Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Эмомали Рахмонның шақыруымен Тәжікстанға барады, — деп хабарлайды ADYM.KZ Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.
Берік Уәли Facebook-парақшасында 19-20 мамырда Қасым-Жомарт Тоқаев президент Эмомали Рахмонның шақыруымен Тәжікстан Республикасына ресми сапармен баратынын жариялады.
«Сапар аясында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Эмомали Рахмон шағын және кеңейтілген құрамда екіжақты келіссөздер өткізеді. Онда саяси диалогты, сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды одан әрі нығайта отырып, қазақ-тәжік стратегиялық серіктестігін дамытуға басымдық берілмек.
Келіссөздер барысында өңірлік кооперацияны жандандыру, Орталық Азиядағы тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше мән беріледі», — деді Берік Уәли.
Бұған дейін Тоқаев Қырғызстан президенті Садыр Жапаров пен Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонға телефон шалған болатын. Мемлекет басшылары қырғыз-тәжік шекарасындағы жағдайды талқылады.