегіне танылып жата бергенді жөн санамаған жас жігіт бастапқыда Бірінші Украина құрамына, кейіннен екінші Белорус майданы құрамына кірген 7-ші гвардиялық танк полкі құрамына қабылданады. «Ауылдан шыққан әкем орыс тіліне шорқақ еді. Қатал өмірдің ағынымен соғыс оның алғашқы өмір мектебі болды, ерлік пен жанқиярлықтан сабақ алып қана қоймай, орысшаға да үйренді. Грамматикалық мысалдарды өзінің әдемі жазуымен тізген блокноттары сақтаулы. Тұтас абзацтарды жаттап алып, белгілі орыс жазушыларының көркем шығармаларын да конспектілеген», — деп жазады Қасым-Жомарт Кемелұлы өзінің әкесі туралы естеліктерінің бірінде.
Сұрапыл соғысқа Кемел Тоқаевтың өзі ғана емес туған ағасы Қасым Тоқаев та қатысқан екен. Алайда талай қазақтың мыңдаған боздағын жер жастандырған соғыста Кемел ағасынан айырылып қалады. Қасым Тоқаев соғыста жанқиярлық ерлікпен қаза тапқан деседі. Кемел Тоқаевтың туған ағасына деген жылы бауырлық махаббаты мен сағынышы турасында Серік Қирабаевтың мынадай естелігі бар екен: «… Осы отырыста ол аяғының жаралану жағдайларын, Сталинград, Белорусия, Украина, Польша жерлерінде соғысқан күндері жайлы әңгімеледі. Соғыстың қиындығы мен жас кезінде басынан өткен ауыр жылдарды жазушы сияқты әңгімелегеніне сүйсініп қалып едім. Бойында жазушылық дарын барын кейін байқадық қой. Ұзақ отырыстағы әңгіме біріне бірі жалғасып, өзінің жетімдік өміріне ұласты. Аштық кезінде бұл отбасы Фрунзеге (қазіргі Бішкекке) көшіп келіп, сол жерде ата-анасынан, қарындасынан айырылыпты. Қасым деген ағасымен екеуі балалар үйінде тәрбиеленгенін де осы тұста естідім. Ағасын аузынан тастамайтын». Қасым-Жомарт Кемелұлының есімін ағасының құрметіне қойған екен. Ол туралы «Өзіме қамқор болған ағаның майданда қаза болуы мені шын жетім етті. Оны ұмыта алатын емеспін. Жаңа туған тұңғыш ұлымның Жомарт деген атына Қасым ағамның атын қосып атап жүрмін» деп еді. Осы әңгімені көңілі босап, көзіне жас үйіріліп, егіліп айтты. Кейін үйінде болғанда кішкентай Қасымжомартты көрсетіп, «Менің ағамның атын қойған ұлым – мынау» деп көрсеткен», — деген естеліктерді Серік Қирабаев жазады. Бұл туралы Қ.Тоқаев әкесі туралы естелік кітабында да жазады. «Әкем ағасы ғайыптан тайып бір таңғажайып болып келе қалатындай көретін. Мұндай сәттерде ол: «Мүмкін ол ауыр жарақат алып немесе контузиядан госпитальдердің бірінде адасып қалған болар, соғыста бәрі де болады ғой», — деп еске алады Қ.Кемелұлы әкесінің бауыры туралы естеліктерін.
Соғыстан қайтқаннан кейін майдангер Кемел Тоқаев 22 жасында С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетіне филология факультетіне оқуға түскен. Жоғары оқу орнын тәмамдағаннан кейін «Қазақстан пионері», «Жас Ұлан», «Лениншіл жас», «Социалистік Қазақстан» басылымдарында қызмет істеген. Кейіннен Республиканың Жоғары Кеңесі Президумында қызмет еткен.
