Бүгін Алматы қаласының Түрксіб ауданында Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаровтың, Желтоқсан оқиғасына қатысушылардың, зиялы қауым өкілдерінің қатысуымен Желтоқсан саябағының салтанатты ашылуы өтті,деп хабарлайды ADYM.KZ Egemen.kz басылымына сілтеме жасап.
Бұған дейін Желтоқсан ұйымдарының басшыларымен өткен кездесуде осындай идея ортаға тасталған болатын. Әкімдіктегілердің сөзінше, бұл бағытта бірнеше нұсқа қарастырылды, нәтижесінде қаланың солтүстік бөлігінде ауданы 100 гектардан асатын ең үлкен жаңа саябақ таңдалып алынған. Рекреациялық аймақ аэропорт көлінің жағалауын қамтиды. Абаттандыру алаңы – шамамен 23 мың шаршы метр.
2020 жылы, пандемияға қарамастан, саябақтың бірінші кезеңі аяқталды. Саябақта 13 ойын алаңы бар — 8 балалар және 7 спорт алаңы, оның ішінде воркаут алаңдары, мини-футбол және стритбол ойын алаңдары, сондай-ақ паркур ойын алаңы.
Саябақтың басты ерекшелігі ұзындығы 1200 метрлік жаяу жүргіншілерге арналған пирст. Ол Кіші Алматы өзенінің арнасынан және Әуежай көлінің шығыс жағалауынан өтеді. Пирс Маяк ықшамауданы мен аудан орталығы арасындағы өзіндік көпірге айналды.
2021 жылы саябақты ретке келтіру жұмыстары жалғасады. Жаяу серуендеуге және демалуға арналған аймақтарды, сондай-ақ тоғайдың жасыл қорын қайта құру жоспарлануда.
Қала әкімі Б. Сағынтаевтың тапсырмасымен саябақты одан әрі дамыту Желтоқсан ұйымдарының басшылары мен іргелес аудандар тұрғындарының пікірін ескере отырып жоспарланатын болады.
Желтоқсан саябағының ашылу салтанатында Алматы қаласы әкімдігінің өкілдері мен зиялы қауым сөз сөйледі.
«Сіздерді келе жатқан Тәуелсіздік күнімен құттықтаймын. Барлығымыз үшін 1986 жылғы желтоқсан оқиғасы ерекше мәнге ие. Желтоқсан боздақтары Қазақстан Тәуелсіздігінің қалыптасу тарихына енген және халықтың жадында қалады. Бұл да жаңа “Желтоқсан” саябағының символикасы – жастарға сол оқиғаларды еске түсіреді», деді қала әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров.
Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет келер жылы желтоқсан оқиғасына 35 жыл толатынын еске салды.
«Саябақтың тәуелсіздік күні қарсаңында ашылуының мәні зор әрі алматылықтардың ризашылығын білдіреді. Біз 135 шырша көшеттерін отырғыздық, оған Желтоқсан оқиғасына қатысушылардың өздері қатысты, олардың құрметіне бұл саябақ Алматы әкімі Б. Сағынтаевтың қолдауымен жасалды», деді Ұ. Есдәулет.
Nur Otan партиясы қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Станислав Канкуров бұл іс-шараның ерекше маңыздылығын атап өтті және еліміздің тарихындағы маңызды оқиғаға арналған алғашқы саябақ екенін айтты.
«Бұл желтоқсан оқиғасына қатысушылар мен барлық қала тұрғындары үшін айтулы шара. Бүгін мұнда елімізде болған және егемендікке жетелеген тарихи оқиғаларды еске алу үшін көптеген адамдар келді. Тәуелсіздік – бұл «Нұр Отан» партиясының саяси доктринасындағы басты құндылық. Қазақстандықтардың жас ұрпағы тәуелсіздікті бағалап, оны біздің еліміздің маңызды белгісі ретінде бағалауы тиіс», деп атап өтті С. Канкуров.
Жазушы, қоғам қайраткері Смағұл Елубай Тәуелсіздік күні қарсаңында саябақтың ашылуын елеулі оқиға деп атады.
«Біздің басты байлығымыз Тәуелсіздік – мызғымас болуы керек. Сонда елде бейбітшілік пен тәртіп орнайды, балаларымыз бен олардың ата-аналары аман-сау болады. Жаңа саябақ гүлденіп, алматылықтардың қуанышына кеңеліп, барлығының айшықты орнына айналсын!», деді С. Елубай.
Желтоқсан оқиғасының қатысушысы Байғали Есеналиев ризашылығын білдірді.
«Біз қала басшылығына желтоқсан оқиғасына қатысушыларға осындай көңіл бөлгені үшін, сол күндерді еске алғаны үшін өте ризамыз және алғыс айтамыз. Желтоқсан саябағы жақын арада халқымыздың бірлігі мен ынтымақтастығының орнына, достық пен бейбітшіліктің саябағына айналады деп сенемін», деді ол.
«Жас қанат» және «Маяк» ықшамаудандарының тұрғындары қуаныштарымен бөлісті – саябақ көптен күткен сыйлыққа айналды, өйткені бұрын бұл орындар қараусыз қалып, қоқысқа толған жер болатын.
«Біздің ықшамауданның аумағында осындай керемет саябақтың пайда болғанына өте қуаныштымыз. Маңызды тарихи оқиғаның біздің елде алғаш рет осылай мәңгі есте қалғаны маңызды. Бұл жас ұрпақ үшін өте маңызды қадам. Жастар өз тарихын біліп, ата-бабалар рухын құрметтеуі керек», деді «Маяк» ықшамауданының тұрғыны Айгүл Қалбаева.
Бүгін, ашылу күні саябақтың қонақтары қылқан жапырақты ағаштарды — қарағай, көк шырша және Тянь-Шань шыршаларын отырғызды.