#Қазақстан

#Түркістан

#Мәдениет

#Тәуелсіздік30

#Руханижаңғыру

#Shymkent

#Covid-19

Редакция таңдауы

ТҮЙМЕБАЕВ ТӨЛЕ БИ АУДАНЫНДАҒЫ АУЫЛШАРУАШЫЛЫҚ КООПЕРАТИВТЕРІНІҢ ЖҰМЫСЫМЕН ТАНЫСТЫ

"Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев жұмыс сапарымен Төле би ауданында болып, мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысын пысықтады", деп хабарлайды Adym.kz ақпарат агенттігі облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Облыс әкімі алдымен, Көксәйек ауылдық округіндегі «Keremet agro Group» ауылшаруашылық өндірістік кооперативінің жұмысымен танысты. Кооператив 2017 жылы 40 га жерге қарқынды алма бауын еккен. Осы жұмыстар үшін 503 млн. теңге көлемінде инвестиция тартқан. Ауылшаруашылық өндірістік кооперативінің төрағасы – Озықбай Абзал Мейрамбекұлы. «Гала», «Голден делишес», «Айдаред» және «Ред делишес» атты алманың сұрыптары егілген бауда 87500 дана түп ағаш бар. Кооперативте 50 адам тұрақты жұмыс істейді. Орташа айлық жалақысы – 90 мың теңге.   
Мұнан кейін облыс әкімі Тасарық ауылында орналасқан жеке кәсіпкер С.Танабаевтың жүзім шаруашылығында болды. Кәсіпкер тастақ жерді тиімді пайдаланып, 2016 жылы жаңа технологиямен 10 гектарға жүзім еккен. Ал, 2017 жылы қосымша 10 гектар жерге 16 мың түп көшет отырғызды. Шаруашылыққа қарасты 20 гектарға жалпы саны 32 мың түп «Таифи-Розовый» жүзімі егілген. Бетон тіреуіштер орнатып, тамшылатып суару жүйесін қолданған. Көшеттерді Сарыағаш ауданынан алдырған. Жобаның жалпы инвестициялық құны – 50 млн. теңге. Бұл қаржының тең жартысын «Даму» бағдарламасы аясында «Оңтүстік» аймақтық инвестиция орталығы бөлген. Қожалық басшысы 10 гектар жерді сатып алса, 10 гектар жерді мемлекеттен 49 жылға жалға алған. Жүзім алқабының әр гектарына мемлекет тарапынан 750 мың теңгеден субсидия берілді. Жүзімбақ биыл алғашқы өнімін бере бастайды. Гектарына 35-40 тоннадан өнім береді деп күтілуде. Бүгінде жүзімбақта 10 адам тұрақты еңбек етіп жатыр. Жалақылары орташа есеппен 50 мың теңгені құрайды. Ал, маусымдық жиын-терім мезгілінде мұнда 20-ға жуық адам жұмысқа тартылады. Шаруа қожалығы алдағы жылдары жүзімді қайта өңдеу ісін қолға алып, жүзімбаққа жақын маңнан көкөніс сақтау қоймасының құрылысын бастамақ.                                                                     
Өңір басшысы Қасқасу ауылдық округі, Кеңесарық елді мекенінде орналасқан «Есімхан төбе» (Дәуіттөбе қалашығы) тарихи орнына келді. Археологиялық ескерткіш Сайрамсу өзенінің оң жағасында орналасқан. Географиялық координатасы — С. 42°13,642, Ш. 070°886. Дәуіттөбе қалашығы отырықшы мәдениеттің орталығы болған. Қалашыққа 2006 жылы Түркістан облысы әкімдігінің «Тарихи мәдени мұраны қорғау, қалпына келтіру және пайдалану жөніндегі орталығы» МКҚК зерттеу жүргізген. Көне қалашық туралы деректер ҚР БҒМ, Ә.Х.Марғұлан атындағы Археология институтында сақтаулы. Ғалымдардың болжамы бойынша «Есімхан төбе» XIV-XVIII ғғ. салынған.
Ж.Түймебаев жұмыс сапарының соңында Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болшаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының облыс аумағында атқарылу барысы туралы кездесу өткізіп, Төлеби ауданында түсіріліп жатқан «Төле би» атты 10 сериялы көркем фильмінің түсірілім алаңын аралады. Облыс әкімдігінің қолдауымен «Сақ» киностудиясы қолға алған бұл фильм жастарды отансүйгіштікке тәрбиелейді.

Соңғы жаңалықтар