Қытайдағы этникалық қазақтардың жаппай қысымға ұшырап жатқаны туралы ақпарат ресми түрде расталды. Осыған орай мәселенің мән-жайын анықтау үшін Қытай тарапына дипломатиялық нота жіберілді. Журналистердің сауалына жауап берген ҚР сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов осылай деп мәлімдеді.
Қайрат ӘБДІРАХМАНОВ, Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі:
«Бұл мәселені бақылауда ұстап отырмыз. Өйткені, ұсталған азаматтардың туыстары бізге қажетті мәліметтерді ұсынды. Аталған мәліметтер расталды. Сондықтан Қытай тарапына ресми түрде дипломатиялық арналар арқылы дипломатиялық нота жібердік. Толық мәлімет алынған соң, оның барлығын бізге өтініш білдірген Қазақстан азаматтарының туыстарына міндетті түрде беретін боламыз. Біз олармен де тығыз байланыстамыз».
Еске сала кетейік, бұған дейін бұқаралық ақпарат құралдарында Қытайдағы қазақтардың қысым көріп, қудаланып жатқаны туралы хабарлаған болатын.
Өткен жылдың соңында Қытайдағы қандастарымызға қатысты мәселені сенатор Нұрлан Қылышбаев көтеріп, аталған мәселенің қаншалықты шындыққа жанасатындығын анықтауды сұраған болатын.
Нұрлан ҚЫЛЫШБАЕВ, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
«Ақпараттық кеңістікте, әлеуметтік желілерде Шыңжаңда қоныс тепкен бір жарым миллионнан астам қандасымыздың заңдық құқықтарының шектелуі туралы әңгіме кең таралуда. Шынымен де Қытайдағы этникалық қазақтар қысым көруде ме? Бұл іске сыртқы істер министрлігі араласып, мән-жайды анықтауы керек».
Қытайдағы этникалық қазақтардың жаппай қысымға ұшырағаны туралы ақпараттар 2017 жылдың сәуір айынан бастап тарай бастаған. 2017 жылдың 23 маусымында Астанада өткен дүниежүзі қазақтарының V құрылтайында Германиядан келген қандасымыз Өмірхан Алтын мемлекет басшысының алдында бұл мәселеге назар аударуын сұраған еді.
Өмірхан АЛТЫН, Германиядан келген қазақ:
«Қытай үкіметі өзінің негізгі заңына және халықаралық адам құқықтарына қайшы әрекет жасап отыр. Қытайдағы бауырларымыздың құқықтары тапталуда. Ол қиын-қыстау кезеңді бастан кешуде. Сондықтан қиындыққа душар болып отырған ағайындарымызды да естен шығармайық».
Қазақ құрылтайына қатысқан мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жағдайдан хабарсыздығын, енді бақылауда ұстайтынын айтқан болатын.
Естеріңізге салар болсақ, ондағы қазақтар Қытайдың Шыңжаң-ұйғыр автономиялық ауданының Іле-қазақ автономиялық облысына қарасты аудандары мен қалаларда, Алтай, Тарбағатай аймақтарында, сондай-ақ тағы бірнеше өңірдегі қазақ автономиялық аудандарында, Үрімжі қаласында көп шоғырланған.