Ол Қазақстанның жаңа әлеуметтік саясаты, оның ішінде әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін трансформациялау, мүгедектігі бар адамдар үшін арнаулы әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігін арттыру, әлеуметтік сақтандыру жүйесін жаңғырту, зейнетақымен қамсыздандыру жүйесіндегі өзгерістер туралы баяндады.
Назгүл Сағындықова жұмыс сапарын Жамбыл облыстық әлеуметтік оңалту орталығының ашылу салтанатына қатысудан бастады. Орталықта І және ІІ топ мүгедектігі бар адамдарға арнаулы әлеуметтік қызметтердің (бұдан әрі – АӘҚ) 8 түрі көрсетіледі: әлеуметтік-тұрмыстық; әлеуметтік-медициналық; әлеуметтік-психологиялық; әлеуметтік-педагогикалық, әлеуметтік-еңбек; әлеуметтік-мәдени; әлеуметтік-экономикалық; әлеуметтік-заңдық. АӘҚ қызмет алушының денсаулық жағдайына байланысты 43 күннен 6 айға дейінгі мерзімге жартылай стационарлық жағдайларда көрсетілетін болады. Жыл сайын орталықта 1000 мүгедектігі бар адам оңалтудан өтеді деп күтілуде.
Үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерімен және мүгедектігі бар адамдармен кездесу барысында вице-министр ҚР Әлеуметтік кодексінің негізгі ережелерін егжей-тегжейлі түсіндіріп, құжаттың басты новеллаларына баса назар аударды, олардың бірі Отбасының цифрлық картасын (бұдан әрі – ОЦК) енгізу болып табылады.
«Отбасының цифрлық картасы мемлекеттік органдардың барлық қолданыстағы ақпараттық жүйелерінің деректері негізінде қалыптастырылған. Бұл көмекке мұқтаж отбасыларды автоматты түрде анықтауға және олардың өтінішін күтпестен оларға әлеуметтік қолдау шараларын көрсетуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, ОЦК отбасы мүшелерінің әлеуметтік мәртебесі мен әл-ауқатының дәрежесіне сүйене отырып, адамдарға мемлекеттік қолдау туралы хабарлайтын электрондық хабарламаның бір түрі болып табылады. Хабарламаны әрбір отбасына орталық мемлекеттік орган SMS-хабарламалар түрінде жібереді. Жәрдемақылар мен төлемдер ақпараттық жүйеде бар деректер негізінде азаматтарға проактивті форматта тағайындалады», – деді Назгүл Сағындықова.
Вице-министр Әлеуметтік кодексте балалары бар отбасыларды әлеуметтік қолдаудың қосымша шаралары көзделгенін атап өтті: бала күтімі бойынша төлемдердің мерзімін 1,5 жасқа дейін ұзарту; атаулы әлеуметтік көмек алушылар қатарынан 1 жастан 6 жасқа дейінгі балалар үшін кепілдендірілген әлеуметтік пакетті монетизациялау; «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған әйелдерге наградталған аналар мәртебесін беру және 7 және одан да көп бала туып, тәрбиелеген аналарға берілетін жәрдемақылардың мөлшерін ұлғайту; халықтың әлеуметтік осал топтарының жекелеген санаттарына берілетін мемлекеттік жәрдемақылардың мөлшерін ұлғайту.
Назгүл Сағындықова әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін трансформациялауға баса назар аударды, оның басты мақсаты – мүгедектігі бар адамдар үшін арнаулы әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігін арттыру.
«Мүгедектігі бар адамға қызмет көрсетуге отбасы мүшелерін де тарту көзделеді. Бұл ретте мүгедектігі бар адамдардың туыстары жеке көмекші ретінде ресімделіп, оларға тиісті еңбекақы және әлеуметтік аударымдармен аударылатын болады.
Тағы бір өзгеріс – арнаулы әлеуметтік қызметтердің стандарттарын қайта қарау және жан басына шаққандағы норматив енгізу. Қызметтер үшін жекелеген нормативтер, ал өтемдік техникалық құралдар үшін шекті бағалар болады. Бұл жекелеген қызмет түрлерін монетизациялауға алып келеді, бірақ бұл ретте жеке секторды тарту есебінен мүгедектігі бар адамдарды арнайы әлеуметтік қызметтермен, әсіресе ауылдық жерлерде қамтуды кеңейтуге мүмкіндік береді», – деді ол.
Сонымен қатар Әлеуметтік кодекс аясында жергілікті атқарушы органдар жанындағы Әлеуметтік қызметтер порталы (бұдан әрі – Портал) жөніндегі комиссияға өнім берушіні Порталдан шығару және оларға сапасыз қызмет немесе тауар ұсынылған жағдайда жосықсыз өнім берушілер тізіміне енгізу туралы шешім қабылдау құқығы берілді.
Назгүл Сағындықова өз сөзінде Қазақстанда қолданыстағы 5 әлеуметтік тәуекел бойынша сақтандыру жүйесі халықаралық стандарттар мен нақты экономикалық жағдайларға сәйкес келетіндігін атап өтті.
«Ол сақталады, бірақ оның мақсаты өзгереді. Жүйе әлеуметтік төлемдерді жүзеге асыруға ғана емес, ең алдымен ресми жұмыспен қамтылған азаматтардың әлеуметтік қорғалу деңгейін арттыру үшін заңды жұмыспен қамтуды ынталандыруға бағытталатын болады», – деп хабарлады вице-министр.
Бұл ретте өзгерістердің басты тренді: мемлекеттің, жұмыс берушілер мен қызметкерлердің әлеуметтік қамсыздандыру жүйесіне қатысуы; жүйеге қатысу өтілі мен әлеуметтік төлемдер мөлшері арасындағы өзара байланысты күшейту; әлеуметтік жарналарды уақтылы аударатын қызметкерлерге зейнетақы және әлеуметтік төлемдерді кезең-кезеңімен ұлғайту.
Әлеуметтік кодексте көзделген зейнетақымен қамсыздандыру жүйесіндегі өзгерістер туралы айта келе, вице-министр еңбек зейнетақысының мөлшерін есептеу үшін пайдаланылатын ең жоғары табыс мөлшері 46-дан 55 айлық есептік көрсеткішке дейін немесе орташа жалақының 70%-на дейін ұлғайтылғанын хабарлады. Сондай-ақ, 5 жыл ішінде базалық зейнетақы мөлшері орта есеппен 50% — ға дейін артады және бұл Қазақстанның барлық зейнеткерлеріне қатысты болады. Өз жинақтары есебінен зейнетақы қалыптастыратын болашақ зейнеткерлер үшін 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап жұмыс берушілердің қосымша зейнетақы жарналары енгізілетін болады.
Сөз соңында вице-министр Әлеуметтік кодексте көзделген новеллалар екі кезеңде іске асырылғанын атап өтті:
— осы жылғы 1 қаңтардан бастап Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау үшін дайындалған заңдар аясында;
— осы жылдың 1 шілдесінен бастап ҚР Әлеуметтік кодексінің күшіне енуі аясында.
Жұмыс сапары барысында Назгүл Сағындықова азаматтарды жеке қабылдап, журналистердің сұрақтарына жауап берді. Сонымен қатар, вице-министр мүгедектігі бар балаларды оңалту орталығына, «Анаға тағзым» отбасын қолдау орталығына, № 4 Арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығына барып, мекемелердің жұмысымен танысып, қызмет алушылармен кездесті.