Сот Марқакөл мемлекеттік табиғи қорығының бұрынғы басшысы мен мемлекеттік инспекторларына үкім шығарды. Олар заңсыз балық аулап, уылдырық алды деп айыпталды, — деп хабарлайды ADYM.KZ Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.
Айыпталушы тарапта 10 адам болды.
«Күдіктілердің арасында Марқакөл мемлекеттік табиғи қорығының директоры, қорықтың мемлекеттік инспекторлары, кәсіпкер және ауыл тұрғындары бар. Олар 2015-2018 жылдар аралығында қорық аумағында уылдырық алып, балықтарды жойып жіберді деген күдікке ілінді», — деді облыстық соттың баспасөз қызметі өкілдері.
Күдіктілерге ҚР ҚК-ның бірнеше бабы бойынша айып тағылған: «ұйымдасқан қылмыстық топ құру және оған қатысу», «балық ресурстарын заңсыз өндіру»,»көрінеу қылмыстық жолмен табылған мүлікті сату».
Алайда прокурор қорық директоры ұйымдасқан қылмыстық топ құрған деген тұжырымын сотта дәлелдей алмады. Сондықтан айыптаудың бұл бөлігі алып тасталған.
Тергеу барысында үш жыл ішінде Марқакөл қорығындағы көлден бір тоннадан аса балық заңсыз ауланғаны анықталды. Олар уылдырығын алғанан кейін балықты жерге көміп немесе жағалауға тастаған. Тінту кезінде күдіктілерден 90 литр уылдырық, 1000-нан аса заңсыз ауланған балық, сондай-ақ 4 миллион теңгеге жуық ақша тәркіленді.
Кінәлілерге үш жыл мерзімге табиғат қорғау ұйымдарында лауазымды қызметте жұмыс істеуге тыйым салумен 2 жылдан 2,5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Іс бойынша қалған айыпталушыларды бір жылдан бір жарым жылға дейін бас бостандығынан шектеді.
Сондай-ақ кінәлілерден мемлекетке келтірілген 7,5 миллион теңге сомасында залал өндірілді.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.