Бұл туралы бүгін ақпараттық-коммуникациялық орталығында өткен брифингте Шымкент қаласы Қаратау ауданы әкімінің міндетін атқарушысы Азамат Парманов мәлімдеді.
– Аудан аумағындағы 416 көпқабатты тұрғын үй аумағында 65 қоқыс алаңшасында 200 контейнер орнатылған. Бүгінде ол контейнерлердің тозығы жеткен. Аталған контейнерлерді талапқа сәйкестендіру бойынша аудандық және қалалық прокуратура тарапынан бірнеше ұсыныстар түсті. Осыған орай қоқыс алаңшалары орналасқан жер телімдеріне мемлекеттік актілер рәсімдеуге қаражат қаралып, «КазПроект» ЖШС-і тарапынан жер телімін заңдастыру жұмыстары жүргізілуде. Оған қоса жаңа заманауи контейнерлер алу мақсатында бюджеттен қаржы бөлініп, «Кaz-kurylys Service» ЖШС-і тарапынан 226 дана контейнер алынды, – деді Азамат Бұхарбайұлы.
Спикердің сөзінше, қазіргі таңда «Green Line» мекемесі тарапынан Қаратау ауданындағы көп қабатты үйлердің ауласындағы күл-қоқыс жәшіктерінің қоршауларын жаңарту жұмыстары атқарылуда. Нәтижесінде, жыл соңына дейін 65 қоқыс алаңшасы жаңартылады.