Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев Ислам ынтымақтастығы ұйымының (ИЫҰ) ғылым және технология жөніндегі екінші саммитінде айтты, деп хабарлайды, ADYM.KZ Egemen.kz басылымына сілтеме жасап.
«Қазақстан ИЫҰ-ға мүше елдерге гуманитарлық көмек ретінде өз вакцинасын ұсынуға дайын болады. Сонымен қатар біз QazVac вакцинасын Ислам ынтымақтастығы ұйымына мүше өзге де елдерде өндіру мүмкіндігін қарастыра аламыз», деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев ғылыми зерттеулер мен әзірлемелер бойынша кешенді әрі заманауи инфрақұрылымның бар екенін атап өтіп, ғылыми жетістіктер мен технологияларды кең түрде бөлісуге дайын екенін жеткізді.
«Біздің академиялық және ғылыми-зерттеу институттарымыздың флагманы саналатын Назарбаев Университеті, сондай-ақ, Astana IT орталығы жасанды интеллект, Big Data және кибер қауіпсіздік салаларындағы бірлескен ғылыми-зерттеу жұмыстары мен тәжірибелік-конструкторлық жобалар үшін база қалыптастыра алады», деді Президент.