ҮШІНШІ МЕГАПОЛИСТІҢ КӘСІПКЕРЛІК САЛАСЫН ДАМЫТУҒА АРНАЛҒАН ЖИЫН ӨТТІ

«Шымкент қаласы әкімдігінде үшінші мегаполистің кәсіпкерлік саласын дамытуға арналған кеңес өтті», деп хабарлайды Adym.kz ақпарат агенттігі қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтың төрағалығымен өткен жиынға «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» Басқармасы төрағасының орынбасары Дәулет Әбілқайыров пен «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» Оңтүстік филиалының директоры Жамбыл Қалдаров қатысты. Мәжілістің күн тәртібіндегі негізгі мәселе – Шымкент қаласындағы шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту.
Сонымен қатар, кездесу соңында «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының аясында шымкенттік кәсіпкерлік субъектілеріне жеңілдетілген несиелендіру, субсидиялауға байланысты бірқатар маңызды шешімдер қабылданды.
Айта кетейік, жиында қабылданған барлық шешімдер жақын уақытта өтетін Шымкент қаласы мәслихаты сессиясында қаралатын болады. Қорытынды сөз халық қалаулыларымен шешілетін болды.
Шымкенттің алдында еліміздің үшінші қаласы, кәсіпкерлік, сауда орталығы, тұрғындар үшін ыңғайлы әрі қонақтар үшін тартымды заманауи мегаполис атану міндеті тұр. Бұл оңай міндет болмаса да, орындалары анық. Және де шымкенттіктерде оны орындауға қажет мүмкіндік баршылық: Шымкенттегі кәсіпкерлік айтарлықтай белсенді дамуда, шағын және орта бизнес субъектілерінің саны өсіп келеді.