Кемел Тоқаевтың журналистік қызметінен бөлек жазушылығы бір төбе. Бүгінде оны қазақ әдебиетінде детектив жанрының алғашқы негізін қалаушылардың бірі деп атайды. Ақиқатында солай. Жазушының Тасқын», «Көмескі із», «Түнде атылған оқ», «Қастандық», «Сырғабанда болған оқиға», «Таңбалы алтын», «Соңғы соққы», «Ұясынан безген құс» сынды туындылары дәл осы детектив жанрына құрылған. Осының ішінде «Соңғы соққы» романы қазақ әдебиетінде тұңғыш детектив туынды болып, қалың оқырманның ыстық ықыласына бөлеген туынды. Бұл романның ізін ала бере «Солдат соғысқа кетті» деген тарихи романы жарық көреді. Аталған роман 1956 жылы Қазақстан Ішкі істер министрлігі мен Жазушылар одағы бірігіп өткізген алғашқы байқауда бас жүлдені еншілеген. Романның басты ерекшелігі құқық қорғау органдары қызметкерлерінің ерен еңбегін ту ету, аталған роман үшін К.Тоқаев «Милиция қызметінің үздігі» төсбелгісімен марапатталған. Әкесінің шығармашылығы туралы естеліктерінің бірінде Қасым-Жомарт Кемелұлы мынадай ой айтады: «Өзінің алғашқы кітабы жарық көрген үш жылдан кейін әкем милиция қызметкерлерінің ауыр еңбегі туралы өте қызықты шығармасын аяқтайды. Кітаптың атауы өте сәтті шыққан, бір сөзден тұрса да, қаншама мәнге ие: «Тасқын» (1958 жылы жарық көрген). Бұл кітап жарық көргенге дейін қазақ тілінде дәл осындай жанрдағы кітап болмаған, әкем бұл бағытқа алғаш қалам сілтеген жан». Біраз уақыт өткеннен кейін Қасым-Жомарт Тоқаевтың әкесінің жазған кітабына АҚШ қызығушылық танытқан. «Соңғы соққы» романының екі данасын АҚШ конгресі кітапханасы мен Иллион университеті сұратқан.
Кемел Тоқаев сондай-ақ деректі зерттеулерімен де детектив жанрының дамуына өз үлесін қосты. Мұрағаттан сирек деректерді іздеп тауып, мұндай еңбегі үшін мемлекеттік марапатқа да ие болған.
1952 жылы Кемел Тоқаев медицина институтының студенті болған Тұрар Шабарбаевамен шаңырақ көтерген, төрт баланы өсіріп, баптады. Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Мәткерім Әкімжанов өзінің бір естеліктерінде Кемел Тоқаевтың шаңырағында қонақта болған күндерінің бірін еске алады. «1973 жылдың күзінде Кемел Тоқаев өзінің 50 жылдық мерейтойын атап өтті. Ол кезде тойды қазіргідегідей ашылып-шашылып үлкен мейрамханаларда өткізу деген өте сирек болатын. Кемел ағамыз да өзінің пәтерінде ақ дастарқанын жайды. Ол атақты әнші апамыз Роза Бағлановамен көршілес тұратын еді. Барған сайын алыстап бара жатқан сол бір бақытты күндерге көз жіберсем, жүрегім сыздайды. Бақандай 40 жыл өтіп кеткен. Кемел ағамның ер тұлғасы мен Тұрар жеңгемнің ақсарылау, шуақты жылы жүзі көз алдымнан кетер ме! Сол дас­тарқанда Мәскеудің Xалықаралық қатынастар институтында оқитын ұлы болды ма, болмады ма – есімде қалмапты. Бірақ бойжетіп қалған екі қызы – Салтанат пен Қарлығаның әкелеріне деген ілтипаты есімде сайрап тұр», — деп жазады жазушы.
Кемел Тоқаев 1986 жылдың қарашасында өмірден өтті. Ал Қасым-Жомарт Кемелұлының анасы 2000 жылы шілдеде өмірден озған. Қасым-Жомарт Тоқаев өз естеліктерінде әкесінің балалары үшін жанын беруге дайын болған ерекше мейірімін жылылықпен еске алады. Қасым-Жомарт Кемелұлы ата-анаға деген ыстық сағынышын «Шексіз ғарышта тыным тапқан екеуінің жұмыр жердің бетінде тіршілігін жалғастырып жатқан балалары мен немерелеріне жан жылуын жолдап жатқанына сенгім келеді» , — деп жазған еді. Кемел Тоқаев Қазақстан тәуелсіздігін алып, өз алдына егемен мемлекет болғанын көрген жоқ, өмірден өтіп кетті. Алайда тұяғы, ұлы бүгінде тәуелсіз Қазақстанның мемлекет басшысы атанды, бұған дейінгі қызметтерінде де абыройлы да, даңқты болды, бүгінде барша қазақтың сенім артар тұлғасына айналды.

Оралбек БОТБАЙ, 
Аймақтық менеджмент академиясының профессоры, филантроп, 
«Құрмет» орденінің кавалері