Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Венадағы атыс кезінде қаза тапқандар мен зардап шеккендер арасында қазақстандықтар жоқ екенін айтты, — деп хабарлайды ADYM.KZ Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.
«2 қарашада кешке Австрия астанасы Венада белгісіз адамдар атыс шығарған. Жергілікті биліктің айтуынша, қаза тапқандар мен жараланғандар бар. Австрия полициясы терроризмге қарсы ауқымды операция жүргізіп жатыр. Қазақстанның Австриядағы елшілігінің алдын ала мәліметі бойынша, қаза тапқандар мен зардап шеккендер арасында ҚР азаматтары жоқ», — делінген хабарламада.
Еске салайық, мұның алдында терроршылардың Австрия астанасына алты жерден шабуыл жасағаны хабарланған болатын. Шабуыл салдарынан екі адам — ер адам және әйел қайтыс болды. 15 адам жарақат алды, оның жетеуінің жағдайы ауыр. Оның біреуі — полиция қызметкері.