#Қазақстан

#Түркістан

#Мәдениет

#Тәуелсіздік30

#Руханижаңғыру

#Shymkent

#Covid-19

Редакция таңдауы

Еңбегімен ел құрметіне бөленген қызылжарлық тұрғын ауылдастарына көмектесіп келеді

Қызылжар өңіріндегі Барлыбаевтар отбасының өмірі мен қыз­меті көзіқарақты оқырманға көптен таныс. Әсіресе, кейінгі жыл­дары Алаш азаматтарының әскер жинауға арнаған ұлан-­ға­йыр шарасын қыстауында өткізіп, оқыған азаматтар­­дың бәрін жеке өзі күткен Әлти мырзаның ел үшін­­ жа­­са­­ған игілікті ісі тарихи деңгейде бағаланып, насихатталып жүр.

Әлтиді «үстем таптың өкілі» ретінде соц­реализмнің талабымен қанша жаман­да­ғысы келсе де, жазушы Сәбит Мұқанов оның айрықша тұлға екенін, қазақ арасынан шыққан тынымсыз еңбекқор, іскер, мыңғырған мал өргізіп, алыс-жақынға сауда керуенін жүргізген миллионер екенін танытып кетті. Ғұмырнамалық «Өмір мектебі» трилогиясында Бәкен мен Боржабай деген екі кейіпкерінің аузымен жазушы Әлти бай малын тіпті «Доңыздың» жұтында да қылын қисайтпай аман алып қалғанын, «жыл сайын Атбасар, Тайынша, Қоянды сияқты жәрмеңкелерден мыңдаған өгіз жинап, Қорғанның ет зауытына құлатып тұрғанын» айтады. Ол ол ма, Боржабайдың аузына тіпті «Піркәшіктері мен жалшыларына сеніп отыра берсе, жай ғана байдың бірі болып, мұншама мал-мүлікті жинамас еді. Басы Әлтидің өзі болып, осы үйде қара жұмысқа араласпайтын адам жоқ. Және жалшыларынан ерте тұрады, кеш жатады…» деген сөздерді салады (Мұқанов С. «Өмір мектебі», екінші кітап., Алматы, 1976 жыл, 15-б.). Байды жатып­ішер, халықтың еңбегін жейтін арам­тамақ деп қана жазуды талап еткен заман­да Сәбеңнің оның еңбекқорлығын көрсеткендігінің өзі ішкі дүниесі жек көрмейтінін көрсетіп тұр.

Қазір «бай жаман» деген көзқарас өзгеріп, «бай нағыз іскер, ақылды адам» деген стандартқа ауысқан заманда Әлтидің мыңғырған малды жергілікті табиғи жағдайға сәйкес қалай өсіріп, егінді қалай өндіргенін және сауданың ебін қалай тауып, қандай әдіс-тәсілдермен жүргізгенін үйренгісі келетін адамдар да, зерттеушілер де шығып жатыр. Сонымен бірге оның жалшыларының ерте тұрып, кеш жататын еңбекқорлығын да үлгі тұтатындар бар. «Әлти бай егін ексе, бидайдың және басқа дәнді дақылдардың жаңа сорттарын алдыртып, мал өсірсе, оның асыл тұқымды түрлерін әкеліп, сол заманның шыққан шыңының биігінде болуды армандап, төңірегіндегі қоршаған жұрттың ешқайсына ұқсамайтын, өте жоғары дәрежеде және алғы шепте болуды мұрат тұтқан заманының жаңашыл тұлғасы болатын», деп жазды тарих ғылымдарының докторы Өмірзақ Озғанбай «Барлыбаевтар ақиқаты» деген зерттеу кітабында (Астана, 2023 жыл, 33-б.).

Кеңес одағының алғашқы жылдарын­да Әлти­дің балаларының көрмеген қорлығы жоқ. «Байдың құйыршығы» деп олар­ды қудалап, мал-мүлкін тегіс тартып алға­ны­мен қоймай, өздерін Ақтөбе облысына жер аударған. Айдау мерзімі біткен соң да Сейдахмет деген кіші баласынан туған Сабыр мен Сермағанбет деген немерелері шо­лақ белсенділерден қорқып, ұзақ жылдар бойы елге жолай алмай, Ресей жерін пана­лаған. Сабырдың отбасында он бес бала өмірге келіп, соның үшеуі түрлі қиындықтан шетінеп, он екісі ержеткен. Бойында тектілік, құйылған қажыр мен қайрат тепсінген оның балалары тегіс жоғары білім алып, түрлі саланың мамандары болған. Соның ішінде үлкені Нұр­ма­ғамбеттен бастап Аймағанбет, Бай­ма­­ғанбет, Есмағанбет, Нағашыбай – бесеуі кезінде Солтүстік Қазақстанның бес кең­шарының директоры болған еді. Ол туралы біз «Етжеңді Егеменге» «Бір отба­­­сы­нан – бес директор» деген мақала да жаз­ған едік.

