ШЫМКЕНТТЕ ОҚУШЫЛАРҒА АРНАЛҒАН РОБОТОТЕХНИКА МЕН ІТ СЫНЫПТАРЫ ЖҰМЫС ІСТЕП ТҰР

«Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев Шымкент қаласына жасаған сапары барысында ОҚМПУ-гі мектеп оқушыларын робототехника пәніне оқытатын IT сыныптарын аралап, ондағы жұмыстармен танысты", деп хабарлайды Adym.kz ақпарат агенттігі аталған университеттің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бұл жерде 6 сынып 80-ге жуық балаларды оқытып шығарады. Алдағы екі жылдың ішінде осындай сыныптардың саны көбейіп, 23500-ге жуық бала IT технологиясының қыр-сырын меңгеріп шығады. Сондай-ақ «Нұр Отан» партиясы төрағасының орынбасары мектеп мұғалімдеріне IT технологияларын үйрететін ОҚМУ-гі орталықты аралады. Бүгінгі таңда мұнда Түркістан облысының аудандарындағы мектептерден келген информатика пәнінің 20 мұғалімі және мамандығы информатик, бірақ жұмыссыз жүрген 8 адам екі апталық мерзіммен тәлім алып жатыр. Ең бастысы – мұғалімдер мен оқушыларды осы әдіспен оқыту тегін жүзеге асып отыр. Болашақта оны бітірген жұмыссыз жандар Облыстық Кәсіпкерлер палатасы бағдарламасы аясында өз бизнесін ашады немесе жұмыс табады.
Мәулен Әшімбаев келешекте елміздегі барлық салаға цифрландыруды енгізудің маңызды міндет екендігін айтты:
— Алдағы уақытта партия мемлекеттік органдармен, үкіметтік емес ұйымдармен және бизнес қауымдастықтарымен бірлесіп тегін оқытатын 1000 IT сыныптарын ашуды жоспарлап отыр. Онда 150 мың бала цифрлық технология бойынша білім алады. Бұл Қазақстан үшін цифрландыру ісіндегі маңызды қадам. Осы салада әлі де болса білікті мамандардың жетіспейтіні белгілі. Партия осындай жобалар арқылы олқылықтарды жояды, – деді «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары.