«ШЫМКЕНТ-СИТИ» ҚАЛАШЫҒЫНА «НҰРЛЫ ЖЕР» БАҒДАРЛАМАСЫ АРҚЫЛЫ КӨПҚАБАТТЫ ТҰРҒЫН ҮЙЛЕР САЛЫНАДЫ

«Шымкентте «Шымкент-сити» жобасы аясында көлемі 427 гектарды құрайтын қалашықта 300-ден астам көпқабатты тұрғын үй 70 мыңға жуық тұрғынды баспанамен қамтамасыз етеді», деп хабарлайды Adym.kz ақпарат агенттігі қала ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Заманауи үлгіде салынып жатқан қалашықта 316 көпқабатты үй соғылады. 9, 12, 16 қабаттан тұратын баспаналар құрылысының орталығында көлемі 49 га болатын саябақ алаңы орналаспақ. «Шымкент-ситиде» жанға жайлы қажеттіліктің бәрі қарастырылмақ. Әлеуметтік нысандар — мектептер мен балабақшалар, емханалар және шаһарлықтардың тынығатын орындары бой көтереді деп күтілуде.
Қазіргі таңда қалашықта  көше құрылысы мен 10 үйдің (әрқайсысы 54 пәтерден тұрады) инженерлік-коммуникациялық жұмыстары жүргізілуде. «Үйлер беріктігі жағынан жоғары санатты құрамалы темірбетонды конструкциялардан бой көтеретін болады. Бұл — коммуналды үйлер.
Ал, мұндағы коммуникациялық жұмыстар «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында іске асырылуда. Аяқжолдар мен велосипедтерге арналған көшелерді салу жоспарлануда. Айта кетейік, «Шымкент-сити» қалашығы шаһардың солтүстік аймағында,  Бәйдібек би ескерткішіне таяу маңда орналасқан. Аудан заманауи инфрақұрылымымен, тұрмыста, бизнесті бастауда қолайлы жағдайымен және ең жоғары қала құрылысы мен сәулеті жөнінен ерекшеленеді. Аталған жоба Шымкенттің 2020 жылға дейінгі даму тұжырымдамасы аясында іске асырылуда. Келешекте мұнда 7 мектеп пен 21 балабақша салынбақ.