Шымкентте 100-ден астам адам сайлауда бақылаушы болуға өтініш білдірген. Бұл туралы қала бойынша бейпартиялық ерікті байқаушылар штабының жетекшісі Бейсенкүл Нарымбетова мәлім етті, деп хабарлайды ADYM.KZ Inform.kz сайтына сілтеме жасап.
Бүгін қалада Парламент Мәжілісі және жергілікті мәслихат депутаттары сайлауының әділ өтуін қамтамасыз ету мақсатында байқаушыларды дайындау барысы жөнінде арнайы брифинг өтті. Онда қала бойынша 312 сайлау учаскесі бар екені айтылды. Жауаптылардың сөзінше, сайлау учаскелерінің 293 ашық, 19 жабық болып табылады.
Сайлаудағы байқаушыларды 3 негізгі штаб дайындауда. Олардың қатарында бейпартиялық ерікті байқаушылар мен Қазақстан Азаматтық Альянс қауымдастығының, «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі жанынан құрылған штабтары бар. «Бүгінгі таңда штабқа 100-ден астам азамат өтініш білдіріп, тіркелді. Біздің негізгі мақсатымыз – кәсіби байқаушыларды дайындау. Тіркелген байқаушылармен сайлаудың заңдылықтары, байқаушының негізгі міндеттері мен әдебі тақырыбында семинарлар, ситуациялық жағдайларға байланысты тренингтер өтілуде»,-деді Бейсенкүл Жақсыбекқызы.
Сонымен қатар сайлауға ҚР Кәсіподақтар федерациясының атынан Шымкент қаласы бойынша 293 тәуелсіз байқаушы 8 сала бойынша тіркелген. Олар: денсаулық сақтау, білім, кәсіпкерлік қоғамдық қызмет көрсету және жол-автокөлік, коммуналдық шаруашылық пен энергетика мәдениет, спорт, ауыл шаруашылығы салаларының мамандары. «Біздің басты міндетіміз – таза сайлау өткізу. Объективтілік, адалдық, ашықтық, жауапкершілік, жариялылық, саяси бейтараптық және кәсібилік принциптерін ұстану! Басқа ұйымдардың, тәуелсіз бақылаушылардың жұмысын құрметтеу, олармен ынтымақтастық орнату мақсатымыз болып табылады»,- деп атап өтті Шымкент қаласы Азаматтық Альянс аймақтық штабының төрайымы Баян Жандосова.