ШЫМКЕНТТЕГІ САЯБАҚТАР МЕН КӨПҚАБАТТЫ ТҰРҒЫН ҮЙ АУЛАЛАРЫ АБАТТАНДЫРЫЛУДА

«Шымкент қаласы аумағындағы көпқабатты тұрғын үйлер мен саябақтар абаттандырылуда», деп хабарлайды Adym.kz ақпарат агенттігі   shymkala.kz сайтына сілтеме жасап.

Мәселен, Әл-Фараби ауданында көріктендіру және санитарлық тазалық жұмыстары аясында 2018 жылдың алғашқы 6 айында көп қабатты үйлердің аулалары, ішкі орам жолдары тазаланып, 5 586 т.м. қоқыс шығарылған. Көктемде елдімекендерді абаттандыру және көріктендіру жұмыстарына сәйкес 383 қураған ағаш кесілген.
– 1 767 ағаш санитарлық әдіспен қырқылса, 16 220 түп ағаш әктелді және 17 701 ш.м. жердің қураған шөбі орылды. Аудандағы барлық көпқабатты тұрғын үй 400 аулаға біріктірілген. Жұмыстың басым бөлігін ТҮКШ бөлімі мен тиісті мердігер мекемелер орындайды. Бұған қоса тұрғындардың өтінішіне байланысты тазалық, санитарлық жұмыстары атқарылады. Біз тұрғындарға жасыл-желекті күтіп-ұстауға байланысты түсіндіру жұмыстарын ұйымдастырамыз, – дейді аудандық әкімдіктің инфрақұрылым және көріктендіру бөлімінің басшысы Бақыт Мелдебеков.
Биыл Еңбекші ауданында Бекет батыр көшесінде орналасқан гүлзардан бөлек Шымкент каналының бойы да көріктендірілді.
12-шағынауданда орналасқан бұл каналды абаттандыру жұмыстары демеушілер есебінен жүргізілді. Аудандық әкімдіктің инфрақұрылым және көріктендіру бөлімінің басшысы Бахтияр Тұрабековтың айтуынша, аудан аумағының тазалығын сақтап, көгалдандыру мақсатында жыл басынан бері 7 рет сенбілік ұйымдастырылыпты.