ОҢТҮСТІКТЕ ҮЛГІЛІ ЕКІ ОТБАСЫ 1 МЛН ТЕҢГЕНІҢ ЖҮЛДЕСІН ЖЕҢІП АЛДЫ

Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің және облыстық отбасы, балалар және жастар істері жөніндегі басқармасының ұйымдастыруымен Шымкент қаласындағы облыстық Ш.Қалдаяқов атындағы филармониясында «Мерейлі отбасы — 2018» ұлттық конкурсының жеңімпаздарын салтанатты марапаттау шарасы өтті, деп хабарлайды Adym.kz ақпарат агенттігі.
«Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы адамгершілік құндылықтарды қайта жаңғыртуға, отбасы мәртебесін көтеруге бағытталған. Шараның мақсаты — отбасы институты, адамгершілікті, руханилықты, бала тәрбиесіндегі ата-ананың жауапкершілігін, отбасы құндылықтарын насихаттау, кәмелетке толмаған балаларды еңбекке жарамсыз және қарт ата-аналарына қамқорлық жасауға үгіттеу, сонымен қатар қазақстандық отбасының жағымды имиджін насихаттау.
Айта кетерлігі, 2018 жылы 25 мамыр күні облыстық «Мерейлі отбасы-2018» ұлттық  байқауының жеңімпаздарын анықтау бойынша комиссия отырысы өткен болатын. Онда 15 аудан, қаладан 38 отбасы ұсынылып, 30 отбасы үздік деп танылды.
«Мерейлі отбасы-2018» ұлттық конкурсына ерекше маңыз беріп, мемлекеттің отбасы мен неке мәртебесін нығайту мәселесіне қамқорлығы мен назарын бөлу мақсатында өткізілген салтанатты іс-шараға облыс әкімінің орынбасары Е. Садыр қатысып, жеңімпаздарды құттықтады. Сонымен қатар, облыстық  мәслихаттың депутаттары, сонымен қатар, облыстық басқарма басшылары, облыстық этномәдени орталықтарының өкілдері, облыстың зиялы қауымы, облыс ардагерлері, білім саласының қызметкерлері, жастар өкілдері, ОҚО әкімі жанындағы отбасы және әйелдер ісі жөніндегі комиссия мүшелері, Үкіметтік емес ұйым басшылары және БАҚ өкілдері болды.
Мемлекет басшысының бастамасымен, бүгінде бесінші рет өткізіліп, дәстүрге айналған «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының облыстық қорытынды кезеңінде облыс әкімі Ж.Түймебаевтың алғыс хатымен қатысқан барлық 28 отбасы өкілдері (лауреаттары) 200 мың теңге қаржылай сыйлықпен марапатталды.  Сонымен қатар, Қазығұрт ауданының Момынов Мұхтар Момынұлының және Мақтаарал ауданы, Серікбаев Сапаралы отбасылары, 1 000 000 теңгеден қаржылай сыйлыққа ие болып, қыркүйек айындағы отбасы күніне орай өтетін республикалық байқауға жолдама алды.