Сол директорлардың ішінде ауыл шаруашылығымен әлі күнге айналысып, үлкен табыстарға жетіп жүрген Нағашыбай Барлыбаев биыл «Құрмет» орденін алды. Осы күндері 67 жасқа толып отырған ел ағасының ісі ширақ, жұмысын әлі де жіті жүргізіп келеді.

Қымызы бал татиды

Нағашыбайдың ең үлкен ерлігі де осы – қымызды Солтүстік Қазақстанда өнеркәсіптік деңгейде өндіріп, халық арасында «қымыз королі» деген атаққа қол жеткізуі. Жасынан қымызбен өскен ол қайтсе де қымыз өндірісін ұлғайтуға мықтап кіріседі. Кеңшар басқарып тұрған жылдардың өзінде төрт биені тұрақты сау­дырып тұрады, бірақ көп саууға жоғарғы жақ рұқсат бермейді. Ал еліміз тәуелсіздік алғаннан бастап, ол қымыз өндірудің соңына шам алып түседі. Осының өзінен Нағашыбайдың аталы байдың ұрпағы екенін көруге болады. Өйткені қымыз – Жамбыл айтқандай, ежелден байдың асы.

Нағашыбай шаруашылық билігі өз қо­лына тиген күннен кеңес одағы жылда­рын­да қымызды өнеркәсіптік тәсілмен өндір­ген кәсіпорындардың бәрін аралайды. Алды­мен Ақтөбеге, одан Семейге арнайы барып қайтады. Жылқы өсірудің, сауудың қыр-сырымен өмір бойы айналысып келе жат­­қан ақтөбелік Серікбай Рзабаевтың ақыл-кеңесін алып, тәжірибесін көріп қай­­­тады. Бұл ақсақал – жылқы өсіруді ғы­­лым­мен үйлестірген аса білікті маман. Ол – ауыл шаруашылығы ғылымының кан­­дидаты және көп жылғы еңбегі жоғары баға­­ланып, Мемлекеттік сыйлық та алған жан. Осы кісінің ақылымен Нағашыбай да біраз жылдан кейін қымыз өндірудің ғы­лым­ға сүйенген өнеркәсіптік өндірісіне қол жеткізді.

«Қымыз кеңес одағы жылдарында да өнер­­кәсіптік негізде өндірілген. Оның пай­да­сын кеңестік дәрігерлер де білген. Уфа­да жылқы өсіру және қымыз өндіру жөнін­де­гі бас бірлестік бар. Онда ауыл шаруа­­шы­лығы ғылымдарының докторы Елена Глад­ко­ва қымыз өндіруді өнер­кә­сіп­­тік жол­ға қойған. Оның қымызын ке­зін­де Сая­си бюроның мүшелері де ішіп тұр­ған. Мен­ сол кісінің де ақыл-кеңесін алдым», дей­ді ол.

Е.Гладкованың қымыз сауатын аппаратты сол кездің өзінде ойлап тапқанын айтты. Қымыздың емшектегі бөбекке де өте пайдалы екенін ғылыми жолмен дәлелдеген де – Е.Гладкова. Өзінің кітабында ол: «Две группы здоровых грудничков получали либо кобылье, либо коровье молоко. Те, кто прикармливался кобыльим молоком, начинали раньше вставать и говорить. Эксперимент шел полгода», дейді. Бірақ кеңес одағы құлағаннан кейін тәжірибе жалғасын таппай қалған. Есесіне оны құлағы түрік немістер іліп әкетіп, қазір балаға да дәм жасайды.

