Шымкент қаласы әкімдігінің алғашқы бес басқармасы құрылды. Тіпті, уақытша сынақ мерзімімен аталмыш басқармалардың басшылары да тағайындалды. Атап айтар болсақ, табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының міндетін Ахмет Өтегенұлы Татыбаев атқармақ. Аталмыш лауазымға тағайындалғанға дейін ол Абай ауданының әкімі қызметін атқарған. Еңбек инспекциясы және көші-қон басқармасына Қалжанов Бауыржан Ахметәліұлы басшылық етпек. Бұған дейін Әл-Фараби ауданының әкімі лауазымын атқарған Бауыржан Ахметәліұлының есімі қала тұрғындарына жақсы таныс. Денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқару Нұрлан Кәукенұлы Қасымовқа жүктелді. Бұған дейін ол Әлеуметтік сақтандыру қорының Павлодар облыстық филиалының директоры қызметін атқарған. Туризм және сыртқы байланыстар басқармасы басшысының міндеті Тұрар Асхатұлы Ахметовке жүктелді.
Шымкент қаласының ақпараттандыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасы басшысының міндетін Юсупова Айнур Абдуахасқызы атқармақ.