Алматыда коронавирусты қайта жұқтырған 17 науқас тіркелді. Бұл туралы онлайн брифинг барысында Алматы қаласы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Жандарбек Бекшин айтты, деп хабарлайды ADYM.KZ Egemen.kz басылымына сілтеме жасап.
Жандарбек Бекшиннің айтуынша, Алматыда вирусты қайта жұқтырған 17 науқас тіркелген. Олар өткен жылдың жазында коронавируспен ауырған. Ол кезде індет симптомсыз өткен. Бұл жолы инфекция клиникалық белгімен өтіп жатыр.
«Өткен жылы төрт жағдай тіркелген болатын. Биыл жыл басынан бері 17 адам коронавирусты қайта жұқтырды. Оны біз арнайы база арқылы анықтаймыз. Яғни, екінші рет жұқтырған науқасты базаға енгізген кезде ол қабылдамайды. Демек, ол шілде айында шартты түрде ауырған. Әрі қарайғы жұмыс өте қиын. Бұл қайталанған инфекция ма, әлде ұзаққа созылған вирус тасымалдаушысы ма, осыны анықтау қажет», деді Ж. Бекшин.