Қазгидромет — Қазақстан Республикасының Гидрометеорология жөніндегі бас басқармасы – орталық басқару мекемесі. Ол гидрометеорология және экологиялық мониторинг, сондай-ақ су қорының мемлекеттік есебін және су кадастрын жүргізетін респуббликалық мемлекеттік кәсіпорнын біріктіреді. Қазақстанда алғашқы аспаптық метеорология бақылаулар 1848 жылы Қазалыда, 1854 жылы Семейде, 1856 жылы Ырғыз бен Қызылордада жүргізіле бастады. Гидрология бақылаулар алғаш рет (1890) Ертіс өзенінде басталды. 1917 жылы Қазақстан аумағында 94 метеорологиялық станция мен 49 бекет, 123 гидрометеорология бақылау пункттері жұмыс істеді. 1922 жылдың 23 қаңтарында Бас физика обсерваториясының Орынбор облысы метеорология бюросы құрылған. Ол 1925 жылы Қазақстанның Орталық метеорология бюросы болып, ал 1931 жылы Қазақ гидрометеорология болып қайта құрылды. Оның негізінде 1933 жылдың мамыр айында Қазақ гидрометеорология қызметінің біртұтас басқармасы құрылды. Оның бірінші басшысы Қазақстанның белгілі саяси қайраткері – О.Жандосов болды. 1992 жылдың 7 ақпанында Гидрометеорология жөніндегі бас басқарма болып қайта құрылды. Қазіргі кезде «Қазгидромет» жүйесіндегі метеорология, агрометеорология, гидрология, көл және теңіз станциялары мен бекеттерінің саны 750.
«Қазгидрометтің» негізгі міндеттері: республикада гидрометеорология және табиғи орта мониторингі саласында бірыңғай ғылыми-техникалық саясат жүргізу; әр түрлі өнеркәсіптер мен шаруашылықтарды, халықты қазіргі және болашақтағы климат пен табиғи орта мәліметтерімен қамтамасыз ету; қауіпті және апатты гидрометеорология құбылыстарды алдын ала болжап хабарлау; қоршаған ортаға адамзат әрекетінің теріс әсерін болдырмау, т.б. «Қазгидромет» табиғи ортаның мониторингін жүргізу барысында аса улы 20-дан астам заттарды анықтау үшін республиканың 26 қаласындағы 94 тұрақты пункттерде атмосфера ауаның құрамына бақылау жүргізеді. Бақылау материалдары бойынша дерекқор қалыптастырылады және ақпараттық-экология бюллетеньдер, анықтамалар, шолулар жарияланады. 1873 жылы Бірінші халықараралық метеорология конгресте халықаралық метеорология ұйым құрылды. Ол 1947 жылы БҰҰ құрамындағы Дүниежүзілік метеорологиялық ұйым (ДМҰ) болып қайта құрылды. ДМҰ-ның шешімімен 23 наурыз Халықаралық метеорология күні болып тағайындалған.ДМҰ-ның толыққанды мүшесі болып табылады.
Қазақстан климатының жай-күйі мен өзгеруі мониторингінің жыл сайынғы Бюллетені. Климаттық жүйенің мониторингі Дүниежүзілік метеорологиялық ұйым тарапынан үйлестіру кезінде және қоршаған орта жөніндегі басқа бағдарламалармен ынтымақтастықта ұлттық, өңірлік және халықаралық ұйымдармен жүзеге асырылады.
Климат — бұл табиғи ресурс, оны егжей-тегжейлі білу экономиканың көптеген салаларының даму бағытын анықтауда және кез-келген мемлекет халқының денсаулығын қамтамасыз етуде өте маңызды. Өңірлік климатты зерделеу және оның өзгеруін тұрақты мониторингілеу Қазақстанның ұлттық гидрометеорологиялық қызметінің «Қазгидромет» РМК басым міндеттерінің бірі болып табылады. 2010 жылдан бастап «Қазгидромет» РМК өңірлік климат, оның құбылмалдылығы мен өзгеруі туралы дәйекті ғылыми ақпарат беру үшін жыл сайынғы бюллетеньдер шығаруды жүзеге асырады. Қазақстанның географиялық жағдайын және оның кең аумағын назарға ала отырып, Республиканың әртүрлі өңірлеріндегі климаттық жағдайлардың байқалып отырған өзгерістері биофизикалық жүйелерге, экономикалық қызметке және әлеуметтік салаға теріс те, оң да әсер етуі мүмкін. Климаттық жағдайларды есепке алу және олардың өзгерістерін бағалау әлеуетті салдарларды айқындау және бейімделудің уақтылы және барабар шараларын қабылдау үшін, ақыр аяғында, Қазақстанның орнықты дамуын қамтамасыз ету үшін қажет.
