«Қарғын», «Бонапарттың үйленуі», «Сүйекші» атты шығармалары арқылы елінің сүйікті жазушысына айналған Дулат Исабеков: «Қазақ әдебиеті» газеті менің жақсылықтарым туралы жарты сөз қимады», — деп мәлімдеді.
Алайда, аталған әдеби басылымда көрнекті қаламгердің жеке шығармашылығы туралы көлемді мақалалар жарық көрген.
Бұл туралы «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Жанарбек Әшімжан  фейсбуктағы парақшасында айтып өтті.
«Қазақ әдебиеті» газеті менің жақсылықтарым туралы жарты сөз қимады деп соқты аса қадірлейтін Дулат Исабеков ағам. Ата сақалы аузына түскенде неге өтірік айтады,біздің ақсақалдар? Осы үш мақала да мен қол қойған газетте шыққан…»Анығында, аталған газеттің 2017 жылдың 10 қарашасындағы санында «Исабеков әлемі» деген атпен жазушының портретін жасамақ ниетте газет радакциясы Қазақстанның халық жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісов, ҚР Халық әртісі Есмұхан Обаев, жазушы, драматург Смағұл Елубай, белгілі аудармашы Бақытжан Қанапиянов сынды  таңдаулы әдебиет және мәдениет қайраткерлерінің пікірін жариялаған.
Сонымен қатар, өткен жылдың қазан айында ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Дулат Исабековтың 75 жасқа толған мерейтойына орай Лондон қаласында өткен «Қазақ өнерінің фестивалі» атты театр апталығы туралы да басылым бетінде көлемді мақала жарық көрген.
Тіпті, Лондондағы Қазақ өнерінің ІІІ фестивалі аясында өткен Дулат Исабековтың Англия парламентінің жоғарғы Лордтар палатасындағы кездесуі туралы «Қазақ әдебиеті» газеті «Қазақ жазушысының Лордтар мінберінен сөз сөйлеуі қазақ әдебиеті үшін мерейлі оқиға», —  деп сүйіншілеп, ақпарат таратқан екен.
Ендеше, күллі Қазақ елі рухани дүниелеріне тамсанып, жата-жастана оқып, сөз зергері санап жүрген жазушының мұндай мәлімдеме жасауы қайткені?! Әлде, жазушы қауым да газет оқудан қалып бара ма?