Түркістан облысы Мақтаарал ауданында орын алған төтенше жағдай кезінде үй жануарларынан айрылған азаматтарға мал шығыны толығымен төленді. Топан су басқанда жалпы аудандағы 22 отбасы 144 бас малынан ажырап, шығынданған болатын. Бүгінде «Түркістан» корпоративтік әлеуметтік қоры арқылы түйеге 300 мың теңгеден 1,5 млн. теңгеге дейін, жылқыға 160 мыңнан 380 мың теңгеге, сиырға 110 мыңнан 220 мың теңгеге, ұсақ малға 25 мыңнан 45 мың теңгеге, үй құсына 2000 теңгеге дейін өтемақы берілген.
Жалпы тасқын судан зардап шеккен ауылдарды қоқыстан тазарту кезінде 930-дан астам мал өлекселері шығарылған. Оның ішінде 40-ы ірі қара, 876-сы ұсақ мал, 9-ы жылқы, 6-ы түйе. Анықтау жұмыстары барысында төрт түліктің басым бөлігі Өзбекстан Республикасынан топан сумен ағып келгені белгілі болған. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы, Мақтаарал аудандық аумақтық инспекциясы және аудандық «Ветеринариялық қызметі» КММ-нің өкілдерінен арнайы комиссия құрылып, жоғалған үй жануарларын түгендеу және мал өлекселерін жою жұмыстары жүргізілді. Төтенше жағдайдан зардап шеккен елдімекендер толығымен дезинфекцияланған.