«Шымкент қаласының әкімдігі бұрынғы облыс әкімдігінің ғимаратына көшті», деп хабарлайды Adym.kz ақпарат агенттігі Ernur.kz ақпараттық порталына сілтеме жасап.
Мемлекеттік мекеме қызметкерлері төрт күндік мерекелік демалысты пайдаланып, Нұрсәт мөлтек ауданында орналасқан әкімшілік іскерлік орталығына көшкен. Мұнан бөлек, әкімдік қызметкерлері 16 қабаттан тұратын әкімдік ғимаратының маңдайшасындағы «Түркістан облысының әкімдігі» деген атауды латын әліпбиімен жазылған «Шымкент қаласының әкімдігі» деген атауға ауыстырып үлгерген.
Алдағы уақытта қала тұрғындары мегаполис әкімдігін Қаратау ауданындағы Астана даңғылы 10, мекен-жайынан таба алады. Естеріңізге салар болсақ, Елбасының Жарлығына сәйкес Түркістан облысының орталығы Түркістан шаһарына ауысқан соң, облыс әкімдігінің қызметкерлері 15 тамыздан бастап солай қоныс аударған болатын.
Шымкент қаласының 364 га жер аумағында бой көтерген жаңа әкімшілік-іскерлік орталығында әкімдік ғимараты, драма театры, конгресс хол және бірнеше әлеуметтік нысандар бар.