Қазақстан елшісі Сержан Әбдікәрімов Әзербайжанның Милли Меджлисі депутаттарымен, ТүркПА Бас хатшысымен, «Әзербайжан-Қазақстан» республикалық достық қоғамының және сарапшылар қауымдастығының өкілдерімен кездесті, деп хабарлайды ADYM.KZ Egemen.kz. басылымына сілтеме жасап.
Парламенттік сайлауды қорытындылай келе, Елші кездесуге қатысушыларды Қазақстанда кезең-кезеңімен жүргізіліп жатқан саяси реформалар туралы, оның ішінде көппартиялықты дамыту, әйелдер мен жастарды ел саясатын қалыптастыруға тарту, парламенттік оппозиция ұғымын заңнамалық ресімдеу, ауыл әкімдерін сайлау жөніндегі шаралар туралы хабардар етті. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Елбасының стратегиялық бағытын жалғастыра отырып, тәуелсіздіктің 30 жылдығында «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында одан әрі демократияландыруға және азаматтық қоғаммен өзара іс-қимыл жасауға бағытталған жаңа реформаларға бастамашы болғаны және жалғастырып келе жатқаны атап өтілді.
Президент VII шақырылымдағы Парламенттің бірінші сессиясының ашылуында ұсынған жаңа бастамалары туралы айта келе, отандық дипломат олардың Қазақстанның саяси жүйесін одан әрі институционалдық дамыту және адам құқықтарын қорғау тетіктерін жетілдіру тұрғысынан ерекше мәнге ие екенін атап өтті.
С.Әбдікәрімов Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформалар адамдардың қоғамдағы әлеуетін дәйекті түрде ашуға бағытталғанын және оларды таяудағы он жылда табысты іске асырған кезде Қазақстан елдің жаңа бейнесі мен ұлттың жаңаша бірегейлігін қалыптастыратынын атап өтті.
Өз кезегінде Әзербайжан депутаттары мен сарапшылары Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформаларға жоғары баға берді. Саяси партиялар арасындағы бәсекелестік үшін жағдай жасау, азаматтық қоғамды онлайн-петициялар арқылы шешімдер қабылдауға тарту, мемлекеттік басқаруды жаңғырту, сондай-ақ Қазақстанда адам құқықтарын қорғау жөніндегі омбудсмен институтын дамыту сияқты идеялар олардың қызығушылығын тудырды.
Қазақстан-Әзербайжан ынтымақтастығының өзекті мәселелерін талқылай отырып, кездесуге қатысушылар саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі нығайтуды жақтайтындықтарын растады.