«Бұл күн жыл бойы алтау ала болған ағайын бір-бірін татулыққа шақырып, өзара кешірім сұрасып, табысатын күн. Өкпе-ренішті ескі жылға қалдырып, көңілдегі кірбің бір мезетте сейілетін күн. Ал, тойға келген ағайын, барлығымыз орнымыздан тұрып, бір-бірімізбен құшақтасып, жақсы тілек айтайық», деді өңір басшысы Жансейіт Түймебаев.
Мейрамға жиналған 10 мыңнан астам жұрт бір сәтте қотарыла тұрып, төс қағыстырып, игі лебізді іліп алып кетті. Сонау биікте талай аңыз бен әфсанаға арқау болған қарт Қазығұрт та өзін мекен еткен зәузаттарының келісті ісіне келісім танытып тұрғандай…
Жұрттың жүзінен жақсылыққа асығудың, жанарынан жарық күнге деген құштарлықтың белгісі менмұндалайды.                                                                                          
Бұл Нұқтың кемесі қайраңдаған Қазығұртта өтіп жатқан жыл басы – Наурыз меркесі еді! Алаштың «Жанартау» ақыны Мұқағали талантына шабыт қосқан Қазығұрттың өлкесі құт. Түгін тартсаң майы шыққан, жатып қалған жабысы жайылып үйір болған Қазыналы жұрт!                                                                                    
Міне осы күнгей өлкені түлетіп, түрлендіруге табандылық танытқан Түймебаев Наурыз мейрамында бірқатар ел ағаларымен бірге қасиетті Кемеқалған шыңына салынар нысанының қазығын қақты.                                                                                          
«Алдағы уақытта Қазығұрт тауын заман талабына сай ірі туристік орталық ретінде қалыптастыру міндеті тұр. Осыған орай арнайы кешен жасауды жобалап отырмыз. Қазығұрттың биігіне ұзындығы 137 метр, ені 30, ал биіктігі 15 метр тұратын үш қабатты кеме орнатылмақ. Онда музей, қонақ үй, мейрамхана, көру алаңдарының құрылысын салу қарастырылады.  Төменнен Кемеқалған нысанына апаратын жалпы ұзындығы 3,1 шақырымдық канат жолы мен 4 шақырымдық жаяу жүргіншілер жолының құрылысы жүргізілетін болады. Сондай-ақ, ұлттық ат спорты ойындарын өткізетін 20 гектар аумақта атшабар құрылысы жоспарланып отыр»,  деді Жансейіт Түймебаев.                 
Анығында, туризм — табыс кілтіне айналған Түркияда тәжірибе жинақтаған экс елші Түймебаев шетелдік жобаларды Оңтүстікте жүзеге асыруға күш салып келеді. Оның дәлелі Шардарадағы жағажай, Түркібасы мен Төлебидегі тау саяхаты,  экотуризм, Түркістан, Созақ, Бәйдібек, Отырардағы тарихи, рухани туризм саласына арналған ірі жобалар…
Әз Наурыз мерекесін Күнгей өлкенің осынау құт қонған мекенінде мерекелеудің өзі тарихи сабақтастықты қайта жаңғырту болмақ.  Өңір басшысы Жансейіт Қансейітұлы тойланып жатқан «Наурыз Қазығұрттан басталады» мерекелік іс-шарасының Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласымен үндесіп, үйлесіп жатқандығын тілге тиек етті.                                           
Әрі, 3 миллионға тарта халқы бар Оңтүстік Қазақстан облысында жыл он екі ай өтетін іс-шаралар жоспарымен таныстырды. Сонымен қатар, «Туған жерді түлету – перзенттік парыз!» бастамасына үлес қосқан бірқатар кәсіпкер азаматтарға арнайы сый-сияпат көрсетті.
Онан соң тау етегіндегі этноауыл бір сәт ертегілер әлеміне көшіп кеткендей әсерде қалдық. Әсіресе, театрландырылған «Күннің жаңаруы», «Табиғаттың жаңаруы»  мерекелік бағдарламасы, төрт түліктің аталары, Қыдыр баба халықтық мейрамның бояуын қалыңдата түсті. Әсіресе, ат десе асын тастауға шақ халық тау бөктерінен шауып өткен  300 шақты жүйріктің дүбірінен тіпті аруақтанып кетті. Әр тұстан қиқулаған үн, «Әй, жануар-ай!» деген сүйініштер естіліп жатты.                                   
