#Қазақстан

#Түркістан

#Мәдениет

#Тәуелсіздік30

#Руханижаңғыру

#Shymkent

#Covid-19

Редакция таңдауы

Қ.Тоқаев: Әділетті Қазақстанды еңбекқор, адал азаматтар ғана құра алады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жыл­ғы 5 мамырда «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұх­­батында «Шындықты айт­сақ, шетелдер­де халқымыз на­ғыз еңбекқор жұрт ретін­де әлі таныла қойған жоқ. Бұл біз­дің беделімізге де едәуір нұқ­сан келтіреді. Қажыр­лы ең­бектің арқасында ғана көп мәселені шешіп, мем­ле­ке­тімізді дамытамыз, әл-ауқа­ты­мызды арттырамыз», деген бола­тын.

Еңбек адамы – әлеуметтік құрылымдардың маңызды бөл­шегіне айналуы тиіс. Еңбек идеясы – азаматтық құл­шы­­нысты арттырып, қоғамды топтастырушы, идеялық-бағ­дарлық ұйыстырушыға айнала алады. Қоғамның бар­лық тобына тән еңбек идеясы адамдарды әлеуметтік мәр­­тебесіне бөліп қарамастан барлығын толық қамтитын әле­уетке ие.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жыл­ғы 5 мамырда «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұх­­батында «Шындықты айт­сақ, шетелдер­де халқымыз на­ғыз еңбекқор жұрт ретін­де әлі таныла қойған жоқ. Бұл біз­дің беделімізге де едәуір нұқ­сан келтіреді. Қажыр­лы ең­бектің арқасында ғана көп мәселені шешіп, мем­ле­ке­тімізді дамытамыз, әл-ауқа­ты­мызды арттырамыз», деген бола­тын.

Әлеуметтік өмірді еңбек идея­сы аясында ұйым­дас­ты­руды мемлекет дам­уы­ның ал­ғы­­шарты ретінде қарау орынды. Қоғамдық қаты­нас­тар­да жұмыс істегісі келмейтін жас­тардың болуы, ауадан ақша жасап, тез табысқа кенел­гі­­­сі келетін ойлардың таралуы, жеңіл жұмысты місе тұ­­­та­тын адамдар қатарының кө­­беюі жалпы қоғамдық сана­­ның прогрессивтілігіне қар­сы салмақ тудыруы мүм­кін. Соңғы оқиғалар тізбе­гін­де кү­мәнді қаржылық ин­с­­ти­тут­тар­­дың қызметіне, эст­ра­да жұл­­дыздарының лото­­рея­сына қа­­тысу секілді патер­на­лис­тік көңіл-күйді көбей­те­тін ша­ра­лар­ға көптеген адамдар тар­ты­­лып жатыр.

Қоғамдық санада кең етек алып кетуі мүмкін тоғы­шар­лық, масылдық, енжарлық се­кілді әлеуметтік бағдарлар ор­най бастағанда еңбек етуге де­ген ынта мен жігер азайып, жұ­мыс өнімділігі төмендей түсе­ді. Адам мүмкіндіктерін асы­ра бағалап, еңбек нары­ғын қазірден цифрлы тех­но­­логиялардың қолына ұста­ту туралы болжамдар рас­­қа айнал­ған күннің өзінде оның көкжиегі әзірге көз қа­рық­­­ты­рады. Ендеше еңбек күшін ұйым­дастыру, кадрға арқа сү­йеу бүгінде өзекті болып қала бермек.

Осы ретте, адам капита­лы ту­ралы тұжырымдар тек озық шық­­қандарды марапат­тап, кө­­тер­мелеуге бағыт­тал­ған­ды­­ғын атап өткен жөн. Әлеу­мет­тік-экономикалық сая­сат­тың нысаны да, оның жүзеге асу нүктесі де әлеуметтік құ­ры­­лымдар болып табылады. Еке­­уінің арасындағы берік әлеу­­меттік тәртіп әріптестікке ұла­­сып, мақсатты межелерге қол жеткізуі керек. Елдің әл-ауқа­тының өсуі мен дамуы осы әлеуметтік тәртіптің цир­ку­­ляциясына тікелей бай­ла­ныс­­ты.

Елдегі коронавирус інде­ті­не­ байланысты орнаған тө­тен­ше жағдай уақытында ел­ді­ң қауіпсіздігі дәрігерлер мен полицейлердің қолына қара­­ды. Сол секілді, кез келген жұмысшы күшін талап ететін салалардың барлығы қара­­пайым адамдардың еңбек қо­лынсыз бір қадам алға бас­пайтыны белгілі. Осы орайда, қоғамда еңбек адамының әлеу­меттік бет-бейнесін қа­лып­тастыру, адал еңбекке ын­та­ландыру маңызды мәсе­ле­лер­дің бірі екендігі сөзсіз.

