«Nur Otan» партиясы жұмысының басым бағыттарының бірі — азаматтардың талап-тілектерін дер кезінде қарап, өтініштерін уақтылы әрі сапалы орындау. Бұл партияның қоғаммен кері байланысын нығайтып, халықтың сенімін арттыруға мүмкіндік беріп отыр. Нақты айтар болсақ, партияның Шымкент қалалық филиалының қоғамдық қабылдау бөлімдеріне азаматтардан 35 162 өтініш түскен болса, олардың 22 272 оң шешімін тапқан.
Бұл туралы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінде «Nur Otan» партиясы Шымкент қалалық филиалының кезекті XLII есеп беру-сайлау конференциясында партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Жанар Бектаева мәлімдеді.
Конференцияға Шымкент қаласының әкімі, қалалық партия филиалының төрағасы Мұрат Әйтенов, қалалық мәслихат хатшысы Бахадыр Нарымбетов, саяси кеңес мүшелері, партия ардагерлері, мәслихат депутатары мен фракцияның мүшелері, жергілікті атқарушы органдар басшылары, бастауыш партия ұйымдарының төрағалары мен «Jas Otan» жастар қанатының мүшелері қатысты. Эпидемиологиялық жағдайға байланысты жергілікті филиалдардан сайланған 130 делегат Zoom платформасында онлайн түрде қатысты.
Конференция барысында партия филиалы саяси кеңесінің 2019-2020 жылдары атқарылған жұмыстары туралы «Nur Otan» партиясы қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Жанар Бектаеваның есебі тыңдалып, алдағы кезеңге арналған міндеттері талқыланды.
Жанар Әлібекқызының айтуынша, бүгінде қаламызда жетекші партияның 35 мыңға жуық мүшесі бар. Олардың 36,6 пайызы ерлер, 63,7 пайызы әйел азаматтар болса, ондағы жастардың үлесі 23,8 пайызды құрайды.
—Партия мүшелері партияның негізгі күші болып табылатын 49 бастауыш ұйымдарына топтасып заман ағымына сай жаңашылдыққа бетбұрыс жасау бағытындағы Елбасы тапсырмаларын өңірде қарқынды жүзеге асыруда.
Есепті мерзімде партияның «Ардагерлерді ардақтайық», «Кедергісіз келешек», «Бақытты отбасы», «Жастар Отанға!», «Құтты мекен», «Халыққа көмек» жобалары бойынша 151 524 адам қамтылып 1342 іс-шара өткізілді. Ал партия филиалдарының қоғамдық қабылдау бөлмелеріне азаматтардын 35162 өтініш түскен болса, олардың 22272 оң шешімін тауып, жалпы түскен өтініштердің 63,2 пайызын құрады, — деді Ж.Бектаева.
Сонымен қатар, есептік жиында партия филиалы бақылау-тексеру комиссиясының 2019-2020 жылдары атқарылған жұмысы туралы есебі тыңдалып, алдағы кезеңге арналған міндеттері талқыланды.
Сондай-ақ, конференция барысында «Nur Otan» партиясы Шымкент қалалық филиалының Саяси кеңесі құрамына өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, партия филиалының бақылау-тексеру комиссиясы сайланды.
Конференция жұмысын қала әкімі, «Nur Otan» партиясы Шымкент қалалық филиалының төрағасы Мұрат Әйтенов қорытындылап, партия активіне нақты тапсырмалар жүктеді.