«Қазгидромет» республикалық мемлекеттік кәсіпорыны (РМК) осы жылдар ішінде еліміздің гидрометеорологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында тынымсыз қызмет көрсетіп, өлшеусіз еңбек сіңіріп келеді. Қазіргі таңда мемлекеттік кәсіпорынның 3 мыңнан астам қызметкері өздеріне жүктелген зор міндетті орындау үшін тәулік бойы қоршаған ортаға мониторинг жүргізеді, ауа райын, су, топырақ және өсімдіктер әлемі сияқты әртүрлі ортадағы табиғи құбылыстарды бақылайды, өзгерістерге ғылыми талдаулар жүргізеді, болжамдар жасайды. Табиғи апаттарды болжап, адамдардың өмірі мен мүліктерді қорғауда сақтандыру жасайды. 2008 жылы «Қазгидромет» РМК Астана қаласына көшіп келген болатын. Ұлттық гидрометеорологиялық орталықтың ауа райын болжауда, табиғи апаттардың алдын алуда, еліміздің экологиялық ахуалын айқындауда атқарып отырған қызметімен жақынырақ танысу мақсатында «Қазгидромет» РМК-ның бас директоры, Дүниежүзілік Метеорология ұйымының Қазақстандағы тұрақты өкілі Талғат ЗЕЙНУЛЛИНДІ әңгімеге тартқан едік. – Талғат Маратұлы, әңгімеміздің әлқиссасын қазақстандық синоптиктердің қызметіне қысқаша шолу жасаудан бастасақ. Ауа райына болжау жасағанда олар неге сүйенеді, қандай мағлұматтарды басшылыққа алады? – Біздің синоптиктер ауа райын болжағанда, міндетті түрде Қазақстанның барлық өңірлерінде орналасқан 260 жер метеостансаларынан, 8 ірі аэрологиялық стансалардан және жер серігі арқылы алынған жан-жақты мағлұматтарды негізге алады. Бұл мағлұматтар атап айтқанда, ауаның температурасы, атмосфералық қысым, желдің бағыты мен екпіні, күннің бұлттылығы туралы деректер түгелімен арнайы синоптикалық картаға енгізіліп, әр үш сағат сайын жаңартылып, түбегейлі өңдеуден өткізіліп отырады. Мұндай ақпараттар синоптиктерге ауа райының алдағы уақыттағы өзгерістері туралы, циклон мен антициклондардың орналасуы туралы кең көлемдегі мәліметтер береді. Ауа райының кешегі және бүгінгі карталарын салыстыра отырып, синоптиктер әрбір циклон мен антициклонның нақты даму құбылыстарын анықтайды. Яғни, олар өткен тәуліктерде қалай қарай жылжыды, олардың жылдамдығы қандай дәрежеде болды және олар жүріп өткен аймақтарда ауа райы қандай өзгерістерге ұшырады. Бұл циклондар мен антициклондар өздері жүріп өткен аймақтардың ауа райының өзгеруіне қаншалықты әсер етті. Міне, осындай ақпараттарды жан-жақты зерттей отырып, синоптиктер енді циклондар мен антициклондардың қалай өзгеретінін, қалай қарай жылжитынын және өздері жүріп өтетін аймақтардың ауа райын қандай өзгерістерге ұшырататынын есептеп шығарады. Сонымен бірге біздің синоптик ғалымдарымыз планетамызда орналасқан басқа да ауа райын болжайтын стансалардың ақпараттарын да кеңінен пайдаланады. Мәселен, Вашингтон және Рейдинг орталықтарынан келіп түсетін болжам карталары ауа райын 3-7 тәулікке дейін болжауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар ауа райын сандық болжау әдістерін де барынша кең қолданамыз – Ауа райының өзгерістері туралы қаншалықты дәрежеде дәл болжам жасай аласыздар? – Жоғарыдағы айтылған тәсілдердің бәрін қолданғанның өзінде ауа райын 100 пайыз дәл болжау мүмкін емес. Қазіргі уақытта ауа райын болжау дәлдігі орта есеппен 78 пайызды құрайды. Ауа райының өзгеруі негізінен жер беткейінің бедерлеріне байланысты болады. Мәселен, тау бөктерлі өңірлерде ауа ағымдары биік жоталарда кешеуілдеп тұрып қалуы немесе бағыттарын күрт өзгертіп, ауытқып кетуі мүмкін. Сөйтіп, ағымдық тасқындар бұзылып, ауа ағымының жылдамдығы өзгереді. Жер бедерлерінің кескіндері ауа температурасының тәуліктік қозғалысына елеулі ықпал етеді. Тау беткейімен жоғары соққан жел бұлттың қалыңдауына, жауын-шашынның күшейуіне әкеліп соқса, ал тау бөктерлерінен аңғарларға қарай соққан жел, керісінше, бұлттың ыдырауына, ылғалдылықтың азаюына ықпал етіп, ауа температурасының көтерілуіне алып келеді. – Ауа райын болжаудың дәлдік мерзімі қанша? Ауа райының қауіпті құбылыстарын қанша уақыт бұрын болжам жасап айта аласыздар? Маусымдық