#Қазақстан

#Түркістан

#Мәдениет

#Тәуелсіздік30

#Руханижаңғыру

#Shymkent

#Covid-19

Редакция таңдауы

Қазақстан Президенті АҚШ-тың Сауда министрі Уилбур Росспен кездесті

Мемлекет басшысы Сауда министрінің бұл сапары АҚШ-тың Орталық Азия өңірімен ынтымақтастықты дамытуға мүдделі екенін айқын аңғартатынын, сондай-ақ өзара экономикалық байланыстарды нығайтуға септігін тигізетінін айтты.

Кездесу барысында тараптар екі елдің сауда-экономика және инвестиция салаларындағы қарым-қатынастарының қазіргі жағдайы мен даму перспективаларын талқылады, деп хабарлайды Adym.kz ақпарат агенттігі akorda.kz сайтына сілтеме жасап.
Мемлекет басшысы Сауда министрінің бұл сапары АҚШ-тың Орталық Азия өңірімен ынтымақтастықты дамытуға мүдделі екенін айқын аңғартатынын, сондай-ақ өзара экономикалық байланыстарды нығайтуға септігін тигізетінін айтты.
Нұрсұлтан Назарбаев биылғы қаңтар айындағы АҚШ-қа ресми сапары барысында жоғары деңгейде өткен кездесулердің нәтижелеріне тоқталды.
– Кездесуде Президент Дональд Трамппен өзара түсіністікке қол жеткіздік. Қазақстан мен Америка арасындағы қарым-қатынастар кеңейтілген серіктестік деңгейіне көтерілді. Бұл туралы тиісті мәлімдемеге қол қойылды. Мен ресми сапар барысында АҚШ-тың «бизнес капитандарының» үлкен тобымен кездестім. Бірлескен бизнес-форумда жалпы құны 7 миллиард АҚШ доллары болатын түрлі 27 коммерциялық құжатқа қол қойылды. Бүгінде елдеріміз арасындағы сауда көлемі 2 миллиард АҚШ долларына жетті. Биыл бұл көрсеткіш 30 пайызға өсті, – деді Қазақстан Президенті.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы екі ел арасындағы ынтымақтастықтың даму тарихына тоқталып, Қазақстан тәуелсіздігінің алғашқы жылдарында қол қойылған келісімдер жөнінде айтты.
– Қазақстан ядролық қарудан бас тартып, әлемдегі ірі ядролық полигонды жапқан соң, біз Президент үлкен Джордж Бушпен ынтымақтастық жөнінде бірінші келісімшартқа қол қойдық. Сол кезде «Шеврон» компаниясы біздің елде жұмыс істеуге ниет білдірді. Бұл компания жұмысының тарихы Қазақстанда бизнес жүргізудің қаншалықты табысты болатынын айқын көрсетеді, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы бүгінде Қазақстанның көпвекторлы саясат жүргізіп отырғанын және серіктес елдердің бәрімен тату қарым-қатынас орнатқанын атап өтті.
Уилбур Росс Нұрсұлтан Назарбаевқа кездесуге мүмкіндік туғызғаны үшін ризашылық білдіріп, Астананы көрген кездегі әсері жөнінде әңгімеледі.
– Мен Қазақстанға бірінші рет келіп отырмын. Әуежайдан келе жатып, Астананың сәулетіне тамсана қарадым. Сіздерде құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде әрі экономикаларыңыз да қарыштап дамып келеді, – деді АҚШ-тың Сауда министрі.
Сондай-ақ, У.Росс Астанаға өзімен бірге Қазақстанмен сауда-экономикалық қатынастарды дамытуға ниет білдірген америкалық 16 компанияның делегациясы келгенін атап өтті.
АҚШ-тың Сауда министрі Қазақстан Президентіне АҚШ Президенті Д.Трамптың ізгі тілегін жеткізіп, екі мемлекет арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтып, кеңейте түсуге мүдделі екенін айтты.

Соңғы жаңалықтар