Түркия шығысында әскери тікұшақ апатынан 11 сарбаз, оның ішінде бір генерал қаза тапты. Тағы екі адам жарақат алды. Бұл ақпаратты елдің Қорғаныс министрлігі растады, — деп хабарлайды ADYM.KZ Анадолу сілтеме жасап.
Қаза тапқандардың бірі — түрік құрлық әскері 8-корпусының командирі генерал Осман Эрбаш.
Нұр-Сұлтан уақытымен сағат 16.55-те Бингельден Татванға ұшқан «Кугар» типті тікұшақпен байланыс жарты сағаттан кейін үзілді. Іздеуге ұшқышсыз ұшатын аппарат, CN-235 ұшағы және тікұшақ жіберілген. Нәтижесінде тікұшақ құлағаны анықталды. Оның құлаған жерінде тоғыз мәйіт және жарақат алған төрт адам табылды. Кейін қаза болғандар саны 11-ге артты.
Түркия президенті әкімшілігінің хабарына қарағанда, қорғаныс министрі Хулуси Акар президент Тайып Ердоғанға осы оқиғаны жеткізген. Акар Түркияның штаб бастығы және құрлықтағы әскер қолбасшысымен бірге оқиға орнына барды.
Тікұшақ апатының мән-жайын тергеу басталды. Әскери ақпарат көздеріне сәйкес, апатқа техникалық ақаулар және ауа райының қолайсыздығы себеп болуы мүмкін.