Ойпаңға тігілген ақ жұмыртқадай 50-ге тарта киіз үй, мама ағашта жабуланған жылқылар, аулада күрес салған, алтыбақан тепкен бозбалалар, домбыраның шанағынан әуелеп ұшқан әгугай әуендер бәрі-бәрі көшпендінің жаһандану көшінде жадынан жалт еткен «ескі танысын» қайта тапқандай әсер қалдырды…                        
Ақжағалы костюмын ұлттық нақыштағы оюлы шапанға айырбастаған өңір басшысы  этноауылдағы мерекелік думанға араласты. Ләңгі тепті, домбыра тартты. Білектілердің ойыны — көкпарға сыйлық атады. Ұлттық рәсімдерге қатысып, сәбилердің тұсауын кесті.
Облыс әкімі Жансейіт Түймебаев алғаш рет облыстық, аудандық, қалалық, ауылдық ардагерлер кеңесі мен зиялы қауым өкілдерінің басын қосып, кеңес өткізді. Әрі, «Зорлық-зомбылықсыз – Оңтүстік» акциясын жариялады. Өз сөзінде аудан, қала әкімдіктеріне ұрпақ тәрбиесіне мән беріп, қылмыс пен құқықбұзушылықтың алдын алу бойынша кешенді жұмыстар ұйымдастыруды тапсырды.                                               
Дәстүр сабақтастығын жаңғыртып, ескі жылдан аман-есен шыққандықтарына шүкіршілік етіп жеті дәннен көже әзірлеген Қазығұрт жұрты ұлық мейрамда ұмыт болып бара жатқан 40-тан астам ұлттық тағам дайындапты. Соның бірі «Қимай» тағамы. Қысқы соғымға сойылған сиыр түлігінің етін қарынға салып пісіретін  кәделі ас.
Мерекеге орай жайылған дастархан басында БАҚ өкілдерімен қатар түстенген Түймебаев «Қимайдан» дәм татып отырып, «Келесі жылға дейін бір-бірімізді осылай жамандыққа қимай тату-тәтті өмір сүрейік» деп ағынан жарылды.                                 
Тіпті, ұлт журналистикасының мұраты «Қазаққа болсын» деген пайдалы ақпарат тарату екендігін әңгімеге арқау етіп, әріптестерімізді «Мәңгілік елдің»  тұтастығына қастық ойлағандардың жетегіне еріп кетпеуге шақырды.                                               
«Түркиямен қатар Еуропаның дамыған елдерінде көптеген сапарларда болдым. Байқағаным, олар өте тез бірігіп, ұйысып кете алады. Мәселен, түрік, шешен жастары, тау халықтарының өкілдері өзінің ұлттық әуендері шырқалса, ер-әйел демей билеп, ұрандап, рух шақырады. Біз бұл жағынан кенжелеп келеміз. Біздің жастарға «күш» беретін  патриоттық ән мен күй, иық тірестіріп, қол ұстасқан би қажет», деді өз сөзінде өңір басшысы.                                                                                                              
Міне, «Наурыз — Қазығұрттан басталады» деген тарихи байламға берік оңтүстікқазақстандықтар осылайша  көктем мейрамын өз түпкі жұртына Құтпан жылы қайтып алып келді.                                                                                                       
Жуырда ғана Астанада бас қосқан Орта Азиядағы бауырлас төрт ел басшылары Наурыз мерекесіне бірлескен мәлімдеме қабылдаған болатын. Мерекенің символдық мәніне маңыз берген мемлекет басшылары алдағы уақытта дәл осындай ұлық мереке қарсаңында кездесуді дәстүрге айналдыруға уағдаласқан-ды. Мәселен, келесі Наурыз қарсаңындағы кездесу Ташкентте өтеді. Бұндай басқосулар ынтымақтастықты арттырып, байланысты да дамыта түсер анық.
Ендеше, түбі бір түркіге ортақ мейрамның түп қазығы Қазақ елінде, оның ішінде Оңтүстік Қазақстан облысының Қазығұрт тауында екендігі біз үшін мақтаныш емес пе?!.
 Автор: Нұршат ТӨКЕН
Фото: Мақсат ШАҒЫРБАЕВ
Қазығұрт ауданы, Атбұлақ ауылы,
Қазығұрт тауының баурайы.
21.03.2018