Бұл қалаға әдемі көрініс берсе, шаһар тұрғындарына жаздың аптап ыстығында салқын ауасымен қоса көтерінкі көңіл күй сыйлайды. Субұрқақ адамзатқа тек жақсы әсер береді.
Әрине мұның бәрі жасанды. Ертеде ақындар, ойшылдар сарқырамалардың жанында отырған, оларға түрлі жаңа ойлар пайда болатын болған. Субұрқақ та дәл сол секілді адамға көтеріңкі көңіл күй, жаңаша ойлар береді. Қала аумағының ұлғаюына орай бұл «ауа тазартқыштар» саны еселене түсуде. Шаһарымыздың қақ ортасында орналасқан «қызғалдақ» субұрқағының салмағы 7 тонна болса, биіктігі 10 метр. Қауыз жарған күлтелер бөлігінің диаметрі 7 метрді құрайды. «Қызғалдақ» су көмкерген бассейннің ортасында орналасқан. Диаметрі 30 метрді құрайтын бұл жер шіліңгір шілдеде балалардың шомылу орнына айналады. Ал, Тәуелсіздік саябағындағы әсем әуенге елітіп «билейтін» субұрқағы да Шымқаланың адам аяғы үзілмейтін демалыс орны.
Жаз айларында құлақ құрышыңызды қандыратын музыка үні, түрлі шырақтармен шағылыса көкке ұмтылған субұрқағы күні бойы шаршауыңызды басатыны тағы бар. Мамандар қаламыздағы әрбір фонтанның қосылуынан бастап әрбір ұңғымасының таза болуын қадағалап, тазалығын реттеп отырады. Әзірге қаламызда билейтін субұрқақтар үшеу. Алдағы уақытта субұрқақтар саны бұдан да көбеюі әбден мүмкін.