Бюллетеннің әр шығарылымы белгілі бір жылдың климаттық жағдайларын, оның ішінде температура мен жауын-шашын режимдерінің экстремалдылығын сипаттайды және өткен ғасырдың 1941 жылдан бастап жер бетіндегі ауа температурасы мен жауын-шашын мөлшерінің өзгеруі туралы тарихи ақпарат береді. Бастапқы деректер. Бюллетеньді дайындау үшін «Қазгидромет» РМК Республикалық гидрометеорологиялық қорының деректері пайдаланылды: 1) 1941 жылдан бастап орташа айлық ауа температурасы мен айлық жауын-шашын жиынтығының қатарлары; 2) тәуліктік ең жоғары және ең төменгі ауа температурасы мен тәуліктік жауын-шашын мөлшерінің қатарлары.
Негізгі тәсілдер мен әдістер. Бюллетеньдегі «норма» деп 1961-1990 жылдар аралығындағы қарастырылып отырған климаттық айнымалының орташа көпжылдық мәні түсіндіріледі. Температураның ауытқулары байқалған мәннің нормадан ауытқуы ретінде есептеледі. Жауын-шашын мөлшерінің ауытқуы нормадан ауытқулар ретінде (ауа температурасына ұқсас) және нормадан пайызбен де қарастырылады. Аспау ықтималдығы бірқатар бақылауларда ауытқудың тиісті мәнінің пайда болу жиілігін (%) сипаттайды.
Белгілі бір уақыт аралығында климат сипаттамасындағы өзгерістерді бағалау ретінде ең аз квадраттар әдісімен анықталатын сызықтық трендтердің коэффициенттері қолданылады. Тренд маңыздылығының өлшемі – анықтау коэффициенті (R2) қарастырылып отырған уақыт кезеңіндегі климаттық айнымалының толық дисперсиясына трендтік құраушының үлесін сипаттайды (пайызбен).
Жер бетіндегі ауа температурасы мен атмосфералық жауын-шашынның белгілі бір жылдағы режимін және олардың уақыт бойынша өзгеруін сипаттау үшін Дүниежүзілік метеорологиялық ұйым ұсынған климаттық индекстер де қолданылады. Кейбір индекстер барлық станциялар үшін белгіленген бірыңғай шекті мәндерге, ал басқалары станциядан станцияға дейін өзгеруі мүмкін шекті мәндерге негізделген. Соңғы жағдайда шекті мәндер деректер қатарының тиісті пайызы ретінде анықталады. Индекстер климаттың өзгеруінің көптеген аспектілерін бағалауға мүмкіндік береді, мысалы, ауа температурасы мен жауын-шашынның қарқындылығының, жиілігінің және ұзақтығының өзгеруі.
Жер бетіндегі ауа температурасының және жауын-шашын мөлшерінің үрдістерін бағалау жекелеген станциялардың деректері бойынша да, Қазақстанның 17 облысының аумағы бойынша да жүргізіледі. Метеорологиялық айнымалылардың ауытқуларының аумағы бойынша орташа мөлшері ауытқулар туралы станциялық деректерді орташалау арқылы есептеледі. Облыстардың шекаралары төмендегі карта-схемада көрсетілген.
Қазақстандағы климаттың өзгеруі бойынша барлық облыстарында орташа жылдық ауа температурасының тұрақты жоғарылауы бақыланды. Қазақстан территориясы бойынша орташа алғанда орташа жылдықтемпературасының жоғарылауы әрбір 10 жыл сайын 0,33 ºС құрады. Орташа алғанда, 5 жекелеген облыстардың аумағы бойынша өсу қарқыны 0,21 ºС/10 жылдан (Қарағанды облысы) 0,54 ºС/10 жылға (Батыс Қазақстан облысы) дейін ауытқиды. Қыстан басқа барлық мезгілдерде температураның жоғарылауы статистикалық маңызды.
Қазақстан территориясындағы орташа жылдық және мезгілдік жауын-шашынның барлық тенденциялары статистикалық тұрғыдан маңызды емес. Атмосфералық жауын-шашынның жылдық мөлшерінің (0,8 мм/10 жыл) ұлғаюының әлсіз тенденциясы, негізінен, кейбір батыс, солтүстік және орталық аймақтарда көктемгі мезгілдегі жауын-шашын есебінен 7-18 %/10 жыл құрайды. Күзде жауын-шашын мөлшері Қазақстанның бүкіл аумағында дерлік, кейбір батыс және оңтүстік аймақтарда 4-12 %/10 жыл азаяды.
1961-2022 жж. кезеңі үшін жер бетіндегі ауа температурасы мен жауын-шашынның экстремалды тенденцияларын талдау келесіні көрсетті: температурасы 25 C және 30 C жоғары жазғы күндер, сондай-ақ температурасы 20 C жоғары тропикалық түндер санының тұрақты өсуі, әсіресе республиканың оңтүстігінде, оңтүстік-батысында және батысында байқалады; барлық жерде жылы мезгілде жылу толқындарының, жалпы және максималды толқындар ұзақтығы санының артуы бақыланып, жалпы жыл бойы жылу толқындарының ұзақтығы да артады.