Еңбек адамының дәре­же­сі мен қоғамдағы орнын айқындау бірнеше мәсе­ле­лер­ге байланысты қажет етіледі. Бі­­рін­шіден, әлеуметтік са­ла­­­дағы өзгерістер Қазақ­стан экономикасының мүм­­кін­дік­теріне сәйкесе бер­мейді. Екін­шіден, әсіре сая­си­ланған топтар мен по­пу­лис­тік ұр­ан­­дардың көбеюі мемле­кет деңгейінде еңбек ада­мы­ның рөлін өсіруді қажет етеді. Үшіншіден, қай­тым­ды әлеуметтік саясат. Қо­ғам­ның әлжуаз топтарына бағыт­талған әлеуметтік пакеттер жұртшылықтың еңбекке құл­шы­­нысына көлеңке түсірмеуі тиіс. Төртіншіден, жастарға тәрбие берудің басты құралы ретін­де еңбек идеясын ілгері­ле­ту қажет. Бесіншіден, әлеу­мет­тік жауапкершілікті кө­т­е­ріп, өз тағдырын қолына ала­­тын жетілген тұлғаларды қа­­­лып­­тастыру.

Әр салада еңбек адамы үшін көрсетілетін қызмет пен әлеуметтік көтермелеулерде жеңілдіктер қарастырудың идеологиялық мәні бар. Өз­бек­­стан тәжірибесінде көше сы­пы­рушысына үй кезегін алар­да басымдық белгіленген. Ал ағылшындарда әлеуметтік стимул көзделген Виктория кресінің лауреаты қатардағы жауынгер болған күннің өзін­де шеру уақытында генерал шен­ділердің алдында келуге толық құқылы.

«Еңбек – бәрін жеңбек» қо­ғам­ның ұранына айналу үшін де көзқарастық, ақпараттық ықпал ету құралдары арқылы үз­­дік­сіз жұмыс жүргізілуі к­е­рек. Әсіресе еңбекті баға­лау, өз саласының маманы болу, адал қызмет ету тағы басқа құн­­ды­­­лық­тар басты назарда бол­­ға­ны шарт.

Еңбек адамы идеясы әлеу­мет­тік тұрлаулы күшке айнал­уы үшін еңбек адамының бей­не­­лік үлгідегі әлеуметтік порт­ретін қалыптастырған орын­ды секілді. Ол мұғалім, дәрігер, ма­шинист, аспазшы болуы да мүм­кін. Кәсібі мен қызметі оң бағаланған саланың еңбек ада­мының портреті мен түсі, формасы әлеуметтік үлгілерде (төс­белгі, мектеп формасы се­кілді) бейнеленіп, қоғамда адал еңбекке деген оңды резо­нанстық күй тудыруға бағыт­талуы тиіс. Бұл ретте, еңбек­ке ынталандырудың басқа да ойластырылған әдіс-тәсіл­де­­рі­нің жүйесін әзірлеуге бо­ла­­ды.

Қорыта келгенде, еңбек адамы идеясы жалпы халықты еңбекке жұмылдырып, еңбек адамына деген құрметті арттыруы тиіс.

Маркетинг дамыған заманда ірілі-ұсақ компаниялар еңбекке ынталандырудың түрлі тәсілдерін өндіріске ен­ді­руде. Мұндай жекелеген мы­салдар арқылы олардың та­бысты кәсібінің құпиясын тү­сін­­діруге болар еді. Сол се­кіл­ді, мемлекет деңгейінде тұтас бір идеологиялық қон­дыр­­ма арқылы еңбекке деген адам­дардың қарым-қаты­на­сын өз­гертіп, халықтың әл-ауқа­ты мен табысының артуына қол жеткізуге болады.

Жалпы еңбек адамы идея­­­­сы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2019 жылғы 2 қыркүйектегі «Сын­­дарлы қоғамдық диалог – Қа­зақ­станның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жол­дауында қойылған мақ­сат­тар мен міндеттерге сай к­еле­ді. Онда кәсіпкерлікті да­мыту санаға сіңген патер­налистік пиғыл мен масыл­дық­­тан арыл­ту­ға мүмкіндік бе­ре­­­тіндігі ай­қындалған. Еңбек адамына мем­лекет та­ра­­­­пынан мәртебе бел­­гі­леп, кө­­­термелеу маңызды. Бұл адам­­­дарды сенімділікке, жеке бел­­­сенділікке, мақсаттар мен ой­­лардың бірлігі арқылы тұ­­рақтылық пен үйле­сім­ді­лікті қам­тамасыз етуге ат­са­лы­­суға үндейді. Осылайша қа­­зір­гі тарихтың ең қиын сәт­те­­рін­де өзімізді және мем­ле­­кет­ті­­лі­гімізді сақтау үшін бо­йы­мызға жақсы қасиет­тер­ді, құн­дылықтарды қалып­тас­ты­­­рамыз. Осы мақсаттарды жү­­зеге асыруда еңбек адамы идея­­сы өзінің үлесін қосары сөз­сіз.

Соңғы жаңалықтар