болжамдарды мәселен, алдағы жаздың құрғақшылығын немесе қыс айларында қаншалықты қар түсетінін анықтай аласыздар ма? – Ауа райын ұзақ мерзімге болжау басқармасында жылына екі рет маусымдық болжам жарық көреді: * 12 наурызда жылдың жылы маусымына (сәуір-қазан айларына), * 12 қазанда жылдың салқын маусымына (қараша-наурыз айларына). Маусымдық болжамдарда Қазақстан Республикасы бойынша ауа температурасының және жауын-шашынның айлық мөлшерден ауытқуы туралы толық мәліметтер беріледі. Яғни алдағы маусымның әдеттегіден суық немесе жылы болатындығы, жауын-шашынның әдеттегіден көп немесе аз жауатындығы туралы деректер нақтыланады. Сонымен қатар еліміздің әр облысы бойынша ауа температурасы мен жауын-шашынның көп жылдық орташа айлық мөлшері ұсынылады. Маусымдық болжамдардың ақиқаттығының орташа пайызы ауа температурасы бойынша – 68 пайыз, жауын-шашынның мөлшері бойынша 50 пайызды құрайды. Әрбір жылдың маусымдық мерзіміндегі ауа райының біркелкі болмайтындығына және көптеген атмосфералық үдерістердің жиі алмасып отыруына байланысты ауа райының маусымдық болжамдары кеңес түрінде ғана беріледі. Ауа райының айлық болжамдары әрбір айдың 15 жұлдызында, мысалы, ақпан айының ауа райының болжамы 15 қаңтарда, наурыз айының болжамы 15 ақпанда деген сияқты жарияланып отырады. Әрине, қысқа мерзімді ауа райы болжамдары, мәселен, алдағы 1-3 күннің ауа райы болжамдары дәлірек болады. Гидрометеорология орталығында ауа райы тәулік бойы бақыланып отырады. Бұл ретте «Қазгидромет» орталығының басты мақсаты жергілікті әкімішілік органдарға, тиісті мекемелерге мүмкін болатын төтенше қауіптерді, ауа райының күрт өзгеру құбылыстары туралы, мүмкін болатын боран, дауыл және басқа табиғи апатты жағдайлардың мәліметтерін 12 сағат немесе мүмкін болған жағдайда 1-3 тәулік бұрын хабарлап отыру болып табылады. Сонымен бірге, Қазақстанның барлық өңірлері бойынша ауа райы болжамдарын және метеорологиялық мәліметтерді тұтынушыларға дер кезінде жеткізіп отырады. – Қазіргі кезде кейбір тұрғындар гидрометеорталықтың болжамдарынан гөрі жауырыншылар мен экстрасенстердің болжамдарына көбірек сенетін сияқты. Жалпы, Е.Қожамсейітов сияқты ауа райын болжаушыларға қаншалықты сенуге болады? – Көріпкелдердің ауа райын қалай болжайтынын және қандай деректерге сүйеніп сәуегейлік жасайтынын нақты айта алмаймын. Олардың болжамдарының қаншалықты шындыққа келетінін де айту қиын. «Қазгидромет» РМК Бүкіләлемдік метеорологиялық ұйымның мүшесі болғандықтан халықаралық талаптарға сәйкес қалыптасқан ғылыми синоптикалық-статистикалық зерттеулерге сүйенеді. – Гидрологиялық апаттарды қанша уақыт бұрын және қаншалықты дәлдікпен болжауға болады? – Апатты гидрологиялық құбылыстарға көктемгі су тасқындары, таулы өзендердің күрт еріген қар немесе қатты жауған жаңбырлардан тасуы, сел және қар көшкіні жатады. Өзендердегі қатты су тасқынын кейде 1 ай немесе одан да ұзақ уақыт бұрын есептеп, ескертуге болады. Мәселен, ақпан айының соңында өзен сағаларында ерекше мол қар қоры жинақталады. Егер күн күрт жылынса немесе қалың жаңбырға ұласса, санаулы күннің ішінде-ақ апатты ахуал қалыптасуы мүмкін. Мұндай құбылыс алдын-ала синоптикалық мәліметтерге сәйкес 1 немесе 3 күнге дейін нақты болжанады. Осыған байланысты тиісті ескертулер жасалып, дабыл қағылады. Таулы аудандардағы ұзақ мерзімді болжамдар орташа есеппен алғанда 1 ай немесе бір тоқсан бұрын әртүрлі деңгейде жүргізіліп отырады. Бұл болжамдар су қоймасының жұмыс режімін, өңірлердегі суармалы тәсілдерді жүргізу нормаларын анықтап отыру үшін керек.
Редакция таңдауы
Казгидромет: Өңірлердегі 260 жер метеостанса, 8 ірі аэрологиялық станса және жер серігі уақытылы мәлімет таратуда
Қазақстан Республикасы Ұлттық гидрометеорологиялық қызметінің құрылғанына тоқсан жылға тарта уақыт болыпты. Сонау 1922 жылы алғаш іргетасы қаланған бұл маңызды орталық бүгінде еліміздің Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің ірі де іргелі ғылыми-өндірістік кәсіпорыны болып табылады.