#Қазақстан

#Түркістан

#Мәдениет

#Тәуелсіздік30

#Руханижаңғыру

#Shymkent

#Covid-19

Редакция таңдауы

Үкіметте ауыл тұрғындарының әл-ауқатын жақсарту мәселелері талқыланды

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Тамара Дүйсенованың төрағалығымен өткен кеңесте «Ауыл аманаты» жобасын жүзеге асыру мәселелері талқыланды. Оған Ауыл шаруашылығы министрлігі, «AMANAT» партиясының өкілдері мен облыс әкімдерінің орынбасарлары қатысты, деп хабарлайды Adym.kz ақпараттық сайты Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.

«Ауыл аманаты» жобасын іске асыру аясында Ауыл шаруашылығы министрлігі мен «AMANAT» партиясы бірлесіп ауылдық округтердің кең көлемді скринингін өткізген болатын. Оның нәтижесінде әр елді мекеннің бейімділігі анықталды. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі цифрлық платформа әзірледі.

«Жобаның негізгі мақсаты – ауыл тұрғындарының табысын арттыру. Облыс әкімдіктері несие беру саясатын белгілеген кезде ауылдардағы жұмыссыздар мен атаулы әлеуметтік көмек алушылар санын ескеруі керек. Бұл азаматтарда тұрақты табыс көзі болуын қамтуымыз керек», — деп атап өтті Тамара Дүйсенова.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің жүргізген талдауына сәйкес, кей өңірлерде несиелер тиісті инфрақұрылымды ескермей берілуі мүмкін.

«Мысалы, Түркістан облысында жоба шеңберінде қарастырылған несиелердің 80%-ы мал шаруашлығы бағытына берілген. Дегенмен, аймақта жайылымдық жер тапшылығы байқалады. Қазір бұл көрсеткіш 2 млн гектардан асады», — деді ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүреков.

Жағдайға қатысты Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлы түсінік берді.

«Несие берген кезде біз нақты талап қойдық. Оған сәйкес, қарыз алушы сүтті ірі қараны жайылымдық жерді пайдаланбай, қорада ұстап бағуы тиіс болатын. Десе де қазір біз бұл бағытта несие беруді доғардық», — деп жауап берді ол.

Жоба шеңберінде сондай-ақ кооперативтер құру қарастырылған. Әр өңірде қолайлы бағыттар бойынша ұсыныстар әзірленген. Осыған орай «AMANAT» партиясының хатшысы Эльдар Жұмағазиев бірқатар мысал ұсынды.

«Қазір елде 820 кооператив жұмыс істейді. 16 мыңнан аса жеке қосалқы шаруашылық біріктірілген. Өкінішке қарай, олардың біразы қажетті техникамен қамтылмаған. Жобаны жүзеге асыру кезінде тиісті инфрақұрылымға назар аудару керек», — деді Э. Жұмағазиев.

Вице-премьер кооперативтерді құру, дамыту немесе жеке қосалқы шаруашылықтарды біріктіруде жүргізілген скринингтің маңызы зор екенін атап өтті. Жобаларды қаржыландыру схемалары, яғни өз ісін ашуға ниетті азаматтарға жеке немесе кооперативтер арқылы несие ұсыну жағын аймақтардың ерекшеліктеріне байланысты өңірлер айқындайтын болады.

«Атқарып жатқан жұмысымыз ауыл тұрғындары әл-ауқатының жақсаруына жол ашуы керек. Ұсынылған несиелер нәтижелі болуы тиіс. Барлық өңірлерге ауылдық округтердің бейімділігі туралы толыққанды мәліметтер берілді. Енді барлығының қолында бөлінген қаражатты тиімді жұмсау бойынша қажетті құралы бар деп санауға болады», — деп түйіндеді сөзін Тамара Дүйсенова.

Соңғы жаңалықтар