Төзімді көшпелілердің 5 мың жылдан бері қолданып келе жатқан ерекше сусыны – қымызға еуропалықтар кейінгі 50-60 жылда ғана назар аударып, қазір оны өндіруді жоғары дәрежеге көтерді. Қазір Германияның өзінде ғана 40 шақты кәсіпорын қымыз өндіреді. Соның ішінде Ганс Цольман фермасының атағы алысқа кеткен. Олар қымызды ұнтақ күйінде жасауға да қол жеткізіп отыр. Біз Нәкеңнен олар қымызды басқа технологиямен өндіре ме деп сұрадық. Оған қымыз королі шамданыңқырап қалды. «Қайдағы басқа технология? Бәрі біздікі. Олар тек бие сауатын, саумал пісетін, сақтайтын аппараттарды ойлап тапқан», деді. Шынында, қымыз сол баяғы көшпелілердің технологиясымен өндіріледі, басқаша қылса, ол қымыз да болмас еді. Осы күнге дейін Германияға оны алғаш, 1959 жылы апарған, тұтқынға түсіп, Қазақстанда болған неміс солдаты Рудольф Шторх деп есептеледі. Оны өлім халінен қымыз беріп тірілткен қазақ қойшысы екен. Ал өнеркәсіптік жолмен өндіруді күйеу баласы Ганс Штольман іске асырған.

Міне, солай, Нағашыбай Барлыбаев – шын мәнінде, пайдалы екенін жоғары дамыған Еуропа мойындап отырған қымыз өндірудің Солтүстік Қазақстандағы бүгінгі таңдағы королі. Ол жаз айларында тәулігіне 700-800 литр саумал сауғызып, қымыз өндіреді. Қазіргі биелер суалған кездің өзінде қысыр сауып, тәулігіне 90 литрдей қымыз өндіріп отыр. Өнімінің брендтік атауын да қысқа ғана «Қымыз» деуге көшірді. Қазір «Қымыз» Қазақстан нарығында ғана емес, Ресей қалаларының дүкендерінде тұрды. Көп жылғы зерттеуі мен бастан өткерген тәжірибесінің негізінде ол «Солтүстік Қазақстан жағдайында қымыз өндіруді өнеркәсіптік жолға қою» деген тақырыпта кандидаттық диссертация да қорғап алды. Оның түрлі сайыс пен жарыста алған алғысхаттары мен грамоталарын санап шығудың өзі ұзақ уақыт алар еді.

Нағашыбай – жан-жақты адам. Ол ауыл шаруашылығы тауарларын өндіру­мен ғана емес, басқа салаларды да қам­ту­ға тырысып жүреді. «Меңгесер» атты балшығының емдік қасиеті бар көлден бір жыл­дары саз жеткізіп, облыс орталығында емдеу орталығын да ашқан. Бірнеше сауда нүктелері, сауықжай, мейрамханалары да бар. Ең бастысы, ол – жүрегі таза, жа­қын­ға жаны ашитын, көмек қолын беруден тартынбайтын кеңпейіл азамат. Атасы Әлтидің қыстауында Алаштың алқалы жиынының өткеніне 105 жыл толуын кең көлемдегі респуб­ликалық мәдени іс-шара түрінде атап өтуге белсене қатысып, оның негізгі шығындарын да өзі көтерді. Алаш арыс­та­­рына арналған барельеф, форумға арнал­ған стелла, Барлыбаевтар әулетінің мар­құм­дарына кесене тұрғызды.

Ал кешегі азаматтарымыз қырылып, «ел басына күн туған» атың өшкір індет кезінде Нағашыбай бұғып қалмады. Өзінің бастамасымен кәсіпкер Сермағамбет Оралұлын және облыстың бас имамы, «Зекет» қоры филиалының төрағасы Кенжетай қажы Байкемелұлын қосып алып, үшеуі облыстың кәсіпкерлерінен 44 млн теңгеден артық қаражат жинап, өкпеге дем беретін 61 аппарат, 100-ден артық пульсосиметр сыйлады. Жеке өзі ауруханаға күніне 200 литр қымызды тегін жеткізіп тұрды. Ал бұл сырқат жандарға ауадай қажет еді. Бір дем алуға шамасы келмей, қиналып жатқан қаншама жан ажалдан қалып, жігіттер сауабын алды.

Ол ешқашан игілікті істерден тыс қалмайды. Облыс орталығында Алаш қайраткерлеріне ашылатын аллеяға 45 шырша егудің де демеушісі – өзі. Жерін алған қаншама ауылға жарық, ауыз су тартып, жолдарын түзеп берді. Соның ішінде Жарғайың деген ауылға Есілдің үстінен өтіп, үлкен жолға шығаратын әскери көпір де сатып әперді. Міне, қысқаша айтқанда, қымыз королінің игілікті істері әзірге осындай. Оны әлі де ірі істер алда күтіп тұр, тек Алла күш-қуат берсін.

Соңғы жаңалықтар